"ТОЙ ЖАСАҒАН ЖОҚПЫЗ": ПАНДЕМИЯ КЕЗІНДЕ ОТАУ ҚҰРҒАНДАР

Уақыты: 02.07.2020
Оқылды: 2240
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Той деген сөздің өзі адамға қуаныш, мереке сыйлайды. Өмірден ерте өткен Төлеген Айбергеновтің «Бір тойым болатыны сөзсіз менің» деп жырлағаны да бекер емес. Әрбір адамның жарық дүниеге келіп, жер басып жүргеннен кейін бір ұлан-асыр тойды күтіп жүретіні рас. Әрбір ата-ана баласының өмірдегі қызығы үшін қолда барын аямайды. Осы тұрғыдан еліміздегі эпидемиологиялық жағдай көп нәрсені басқа қырынан қарауға үйреткендей. Ескірген дәстүр қайта жаңғырып, ұлттық құндылықтарымызды қастерлеуге бет бұрудамыз. Оған дүркіретіп той жасамай, миллиондап ақша шашпай теңін тауып, басқосқан жұптардың оқиғасы дәлел іспеттес. Осы жайында бүгін ой қозғасақ дейміз.

ДӘСТҮРДЕН АТТАМАЙМЫЗ

Елімізде екі айға жуық төтенше жағдай жарияланып, тұрғындардың бәрі үйде отырды. Қызық-думанның бәрі сап тыйылып, мейрамханалар мен кафелер жабылды. Осы уақытқа жоспарланған той-томалақ тоқтатылды. Өмір ағысы да өз арнасынан өзгерді. Бір жағынан, қазіргі жастардың сана-сезімі, көзқарасы бөлек, олар өмірге басқаша қарайды. Ата-­анасы баласына атшаптырым той жасағысы келсе де, оны қаламайтын жастар бар.

Жарасымды жұп Аян мен Назерке бақытты болу үшін ата-анасының ақ батасын алып, некелескен. Десе де, 2019 жылдың желтоқсан айынан бастап той жасап, ағайын туыстың басын қосамыз деп жоспарлаған екен.

– Желтоқсан айының 28 күні екі жақ кездесіп, келістік. Сөйтіп 16 сәуір – ұзату, 18 сәуір үлкен той күні болып белгіленді. Сол уақыттан бастап тойға дайындалдық. Алдын ала мейрамхана, асабаның ақшасын төлеп қойдық. Тіпті, өзіме ұнаған көйлек пен фатаны барып таңдап, сатып алдық. Екі жақ та құдалық пен тойға қызу дайындалды. Мен наурыздың 15-нен бастап еңбек демалысына шықтым. Бірақ елімізде төтенше жағдай жарияланып, қалаға блок бекеттер қойылды. Карантин 1 айға ғана жарияланған соң, солай есептеп, сәуірдің 16-на дейін ашылатын шығар деген оймен жүрдік, – дейді Назерке Садықова.

Жас жұп жағдайдың ушығып, күрделене түсетінінен бейхабар болған. Бір айға жарияланған төтенше жағдай режимі сәуірдің 15-і алынып, сәуірдің 16-ы ұзату тойы болады деп ойлаған. Десе де, араға 1-2 апта салған соң ойлары өзгере бастайды. Бұл туралы жас жұбайлар: «Белгіленген күні ағайын-туыс пен жақындарымыз хабарласып: «Көңіл-күйлерің түскен жоқ па? Мұңаймаңдар», – деп жұбатып жатты. Шынына келсек, екеуіміздің де көңіл-күйіміз түскен жоқ. Өйткені, бәріне бір заң, бір ереже. Одан асып кете алмаймыз. Төтенше жағдай алынған соң ораза айы басталып кетті», – деген олар дәстүрден аттап баса алмаған. Маусымның ортасында ұл жақ келіп, қызды үйінен ата-анасының ақ батасымен өз үйіне алып келді. Талдықорғанда Аянның ата-анасы өз үйінде жас келінге беташар жасап, барлық жөн-жоралғыны орындаған.

