"БАЙЛАНЫС НАШАР": АУЫЛ БАЛАЛАРЫ ДӨҢ БАСЫНДА САБАҚ ОҚЫП ЖҮР

Уақыты: 25.09.2020
Оқылды: 2066
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Жаңа оқу жылының алғашқы айы аяқталып келеді. Бұл ретте қашықтан оқуға көшкен білімгерлердің бәрі бірдей интернеттің қызығын көріп отыр деу ағаттық болар. Алыс аудан, ауылдарды былай қойғанда Алматыдай алып шаһармен іргелес жатқан аудандардың өзі жылдамдығы жоғары интернетке жарығандары шамалы. Әсіресе, жаңа мөлтек аудандар мен саяжайларда тұратын халықтың жәй-күйі жанға батарлық.

Мұндағы балалардың дені Whatsapp желісі арқылы білім алуда. Онда да желі дұрыс ұстаса. Өкінішке қарай, мобильді операторлар антеннасының аздығынан әрі әлсіздігінен байланыстың бірде бар, бірде жоғалып кетіп, жүйкені жұқартатындығын тұрғындар жасырмайды. Цифрлы Қазақстан құру жолында мұндай кемшіліктерді жою уақыт күтпейтін мәселе. Оған қоса, жел тұрса жалп етіп сөне қалатын жарықтың да жартымсыздығы онлайн оқуға кедергі келтірмей қоймайды.

– Төрт баламның екеуі мектеп жасында. Бастапқыдай емес, қашықтан оқуға төселіп қалдық. Бірақ саяжайда байланыс нашар. Whatsapp бірде ұстап, бірде ұстамайды. Үйдің бұрыш-бұрышынан, қала берді, көшеге шығып, антенна іздеп кететін кездер аз емес. Баламыздың қолындағы телефонға «Оқушы тарифі» дегенді қосқан едік. Мегабайт бір күнге де жетпеді. Сонымен екеуін жеке-жеке тарифке қосу қалтаны қағатын болғандықтан вайфаймен менің мегабайтыма қосылып, «Bilimland» платформасымен сабақтарын оқиды. Осы мәселеге тиісті мамандар назар аударып, интернеттің дұрыс жұмыс істеуін бір ретке келтіріп берсе жақсы болар еді, – дейді Кеңдала ауылдық округіне қарасты 6-саяжайдың тұрғыны, көпбалалы ана Нұргүл Досжанова.

Бұл күнде Кеңдала ауылдық округі аумағындағы 77 саяжайды 15 мыңға жуық адам мекен етсе, Ақтастағы мектепте 1900 оқушы оқиды. Олардың 90 пайызының саяжай тұрғындарының бала-шағасы екендігін ескерсек, бұл ауылдарға интернет орнатудың кезек күттірмес мәселе екендігі айдан анық.

Осы орайда ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған жуырдағы Жолдауында: «Әлеуметтік жағынан осал отбасылардың балалары компьютерлік техникамен және сапалы интернетпен қамтылуға тиіс. Осы жылдың соңына дейін 250-ден астам тұрғыны бар ауылдардың барлығына интернет жүргізіледі», - деген тапсырмасы орындалып, интернетсіз өңір тұрғындарының шетін мәселесі шетінен шешім табар деген үміт те жоқ емес.

Ал етектегі Нұра ауылдық округіне қарасты елді мекендердің де жағдайы мәз емес. Әсіресе, жаңа ықшамаудандарда интернет түгілі ауызсу мен жарықтың жоқтығы, жолдың жасалмауы тұрғындардың тұрмысын тұралатып келеді. Иесіз қалғандай күн кешіп, сансырап жатқан елдің әлеуметтік жағдайын «жақсы» деу көзбояушылық болар. Қысы-жазы батпақтап, шаң жұтып, ой-шұқырдан көз ашпайтын мұндағы халықтың мұң-зарын айтып тауысу мүмкін емес. Ал онлайн оқуға келсек...

