КОРОНАВИРУС: МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫ ЖАЛҒАН АҚПАРАТЫ ҮШІН КЕШІРІМ СҰРАДЫ

Уақыты: 18.03.2020
Оқылды: 2056
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Алматы облысының Текелі қаласындағы №5 орта мектептің директоры Эльмира Иманбердиева өзінің әрекеті үшін халықтан кешірім сұрады. Бұл туралы "Қазақпарат" тілшісі хабарлады.

Мектеп басшысы "Уатсап" желісі арқылы коронавирус жөнінде жалған аудиожазбамен бөліскен.

- Мен, Иманбердиева Эльмира Сейдахметқызы, №5 орта мектептің мұғалімдер чатына асығыс, білместікпен, жалған дыбыстық мәліметті жібергенім үшін кешірім сұраймын. Алдағы уақытта шындыққа жанаспайтын, тексерілмеген ақпаратты таратпауға уәде беремін, - деді мектеп директоры Э.Иманбердиева.

Айта кетейік, жалған ақпарат таратқан адам заң бойынша 2 жыл немесе одан да көп жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Алматы облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, күні кеше «жарылғыш зат» қойылды деген жалған ақпарат бергені үшін Талғар ауданының 1977 жылғы тұрғыны 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылған. Сондықтан, халыққа ақпарат бөліскенде абай болған жөн.

- "Жау жағадан алғанда, бөрі етектен тартады". Мына кісі кеше шағын шаһарымыз Текеліні тікеден тік тұрғызды. Шаһарда вирус шықты деп "Уацапқа" хабарлама таратып, жалған ақпаратпен бөлісті. Енді, міне, үлкен басымен кешірім сұрап әлек. Оның үстіне мектеп директоры», - деп жазды Алматы облысы әкімінің баспасөз хатшысы Ғалымұрат Жүкел өзінің әлеуметтік желідегі парақшасына.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"