"МҮЙІЗ ШЫҒАР УАҚЫТ БОЛДЫ ҒОЙ": АБАЙДЫҢ ТІЛІН НЕГЕ АЛМАЙМЫЗ?

Уақыты: 23.07.2020
Оқылды: 1525
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Абайдан артық қазағына батыра да, ақылға шақыра да сөз айтқан ақын жоқ-ау. Кем-кетігімізді түзеуге де, күзеуге де тырысқан еді Құнанбайдың баласы. Бәрі ұлт үшін, барлығы қазақ үшін деп өтіпті арда ұл. Содан ол – Ұлы. Бірақ, сөз арасында, ой арасында осы бірақ бұзады деген, сол Абайдың тілін әлі алмай келеміз. Неге?


Қазір әлем желіге жегулі. Бала күнімізде көгенге жегілген төлді көруші едік, қазір желі бойында күллі әлем байлаулы. Қараңыз, көріңіз. Бірақ сол желінің ішінде талай ит өліп жатыр. Күнде бір қырғын. Бірін-бірі қаралаған адам, бірін-бірі жазалаған қараң. Ұрыс-керіс дегенің тіптен өріс алған. Датың да, затың да ешкімге керек емес. Ер де, әйел де шайпау ауыз болғанға ұқсайды. Құдды «онлайн шайқас» боп жатқандай. Тоқтам айтқанға доқ көрсетеді. Айналып келгенде қырқысқан қазақ.

Телеарна, газет бетінде де ұрыс-керіс белең алғандай. Пәленше түгеншені сотқа бермек. Бәзбіреу басқаны балағаттады. Даттады. Соттады. Боқтады. Бір-бірінің артын ашып, құпиясын жариялау. Жұлқыну. Сілкіну. Эмоция дегенің кейде шектен шығып жатады. Мұнда да басты кейіпкер – өз қазағым. Байқайсыз ба, басыңызды шайқайсыз ба, тілге келу деген бізден қалып барады! Мұндайда ойға Абай оралады. Жарықтық айтады: «Біріңді, қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос». Ал енді Абай тілін неге алмаймыз?

«Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ», – дегенді де айтқан Абай. Ал біз сөзбен жарысып жүрміз. Қараңызшы, АҚШ-тың бір оқу орны ғарышқа жерсерік ұшырыпты. Мемлекет емес, мектебі. Илона Маск деген кісісі де жеке қаржысына ғарыш кемесін жасап, сәтті тәжірибе жүргізді. Әлгі өнертапқыш енді жұлдыздар әлеміне саяхатты жандандырмақ. Ал біздікі ұрыс-керіс. Сынау-мінеу. Бір-бірімізден мін табарлық жайт болса, Абай дәуірінен жалғасқан бұл кесапаттан әрқайсымызға бірден емес, екеуден мүйіз шығар уақыт болды ғой. 

Біз тұтынушы қоғам түзіп келеміз. Үйрену жоқ, озық елдер шығарғанды пайдамызға жаратсақ жарап жатыр. Бір қойды бір түйір «кәмпитке» айырбастаған қазақ әуелгі тірлігінен айнымағандай. Ал бұл мінезімізден өзгелер жарып жатыр, «жанып» жатыр. Сенбейсіз бе? Онда айтыңыз, қазақ қашан өнертабыс тауып, жалпақ әлемге ұсыныпты? Төрт миллион қырғыз ағайын киімін де, бұйымын да ұсынып жатыр. Базардағы киімнің дені айырқалпақты ағайынның қолынан шыққан. Әлде бізге баба жұрт сөз деген байлықты ғана мұра етіп пе? Жоқ, біздің қазақ та шығарды дерсіз. «Аққу» деген атаумен смартфон да, теледидар да шығарды. Гәпті қараңыз, бір мәрте тауарды Қытайдан әкеп, тек нышанын (эмблемасын) жапсыра сап, оны сатылымға шығару, өнертабыс емес, таза ұрлық. Сол ұрлықты да жөнді жүзеге асырмадық. Қазір «Аққу» да жоқ, жасаған әккі де жоқ. Ұшақ та жасадық, жасағанда құрастырдық, бірақ ұшпады. Абай Хәкім: «Қазаққа бірлік керек, бірлік болғанда – ақылға бірлік керек» депті. Ақылға бірлігіңіз білім, ғылым.

Әлемді аузына қаратқан Apple компаниясын білетін боларсыз. Негізін қалаушы Стив Джобс деген кісі. Компания ең алғашқы өнімін есік алдындағы сарайда жасапты. Билік те, байлар да әлемді өзгерткен үшінші алмаға қолдау білдірмек түгілі, оның жасалып жатқанын да білмепті. Сөйткен жарты алма қазір кез келгеннің қолында. Бағасы да бір жылқыға пара-пар. Қойға кәмпит емес, жылқыға құрылғы ауыстыратын заман туғандай. Ал бізде неге сондай өнертапқыштар жоқ. 

Әлем ІТ саланың соңынан барады. Қазір желіге жегілмеген құрылғыңыз болмаса, заман көшінен қалғандай сезінеміз. Желі де тұрған қаржы. Ақша салмасаң құрылғың да сөйлемейді. Салғаныңның пайдасын мұхиттың арғы бетіндегілер көріп жатыр. Абай дана айтпақшы «ақылға бірлік» болмағасын, өз желіміз жасақталмағасын өзгенің жайын күйттейміз де. Айтпақшы, өз желіміздің жасалып жатқаны жөнінде ақпарат шыққалы біраз уақыт болды. Бірақ қашан пайдаланарымыз белгісіз.

Біздің таңдау қайсы? Басынан сөз асырмай, жанжалдасып күнелту ме, тірлік қылып, тырмысу ма? Абай атам айтады: «Егерде мал керек болса, қолөнер үйренбек керек. Мал жұтайды, өнер жұтамайды». Айтқандай-ақ, өнер дегенің қазіргі ғылым. Ғылымды игерген жұтамайды. Бірлік пен тірлік қатар жүрсе, оған ғылымды қоссақ талай дүниені еңсерерміз. Хәкім айтпақшы, «Ғылымсыз ахирет те жоқ, дүние де жоқ». Абайдың тілін алайықшы, ағайын.

Дастанбек САДЫҚ
Сурет ғаламтордан алынды