– Той жасау – әр адамның өз қалауы. Біреудің туған-туыстары, достары көп. Бірақ көбінесе бір-бірімен жарысып, бәсекелестік үшін дүркіретіп тұрып той жасайды. Бірінен-бірі асып түсуге тырысады, – деген Аян мен Назерке үлкен тойдың болмайтынын, келесі жылға да қалдырмайтынын жеткізді. Жағдай тұрақталғанда өздері үшін естелікке фотосессия жасамақшы. Ол үшін алдын ала Талдықорған қаласынан ұнатқан қонақүйді де таңдап, жұмысы қызықтырған фотографпен де келісіп қойған. Одан бөлек, екі жас бал айларын Париж қаласында өткізуді жоспарлапты. Шегараның жабық болуына байланысты олар Алакөлде демалып қайтуға шешім қабылдаған екен. Жас жұп бал айларын еліміздің көрікті жерлерінің бірінде өткізгендеріне дән риза. 

АТА-АНА РАЗЫЛЫҒЫ

Ақсу ауданында мұғалімдер отбасында тәрбие-білім алған Әсем Ғабитқызы – бүгінде Қарағандының келіні. Құдай қосқан қосағы Дәурен екеуі қыз-жігіт болып жүргендеріне 6 ай өткен соң үйленуге шешім қабылдайды. Өткен жылдың желтоқсан айында екі жақтың ата-анасы танысып, тәтті шәйде ақылдаса отырып, той күнін де белгілеп қойған еді.

Сабақты ине сәтімен болғанда Әсем ұясынан наурыздың 21-і ұшуы тиіс болатын. Бұл туралы жаңа түскен келін:

– Ата-анамыз бен туыстарымыз ақылдаса келе, ұзату күнін 21 наурызға қойды. Арада 2 апта өткен соң үлкен той деп келісті. Алдын ала мейрамхана, асаба, оператор, фотографтармен келісіп, алдын ала ақысын да төлеп қойдық. Уақыт жақындағанда елімізде төтенше жағдай енгізіліп, той жасауға шектеу қойды. Сол себепті тойымыз өтпей қойды. Карантин уақыты бітетін шығар деп күте-күте 2-3 ай өтіп кетті. Көп кісіге той жасауға рұқсат берілмегендіктен өзара құдалық қана жасайтын болып шештік, – деген ол ақ көйлек киіп, мейрамханада дүркіретіп той жасамадық деп өкінбейтінін айтты. Тіпті, оның айтуынша ол бұрыннан ата-ананың ақ батасын алып, жақындарға ғана ұзату жасап кеткісі келген екен.

– Жарым үйдің кенжесі, мен үйдің жалғыз баласы деген оймен үлкен той жасамақшы едік. Ата-ана мен ағайынның көңіліне қарадық. Ұят болады деген түсінікте жүрдік. Біздің ғана емес, әлемдегі жағдай қалыптасқан дүниеге басқа көзқараспен қарауды үйретті. Бұрын дұрыс деген нәрсе қазір жат сынды көрінеді. Менің ойымша, ең бастысы – ата-ананың разылығы мен Құдай алдындағы ақ некенің қиылуы. Кейбір достарымыз қайтсек те дүркіретіп той жасаймыз деген оймен келесі жылға дейін шегеріп тастады. Сонда келесі жылы рұқсат бермесе отау құрып, отбасы болуға арналған мүмкіндіктің 1 жылы текке кеткендей болғаны ғой? Қыз-жігіт болып жүрген бөлек, отау құрып, табысып кеткен бір бөлек әңгіме емес пе? – дейді Дәурен Байқараев.

Рұқсат етілгендей 30-40 адам ғана басқосып, қыз үйден ұзатылды. Барлық санитарлық талап сақталды. Екі жақтан да өкініш, өкпе-реніш сезімі жоқ. «Тойда тұрған ешнәрсе жоқ. Бар-жоғы 5-6 сағатта өтіп кететін дүниеге соншама ақша құртамыз» деген жұп тойға деп жинаған қаржысына отбасылық кәсіп бастаған көрінеді.