– Нұра ауылына қарасты «Бәйдібек», «Төлеби», «Жаңа Нұра» және «Дулат» ықшамаудандарынан тасымалмен оқитын 203 оқушы бар. Олардың осы күні онлайн оқуы ата-аналарын зор уайымға салып отыр. Себебі, Алматыдан таяқ тастам жердегі ауылда интернет желісінің, телефонның жоқтығынан балалар ауыл маңындағы жоталар мен дөңес-дөңдерді қуалап, сабақ оқуда. Бұған ата-аналар қатты алаңдаулы. Олардың «Кезінде қырдағы жайылымнан малымызды қайырсақ, енді балаларымызды жинайтын болдық», – деп күйінуі осы ойымыздың дәлелі. Тұрғындар биліктен осы мәселенің тез арада шешім табуына қол ұшын берулерін талай мәрте сұрап, құлағдар еткен болатын. Туғанбай ауылындағы Қаратоған елді мекенінде де дәл осы жағдай орын алып отыр. Ал Өстемір ауылының шеткерідегі жаңа қоныстарында телефон мүлдем ұстамайды. Алдағы уақытта күн суытып, жаңбыр, қар жауған күндері қалай боларын елестетудің өзі қиын, – дейді Нұра ауылдық «Нұр Отан» бастауыш партиясы төрағасының орынбасары Семейхан Даривханұлы.

«Цифрландыру – сәнге айналған үрдіске ілесу емес, ұлттың бәсекеге қабілеттілігін арттырудың негізгі құралы. Ең алдымен, цифрлы теңсіздікті жойып, барлық азаматты интернетпен және сапалы байланыспен қамтамасыз ету керек. Бүгінде бұл жолдар мен электр қуаты сияқты негізгі қажеттілікке айналып отыр», – деген еді «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты халыққа арнаған Жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.

Атап айтқанындай, цифрландыруды ұлттың бәсекеге қабілеттілігін арттырудағы негізгі құрал ретінде пайдалану үшін интернеттің қолжетімділігі аса маңызды болмақ. Онлайн оқудың күрмеуі көп қиындығы да осы уақытта айқын білінуде. Әлемді дүрліктірген пандемия еліміздің сандық жүйеге көшу мен сандық технологияны игерудегі кемшілігіміз бен осы сала бойынша ақсап жатқан жұмыстардың шаш-етектен екенін ашып бергені ақиқат.

– Аудан мектептері «Цай ФуДжи» компаниясымен келісімшарт жасасып, қашықтан оқыту жұмыстарын жүргізуде. Соның негізінде 24 елді мекен интернетпен қамтылып отыр. Бұл жеткіліксіз болғандықтан «Қазақтелеком» АҚ-ына интернет жылдамдығын арттыру, интернеті жоқ ауылдар мен саяжайларды қамтамасыз ету, мобильді операторларды қосу мәселесі бойынша хат жаздық. Соның негізінде бір рет талдау жасалды. Нәтижесінде, аудандағы интернет жылдамдығы ең төмен деп табылған 37 ауылға Altel, Belline, Tele-2, Kcell операторларының модемдері орнатылды. Енді сол ауылдарды аралап, телемұнаралар қойып жатыр. Оны қойып біткеннен кейін республикалық бюджет есебінен 4,5 мың router келу керек. Интернеті дұрыс емес немесе жылдамдығы нашар ауылдағы балаларға бір-бір router беріледі. Ол дегеніңіз – модем флешка. Флешка 4 оператордікі. Әрқайсында 4 айлық тегін тариф болады. Соны компьютерге қосқан кезде интернетті еркін пайдалануға болады. Ал «Цай ФуДжи» фирмасы өкілдерімен біраз ауылдарды араладық. Олар жоғарыда аталған операторлардың қойған телемұнараларының жұмысын әрі қарай таратуға ниетті. Былтыр бұл жұмыстар антеннаның жоқтығынан жасалынбаған еді. Оның сыртында балаларға қайырымдылық көмек ретінде модемдер таратып, тегін тариф береді. Ал мектептегі интернеттен еш көмек жоқ. Бүкіл мектепте интернет бар болғанымен ол білім ошағының айналасына ғана тарайды. «Цай ФуДжи» қондырғысы 24 мектепте тұр. 8 телекөпір, 8 мұнара, 24 модем қойылды, – дейді Талғар аудандық білім бөлімінің басшысы Қарлыға Айсабекқызы. – Ауданда 20 мыңға жуық бала телеарна арқылы, қалғандары телефондағы Whatsapp желісінің көмегімен оқытылса, 4200-дей балада интернет бар. Ал 34 мыңға жуық баланың интернеті әлсіз, 10 мыңға жуық оқушыда тіптен жоқ деуге болады. Оларды «Қазақтелеком» мен 4 мобильді оператор ғана қамти алатын болады.

