Қанағатсыз

Уақыты: 06.02.2017
Оқылды: 2095
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Сонау ықылым заманнан бүгінгі күнге дейін қол жайып, қайыр сұрау нәпақа табудың бір жолы ретінде жалғасын тауып келеді. Алақан жайып кәсіп еткендер саны да күн санап арта түсуде. Тіпті есігіңді қағып, жолыңды кес-кестейтіні де кезігеді. Өтірігі қайсы, шыны қайсы, айырып болмайтын хәлге де жеттік. Солардың сапында қаракөз қандастарымыз көзге жиі шалынып жатады. Әсіресе, мешіт пен базар маңын кезіп, тұрақты орындарына айналдырып алғандары бар. Ондай жандардың тағдырына жанашырлықпен қарап, қолымыздан келсе көмек көрсетуге тырысамыз.

Күн сайын жұмыстан соң көбіне үй маңындағы дүкеннен керек-жарақты аламын. Бір күні сол дүкеннің алдында бір келіншек арлы-берлі өткен адамдардан ақша сұрап жүр.  Менің қасыма да келіп, алақанын жайды. Бастан-аяқ мән беріп қарап ем, әлі қайраты таймаған пысық әйелге ұқсайды. Жейтін нанын маңдай термен табуға да әл-дәрмені жетіп-ақ тұр. Содан кейін бе, бүйрегім бұрылмады. Алақанын бос қайтарып, дүкенге еніп кеттім. Бірақ, ойымнан сол келіншек кетпей қойды. Бұрын бұл маңнан көрінбейтін, қайдан тап болды, неге қайыр тілейді, қай жерден келді, бала-шағасы бар ма екен? – деген сұрақ мазалады. Аз болса да тиын-тебен бермегеніме іштей өкіндім де. Қазақ болмаса да біз секілді пенде ғой, шекесі қызғаннан, не болмаса жетіскеннен жүрмеген шығар деп өз-өзімді сыбап та алдым. 
Керек-жарағымды алып, сыртқа шықсам жаңағы тіленші келіншек әлі жүр. Қайырымдылық танытып, әмиянымдағы барлық тиынды бермекке бекіндім. Қолымды қалтама салғанымды бірден аңғарған әйел ашкөзденіп, қасыма жетіп келді. Қолыма ілінген тиындарды  жайған алақанға салдым. Аяқасты мен күтпеген жағдай орын алды. Жаңағы тиынның суығы қолыма емес, бетіме білінді. «О, нет, мне не нужны монетки, дай бумажные деньги!», – деп тиындарды бетіме лақтырып жіберді. 
Енді оның емес, менің екі бетім ду ете түсті. Жердегі тиындарды жинап алып, әлгіге қайта қарасам, қимылымды бақылаумен тұр екен. Шамасы орнынан көтерілген соң қағаз ақша аламын деп дәметкен болу керек. Ал менің ойымда өзге нәрсе еді. Өзімді дүкен ішінде мазалаған сауалға жауап тапқандай болдым. Қайыр тілегеннің бәрі мен ойлағандай тиын-тебенге зәру, нан тауып жеуге ақша таппай жүрген жандар емес екен. 
Бүгінде көшеден алақан жайған адамды көрсем, сол келіншектің бейнесі көз алдыма келе қалады. Өмірімде алғаш рет қанағатсыз қайыршыны көрген едім. «Мал аласы сыртында, адам аласы ішінде» деген емес пе? Адамдардың бойындағы мейірімділік пен қайырымдылықты ояту үшін қайыршыларға да қанағатты болу керек шығар деген ойға келдім.

Мәулен ӘНЕРБАЙ