Ең маңыздысы – қызды шығарып салуға келгендер арасында «той жасап, шығындалғысы келмейтін екі жастың да қалауын тыңдау керек екен» деген ойдың қалыптасқаны. Жаңадан отбасын құрған жұптың айтуынша, «Бірі тоңып, бірі тойып» секіредінің кейпін кигенше, шағын ғана құдалықпен де шектелуге болады екен ғой деушілер де кездесті.

АҚ НЕКЕ

Айдын мен Эльмира биыл той жасап, шаңырақ көтергелі отырғандар қатарынан. Екі жас әуел бастан дүркіретіп, 150-200 адамның басын қосып, той жасағысы келмеген көрінеді.

Өйткені, олардың айтуынша «той деген – құр шашу».

– Отау құрғалы отырған екі жас үшін ең маңыздысы – ата-ананың ақ батасы. Балам үйленгенде біз неге той жасамаймыз деген ол әр ата-ананың өзіндік ұстанымы. Өзгертуге болмайтын ереже секілді. Екі ай мерзімге енгізілген төтенше жағдай режимі көп нәрсені қайтадан ой елегінен өткізуге уақыт берді, – деген Айдын Нұршанов жарымен некелеспес бұрын ата-ана алдынан өтіп, дәстүрге сай қыздың қолын сұраған.

– Менің ата-анам Нұр-Сұлтан қаласында. Өзім оқуыма байланысты Талдықорған қаласындамын. Әне-міне әке-шешем келеді деп отырғанда барлық әуе, пойыз жолдары жабылып, қала арасында блок посттар орнатылды. Сөйтіп жүріп көктемге жоспарлаған тәтті шәйді кейінге шегеруге тура келді. Маусым айында ата-анам Талдықорға келіп, екі жақтың ата-анасын таныстырдық. Айдын екеуіміз дүркіретіп той жасағымыз келмейтінін жеткіздік, – деген Эльмира Садуеваның айтуынша, ата-аналарын үлкен той жасаймыз деген райынан әрең қайтарған көрінеді.

Ата-ананың рұқсатын алып, Алла алдында ақ некелерін де қидырған. Шілде айында қыз да үйінен ұзатылып, құтты орнына қонбақ. Айдын мен Эльмира сөзінің соңын: «Біз тойға деп жинаған ақшамызға пәтер алайық деп шештік. Жалға берсек те, өзіміз тұрсақ та баспанамыз бар деген ой ертеңгі күнге сенімділік ұялатады. Пәтер бағасы да күннен күнге өсіп жатыр. Ал, 150-200 адамның басын қоспадық деп еш өкінбейміз. Бастысы – қазақы салт-дәстүрімізді сақтап, жөн-жоралғылар ретімен орындалып, екі тарап та риза болса болғаны», – деп қорытындылады.

P.S: Жалпы, біздің ата-бабамыз аса тойшыл болмаған. Бұл туралы барлығымыз ата-әженің аузынан естігенбіз. Олар жоқ пен барды салмақтап, әр нәрсенің шегі мен шетін біліп, мөлшерінен аспаған. Қазір оның бәрі «ескілікке» баланып, ертегідей той өткізуге құштар болдық. Енді карантиннен кейін ойымыз ғана емес, тойымыз да өзгеріп жатыр. Дәстүрден аттап баса алмайтынымызды ұғындық. Онымен қоса дүркіретіп той жасамай-ақ, отау құрып, шаңырақ көтеруге болатынына көзіміз жетті. Барымызды бағалап, бағамдап, ысырапшылық пен құр босқа шашудан құтылатын кез жеткендей. Теңін тауып, шаңырақ көтерген жас жұптар бақытты болсын!

Еңлік ҚАБДЕШ

Алматы облысы

Сурет - ғаламтордан