Қазіргі таңда телеарнада сабақтарын көріп, Whatsapp арқылы оқып жатқан балаларды заманауи техникалармен қамтуда қайырымдылық көмектер көрсетілуде. Атап айтсақ, ауданда тұрмыс жағдайы төмен отбасының балаларына 12 нетбук, 1 ноутбук, 1 компьютер берілген. Оның сыртында 30-ға жуық телефон, жақында ғана демеушілердің көмегімен 3 жаңа смартфон берілгендігі тілге тиек болды.

Жоғарыда айтылған router келсе интернет мәселесі түбегейлі шешілмек. Сонымен қатар, ата-аналарға керегі материалдық көмек болғандықтан АСП (АӘК) алатындарға киім-кешек пен кеңсе тауарларына тапсырыс берілген. Қалған мұқтаж жандарға «Мектепке жол» акциясы аясында демеушілердің көмегімен мектептерден берілуде екен.

Жаңа оқу жылы басталғалы мұқтаж балаларға 68 компьютер таратылса, 50-і жаңадан келіпті. Облысқа тапсырыс берілген 9268 компьютер тағы келеді деп күтілуде.

– Ауданда телефондандыру жұмысы кідіріссіз жүргізіліп келеді. Осы күнге 35 мың абонент тіркелді. Соңғы уақытта Талғар қаласы, Қызылту, Бесағаш ауылдарымен қатар Айғаным, Орынтай ықшамаудандары шыны талшықты жоғары жылдамдықты интернетпен қамтылды. Соның арқасында әкімдік ғимараттары мен көпқабатты үйлердің кіреберістеріне қауіпсіздік шаралары үшін бұлтты бейнебақылау қойылып жатыр. Аудандағы 150 саяжайда сымдық байланыс жоқ болғандықтан сымсыз ұялы оператор 4G Altel интернетімен қамтамасыз етілген. Келешекте бүкіл ауылды шыны талшықты жоғары жылдамдықты интернетке қосу жоспарлануда, – деген «Алматытелеком» өңірлік телекоммуникация дирекциясының Талғар желілік техникалық цехының бастығы Мәділхан Баймырзаев тұрғындарды телефонмен қамтамасыз ету көрсеткіші бойынша облыста бірінші орында екендіктерін атап айтты. Жалпы, интернетке қосу тұрғындар тапсырысына қарай жүзеге асатын көрінеді.

Тоқсан ауыз сөзді түйіндер болсақ, аудан аумағындағы интернет тапшылығын жою жұмысын ширатып, мәселенің мәнісін шешу – «Қазақтелекомның» еншісінде екендігін аңғардық. Осы себепті байланыс саласында ақсап жатқан жұмыстар аяқтан тұрғызылып, халықтың талап-тілегін қанағаттандыруда қарқынды жұмыстар жүргізу қажеттігіне баса назар аударылса құба-құп дейміз. Ал телефонмен қамтуда облыста бірінші орында тұрған «Қазақтелекомның» мамандары соған лайық халықты толық интернетпен қамтыса нұр үстіне нұр болар еді.

Ұлбосын ИСАБЕК

Талғар ауданы

Алматы облысы

Сурет - ғаламтордан