«ЖАСТАРҒА БАСҚА ЖҰМЫС ЖОҚ»: ДАЯШЫ БОЛУ ҚИЫН БА?

Уақыты: 12.07.2020
Оқылды: 2971
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Жастар кәмелеттік жасқа толып, тәуелсіз, өзіндік бір тұлға болып қалыптасу үшін ересек өмірге қадам басады. Содан «Ата-анама масыл болмай, керісінше, қол ұшын созайын», – деген оймен өз-өзіне жауапкершілік ала бастайды. Ал одан шығатын түйін – жұмыс істеу. Ешқандай істен тәжірибесі жоқ жасөспірімге табылатын жұмыс – даяшылық.

Басқа таңдау болмаған соң ұлдар да, қыздар да даяшы болып  еңбек ете бастайды. Өзімнің де басымнан бұл жағдай өткендіктен, осы туралы ой бөліскім келеді. Өйткені, даяшы болып жұмыс істеу оңай еместігін өзге жандар білсе деймін. 
Көп адамның ойынша даяшылық  істейтін еш ауырлығы жоқ, жай ғана тағамдарды таситын жұмыс болып көрінеді. Шындығында даяшы деген аты ғана. Мейрамхананың бүкіл тазалығын қамтамасыз етуден бастап, ыдыстарды тамақ қалдығынан тазалау, жуылғанын сүртіп құрғату, орнына қою,  аспаздарға көмектесу, еден, әжетхана жууға дейінгі жұмыстардың бәріне араласады.
 Даяшы болу үшін ең алдымен кемінде үш күндік тағылымдамадан өту керек. Тағылымдама барысында сізге еңбекақы төленбейді, яғни, тегін жұмыс істеуге тура келеді. Осы үш күннің ішінде «оп-оңай» жұмыстың ащы-тұщысын көре бастайсыз. Мейрамхана ашылғанға дейін бір сағат ерте келесіз, таңғы 9-да делік. Түн жарымында қайтасыз. Кешіккеніңіз үшін – айыппұл. Ыдыс сындырып алсаңыз, тағы – айыппұл. Ештеңе сындырмасаңыз да, еңбекақыңыздан міндетті түрде ақша ұстап қалады. Жалпы, әр мейрамхананың шарты әр түрлі.  Келе салып өміріңде көрмеген жүздеген тағамның, сусынның атауы мен құрамын жаттау, ыдыс-аяқтан бастап, барлық ластанған жер таза тұруы, келер қонақтардың көңілінен шығу – барлығы дерлік сіздің міндетіңіз. Бір кезде шетелден қонақтар келіп, «Қандай шарап ішуге кеңес бересің?» деген кезде, атауларын жетік білсем де, ешқашан дәмін татпаған мен аузыма құм құйылғандай үндемей қалыппын. Иә, кеңес беріп, барлығын түсіндіріп беретін де – даяшылар.     
Келушілердің көңілін табу үшін психолог та бола білген жөн. Әр жеке тұлғамен қалай сөйлесу керектігін, не жақтыртып, не жақтырмайтынын көзқарасынан аңғара білу қажет. Айтпақшы, мен істеген орын қымбат мейрамханалардың қатарында болғандықтан келушілер өздерін өте жоғары бағалап, даяшыларға төмен көзқараста қарайтын. Әр ісімді аңдып, аяқтан шалып, сәтсіздік пен қателі-гімді күтіп отыратындар да болды. Құрметті қонақтарымызға аспаз әзірлеген тамақ, бармен дайындаған сусын, әншінің айтып жатқан әні ұнамай қалса, ұрыс еститін – даяшы. Сонда да қабақ шытпай, қонақтардың көңілінен шығу үшін әлек болып жүресің. Бір қарсы сөз айтқың келсе, «Клиенттікі қашанда дұрыс» деген басшымыздың жадымызға тоқыған сөзін екі етпеуің керек.
Алайда, мейірімді, ақкөңіл қонақтар да болады. Ондайлар өте сирек кездеседі. Ондай кезде келушілерге өз еркіңмен қуана-қуана қызмет етесің. Ал кетер кезде кейбір жомарт жандар жұмысыңды бағалап, артығымен ақша қалдырғанда, тіптен баладай жадырап, мәз болатының бар. 
Енді, бір ай өтіп, жалақыңды алатын күн келеді. Есепші мейрамхананың біршама шығындарын біздің жалақымыздан есептеп, алуға тиіс ақының жартысын ғана берсе де соған риза болып кете барасың. Осыдан кейін «Еңбектің наны тәтті» демекші, өз ақшаңды тиынына дейін санап, бағалап жүресің. Әр нәрсенің қадірін түсіне бастайсың. Алайда, даяшылықты жеке өзім тұрақты жұмыс деп айта алмаймын. Өмір бойы даяшы болып жұмыс істеуге дайын адамдар өте сирек кездеседі.  Өйткені, қиын. Жалақысы да өзің жасаған еңбегіңмен салыстырсаң аз. «Даяшы керек!» деген жарнамалардың көптігі де осы себептен. Ал жастарға басқа жұмыс жоқ. 
Қанша қиын болса да мейрамханада өткізген уақытым үшін еш өкінбеймін, пайдалы болды. Жаңа нәрсені танып білдім, адамдармен жұмыс істеудің қыр-сырын меңгердім. Аздап ас дайындауды үйрендім. Жалпы жаман емес. Дегенмен, жастарға ауыр. Ата-анасымен тұрып, мен секілді жай ғана тәжірибе жинау үшін баратын балаларды айтпай-ақ қояйық. Ал «оқимын» деп туған-туыстарынан жыраққа кеткен студенттер ше? Оларға мүлдем қиын. Жақындарынан ақша сұрамаймын деп ұйқысы қанбай, әрі оқып, әрі жұмыс істеп жүріп күнелтеді. Осындайда оқып және ақша табуына ыңғайлы жұмыс болса ғой дейсің. 
«Жастар – еліміздің болашағы» деп жатады. Ол үшін мемлекет тарапынан қолдау болса ғой дейсің. Әрине, қолдау жоқ емес. Дипломы барларға «Жастар тәжірибесі», «Дипломмен ауылға» деген бағдарламалар бар. Кәсіп меңгеремін деген жастар колледжде тегін оқуына жағдай жасалған. Дегенмен, жұмыс табу жағы қиындау. Өзім әзірге дипломсыз жас ретінде «бізге лайық жұмыс тек даяшылық қана ма?» деген сауал көкейімде көлденеңдеп тұрады.

Талшын САЙЫНҚЫЗЫ
Сурет ғаламтордан алынды