ҚАНАТ ӘБІЛҚАЙЫР: "ҰЙҒЫР ТІЛІН БІЛУДІ МІНДЕТТЕГЕН ҰСТАЗ ЖАУАПҚА ТАРТЫЛУЫ КЕРЕК"

Уақыты: 08.06.2020
Оқылды: 2028
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Журналист, жазушы Қанат Әбілқайыр әлеуметтік желідегі парақшасына Ұйғыр ауданында болған мәселелерді көтеріп, пост жазды. Автор постқа "Ақтамның мұғалімдері қазақтарға ұйғыр тілін білуді міндеттеп отыр ма, Баталов мырза?" деген тақырып қойған. Өз сөзінде ол Ұйғыр ауданында Қордайдағы жағдай қайталанбас үшін өңірдің идеологиясына баса назар аудару қажеттігін алға тартады. Желіде жарияланып, 500-ге жуық пікір жазылып, 600-ге жуық адам бөліскен пост мәтіні төмендегідей:

Жазбайын десең де - жазғызады. Айтпайын десең де - айтқызады. Алматы облысындағы алақандай ғана Ұйғыр ауданында ай сайын буынсыз жерге пышақ ұратын ұлтаралық түсініспеушіліктер болып жатады. Бірақ ғажабы соның бірі де республика, қала берді облыс дәргейіне жетпей жылы жабылып келеді.

Қордайдағы осындай проблемалардың соңы қандай қантөгіске әкелгенін неге ұмытып кеттік? Кез келген проблема уақытылы шешілмесе, кінәлілер дер кезінде жауапқа тартылмаса, оның соңы жақсылыққа әкелмейтінін көрмедік пе?

Маған Ұйғыр ауданының проблемаларына қатысты көптеген жаға ұстатар деректер келеді. Кезінде біразын жариялап, оң шешілуіне жәрдем де етіп едік. Кейін қол тимей, қоржындағы бар деректі өзге журналистерге беретін болдым. Қордайдағы жағдайдан кейін соларды жеріне жеткізіп өзімнің жазуым керек екенін, жазбай қалсам, мемлекетке қарсы жасалған қылмыс болатынын түсіндім.

Қазір қоржынымда біраз проблема бар. Осы еңбек демалысымды пайдаланып, соның бірнешесін Амандық БАТАЛОВ мырзаның (Алматы облысының әкімі - ред) назарына ұсынуды жөн санап отырмын. Үнімді Амандық ағамызға Ғалымұрат Жүкел (Алматы облысы әкімінің баспасөз хатшысы - ред) бауырым жеткізеріне күмәнім жоқ.

Ұйғыр ауданында Ақтам деген ауыл бар. Осыдан бірер апта бұрын сол Ақтамда қазақ пен ұйғыр жастары арасында төбелес болады. Артынша Ақтам орта мектебінің 10-сынып оқушысы Турсунова Шахсанам өз Ватсабының статусына: «Қазақ жері деп кеуде кермей-ақ қойыңдар. Жер де, шаңырақ та Алланікі, соны біліңдер, қазақ балалары. Сендерде күш жоқ, жеке шығып сөйлесуден қорқасыңдар. Ағаларыңа көрсетіп қойыңдар, если че, қыздар!» - деген жазбасы шығады.

10-сынып оқушысы ұлтаралық жанжал туғызатын сөз айтып тұр. Оның бұлай "гәпіруі" сол аудандағы идеологияның тоқырап қалғанының белгісі емес пе?

Енді ұйғырды айта отырып, өзімізді де ұмыт қалдырмайық. Шахсанам қарындасқа жауап жазған сол мектептің оқушысы Әсем: «Көптен бері санамда жүрген бір түйір сөз бар еді. Айтпасыма болмады. Біз өз тәуелсіздігімізге сан жылдар бойы армандап жеткен мемлекетпіз! Ата-бабамыздың арқасында жеткенбіз. Бірақ осыншама қанды төгістен кейін армандап жеткен жерімізге қайдағы бір тәуелсізігі жоқ елдің әңгіме айтып тіл тигізгені болмас! Бостандықтың қадірін білмей, шалқып өмір сүріп жатырсыңдар. Айналайындар, шүкіршілік етіңдер! Ар-намыс жібермейді. Қазақ ол қазақ! Ешбір халық салыстыруға келмейтін ТӘУЕЛСІЗ МЕМЛЕКЕТ!» деген сипаттағы бірнеше жазба қалдырады.

Әрине, Әсемнің сауатты жазбасына ырза боласың. Десе де, бұл бастамасы ғана екен.

Артынша осы екі оқушының мәселесі сөз болып жатқан тұста мектеп мұғалімдері арасында жанжал туады. Мектеп ұстаздарының Ватсап чатында өзінің онлайн сабағы жайында ұйғыр тілінде есеп берген биология және өзін-өзі тану мұғалімі Қахарова Турдибувиге басшылықтан (директордың орынбасары) есепті мемлекеттік тілде беру жайлы ескерту жасалады. Бірақ қазақ сыныптарына да сабақ беретін Қахарова ол ескертуге пысқырып та қарамай, қайта өзінің ісінің дұрыстығын айтып, мектептегі әр мұғалім қазақ және ұйғыр тілдерін білуге міндетті деп айды аспаннан бір-ақ шығарады (аудио-жазбасы қолымда бар).

Ұйғыр тілін қазақтар білуі керек деген заң қайдан шықты? Бұл стандартты Қахарова ханым қайдан алып отыр? Осындай жайттар ақтамдық қазақтарды намыстандыратыны анық. Оның соңы неге апаратынын мемқызметші мұғалім неге ойламайды? Ауданның идеологиясына жауапты адамдар осындай кикілжіңдерді неге жасырып қала береді?

Айтпақшы, жаңағы жанжалшы мұғалім Қахарова әлгі "Қазақ жері деп кеуде кермей-ақ қойыңдар" деп жаһанға жар салатын 10-сынып оқушысы Шахсанамның сынып жетекшісі екен. Демек, оқушының бұл ісіне қазақ сыныптарына да сабақ беретін, ұйғыр тілін мемлекеттік тіл дәрежесіне көтеріп алған ұстаздың да еңбегі болып тұр ғой.

Қош! Осындай тиіттей нәрселердің соңы ұлтаралық кикілжіңге әкелетінін бұған дейін де көрдік. Бұл мәселеге қатысты Ұйғыр ауданының әкімі мен заң орындары назар аударып, заңсыз әрекетін дұрыс санап отырған ұстазды жауапқа тартуы керек. Сонымен қатар, жастардың тәрбиесіне баса назар аударып, Ақтамдағыдай кішігірім төбелестердің әлеуметтік жанжал деңгейіне айналып кетпеуін қадағалаған дұрыс. Сонда негізсіз жанжал бастағысы келіп жүрген "туыстарға" сабақ болар еді деп ойлаймын.

Қанат ӘБІЛҚАЙЫР

Алматы облысы

"Facebook" парақшасынан