"ҮМІТ ҮЗБЕЙМІЗ": ЖАНСҮГІРОВ АТЫНДАҒЫ ОРТА МЕКТЕП ҚАШАН ЖӨНДЕЛЕДІ?

Уақыты: 08.06.2020
Оқылды: 1131
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Қазақтың маңдайына біткен марқасқалары көп. Шүкір дейміз. Оларды ұрпағы ешқашан да ұмытқан емес. Ұмытпайды да.

Былтыр Құлагер ақын І.Жансүгіровтің туғанына 125 жыл толды. Ақын тойына деп жергілікті бюджеттен бөлінген қаржы оңды-солды шашылып, мардымды іс те атқарылмағаны жанымызға батты. Той-томалақ, ас та төк дастарқан, ақын-жазушыларға арналған түрлі мүшәйрадан келіп-кетер пайда жоқ. Санаулы ғана азаматтың еншісіне кеткен қаржыны басқа да жұмысқа арнаса болар еді.

Мысалы, Жаңалық ауылындағы №37 мектеп жыр Құлагерінің атымен аталады. Балалар үш ауысыммен білім алады. Ескіргені бәрімізге мәлім. Бұл мектептің құрылысы келер жылдың еншісіне қалдырылғанын баспасөз беттеріне шыққан мақаладан оқыдық. Алайда балалардың қай уақытта жаңа, жарық, жылы мектепте оқитынын ешкім дөп басып айта алмайды. Келер күннен үміт үзбейміз.

Жалпы, жазушылардың мерейтойларына қомақты қаржы бөлінеді. Сол дұрыс бағытқа игерілсе екен дейміз. Биыл әл-Фарабидің, Абай Құнанбайұлының, Шоқан Уәлихановтың мерейтойлары.

Қазіргі жағдайға байланысты барлық іс кейінге шегерілді. Бірақ халыққа дәл қазір сөз емес, іс маңызды. Ақын-жазушылардың, ғалымдардың аты берілген мектепке құрылыс жұмыстары жүргізілсе, ауылды жерде жұмыс көздері ашылып, жұмыссыздар жұмысқа орналасып, ел экономикасына үлес қосатындай игі істер атқарылса деген ұсыныс-тілегіміз бар.

Жаңалық ауылының ақсақалдары

Талғар ауданы

Алматы облысы