"ІШІМНЕН ТЕПТІ": ҚЫСЫМ КӨРГЕН ОҚУШЫ ЕКІ ЖЫЛДАН БЕРІ САБАҚҚА БАРМАҒАН

Уақыты: 05.03.2020
Оқылды: 1312
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Алматы облысында Әлихан Әйткенов есімді оқушы екі жылдан бері мектепке бармаған. Ауыл баласы соңғы рет мектеп партасына 2018 жылдың ақпан айында, яғни, 4-сыныпта отырған. Ол қазір 6-сыныпта оқуы тиіс еді. Бұл жайында "Қазақпараттың" Алматы облысындағы тілшісі жазды.

Баланың қатарластарынан қалып, сабаққа бармауына сыныптастарының ұрып-соғуы себеп болыпты.

- Мектептен шығып, далада балалармен ойнап жүргенде, артымнан төртеуі келді де, екі қолымнан ұстап, қалған екеуі ішімнен тепті. Содан соң қарға батырды, - дейді оқушы Әлихан Әйткенов. Ол балалардың өзін қорлағанын да жеткізді.

Адам аузы бармайтын жайт Кербұлақ ауданына қарасты Жоламан ауылында болған. Анасының айтуынша, сол күнгі соққыдан баласының ішінен қан кетіп, қан құсып, аудандық ауруханаға жеткізілген.

- Балам бір ай, он күн ауруханада ем алды. Сарыөзекте, кейін Талдықорғанның ауруханасында жатты. Соңында әкімшілік, органдар, білім саласы - бәрі менің өзіме жала жауып, міне, сотқа да шақырып, аналық құқығымнан айырамыз деп, айтпағанды айтты. Үш жылдан бері түрлі қиындықты бастан өткізіп келеміз, - дейді Әлихан Әйткеновтың анасы Әйкен Унимдинова.

Ал Алматы облысы білім басқармасындағылар оқушының мектепке бармауына анасы кінәлі деп санайды. Анасының барлық жауаптылар жазалануы керек деген талабы да негізсіз дейді.

- Жоламан орта мектебінің оқушысы мектепке келмегелі үшінші оқу жылына аяқ басып отыр. Бұл мәселені прокуратура да қарады, сотқа да берілді. "Nur Otan" партиясы жанынан құрылған балалардың құқығын қорғау жұмыс тобының қарауынан да өтті. Ол кісілермен ақпараттық түсіндіру жұмысы жүргізілді. Мектеп тарапынан, мектеп әкімшілігі тарапынан балаға ешқандай қысым болып тұрған жоқ. Баланы өз ата-анасы жібермей отыр. Ондағы ата-анасының мектепке қойып отырған талабы - баласының бұрынғы сынып жетекшісін, мектеп басшылығын жұмыстан шығару, - дейді Алматы облыстық білім басқармасы тәрбие жұмысы бөлімінің басшысы Айнагүл Үшкемпірова.

Әлихан екі жылдан бері мектепке бармай, қатарластарынан қалып, үйде анасы екеуі өз бетінше сабақ оқып жүр. Баланың арманы - мектепке бару. Ал анасы жалғыз ұлының қауіпсіздігіне алаңдайды.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Кербұлақ ауданы

Алматы облысы