"КӘМЕЛЕТТІК ЖАСҚА ТОЛМАДЫМ": ЖЕТКІНШЕК ИНТЕРНЕТТІҢ ЗИЯНЫН АЙТТЫ

Уақыты: 16.07.2020
Оқылды: 4857
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Қазір айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған ғаламтордың дамыған заманы. Интернетті пайдаланушылар саны жыл санап артып келеді.

Ақылдылар әлеуметтік желі арқылы бизнес жасап, табыс тауып, қайырымдылық жұмыстарын өткізуде. Шалғайда тұратын туыстарымен хат алмасып қана қоймай, бейнеқоңыраумен сөйлесіп жатады. Ғаламтордың  тағы бір пайдасы – кез келген ақпаратты лезде тауып, сүйікті әндер мен суреттер жүктеп, түрлі кино көретініңде. Тіпті, ішетін тамағың мен киетін киіміңді де үйде жатып тапсырыс бере аласың. Барлығы адамзат ыңғайына арналған. Әйтсе де, әлеуметтік желінің де жақсылығы мен жамандығы бар. Бірақ бүгінгі ұрпақ жамандыққа әуес, жатып алып ғаламторды  мылтықсыз майданға айналдыруда. Желіге желімденіп бір-бірінің сыртынан өсек айтып жатқандар жетерлік. Ең сорақысы, ашық-шашық киінгендер, бір-бірін сабап жатқан бейнелер балалардың психологиясын бұзатыны анық. 

Менің ойымша жас жеткіншектердің бұрыс жолға түспеуін ата-аналар қадағалауы қажет. Баласының қандай сайттарда отыратынын жиі бақылаған жөн. Бұлай дейтінім, аласұрған заманда баласына қарамайтын ата-аналар да бар. Иә, кейбірінің күні-түні жұмыстан қолы тимейтін шығар. Бірақ бала тәрбиесі – ата-ана қолында. Мен де әлі кәмелеттік жасқа толмадым. Сондықтан анам менің немен айналысатынымды, қандай сайттарда отыратынымды жиі тексереді.

Әлеуметтік желінің жақсы жағы жетіп-артылады. Бірақ бүгінгі қоғамда оның пайдалы тұсынан зияны басым болып тұр. Әр заттың өз шегі болады. Әлеуметтік желіні де дұрыс пайдалана білу қажет. 

Мөлдір ХАСЕН
Сурет ғаламтордан алынды