"ҚАРАБЕТ БОЛДЫМ": ҚАРЖЫ ПИРАМИДАСЫНЫҢ ҚҰРБАНЫ ШЫНДЫҚТЫ АЙТТЫ

Уақыты: 20.02.2020
Оқылды: 1412
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Соңғы уақытта әлеуметтік желілерге «Котёл» немесе «Чёрная касса» ойыны туралы ақпарат кеңінен тарап жатыр. Бұл – жаңа қаржы пирамидасы.

Ойынның негізгі мақсаты – бастапқыда 14 мың 300 теңге төлеп, өзіңізбен бірге тағы екі адамды қоса кіргізуіңіз керек. Олар да осы қаражатты төлеп, соңынан тағы екі адамды тіркейді. Шарт бойынша сегіз адам жинап болған соң, шотыңызға 114 мың 400 теңге түседі.

- Ойнаңыз. Қомақты қаржы аласыз. Бұл шындық. Ойланбай-ақ кірсеңіз болады. Міне, менің шотымдағы ақша. Мұны сіз де ала аласыз. Осы ақшаны алған соң ойынды басынан қайта бастай аласыз. Бұл бір-бірімізге көмектесу арқылы тез қаржы табу, - деп оңай жолмен күреп ақша тапқысы келетіндерден келген хаттың мәтіні. Қарап тұрсаңыз, ойынға шақырушылардың барлығы осы хат арқылы адам жинайды.

Аз уақытта қалтаға көп ақшаны басып қаламыз деп ойлаған талдықорғандық бірнеше жас ойынды ойнауға бел буған. «WhatsApp» желісінен арнайы ашылған «Котёл» немесе «Чёрная касса» тобына 100-ге немесе жуық адам тіркелген. Аталған топта тек жетісулық жастар емес, басқа өңірдің де белсенділері бар. Олар ағайын-туыс, дос-жаранды тіркеп, ойынды бастап, алды ақшалы болады. Тіпті, аз уақытта көп ақша алып, екінші мәрте ойынға қайта қатысқандар да бар.

Шамамен 3-4 күн өткен соң ойыннан өрт шығып, көп асаймын дегендер пирамидалық ойынға алданып қалғандарын түсінеді. Аты-жөнін айтудан бас тартқан талдықорғандық жігіт істеген ісіне өкінетінін айтты.

- Достарыма, туыстарыма, таныстарыма ақпарат жіберіп, ойын ойнауға шақырып едім. Бәрі сөзіме сеніп ойнады. Өзім осы ойынға сеніп, «Жылдам ақшадан» несие алып, әке-шешемді де тіркеп, бауырларымды да бұл іске араластырдым. Көп ақша алсам несиені бірден жауып тастаймын деген мақсатым болған. Қысылып жүргенде бұл ойын үлкен мүмкіндік болды деп қуанған едім. Енді, міне, ойынның жалған екенін, алған ақшаны еселеп қайтаруымыз қажеттігін біліп отырмын. Өкініш өзегімді өртеп барады. Таныстарымның алдында әбден қарабет болдым. Кешірім сұрағаныммен де, өзімді жаман сезініп тұрмын. Замандастарыма болашақта мұндай ойындарға жоламауға кеңес беремін, - деді ол.

Мұндай ойындар бастапқыда шынымен де табыс әкеліп жатқандай көрінеді. Бірақ қатарға қосылушылар саны азайған соң кіріс те тоқтайды. Тиісінше табыстың бәрі ұйымдастырушылар мен бастапқы кезеңде келгендерге ғана бұйырады. Ал соңында барлығының жалған екені анықталады.

ҚР Қылмыстық кодексінің 217-бабында "Қаржылық пирамиданы құру және оған басшылық ету" бойынша қаржылық пирамиданы құрған және ұйымдастырған адамға айыппұл салынады немесе қоғамдық жұмыстарға тартылатындығы тайға таңба басқандай етіп жазылған. Осындай қитұрқы әрекет жасағандардың бар мүлкі тәркіленіп, үш мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сегіз жүз сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тартуға, үш жылға дейiн бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айырылады.

Жалпы, әлеуметтік желі арқылы келіп жатқан ақпараттардың рас-өтірігін, анық-қанығын зерттеп, зерделеп, сараптамайтынымыз шындық. Бір сөзбен айтқанда, қаржылық сауатымыздың төмендігін мойындауымыз керек. Осындай қиындыққа тап болмас үшін адал еңбекпен табыс табуға талпынған жөн. 

Еңлік КЕНЕБАЙ

Сурет ғаламтордан алынды