Қайдасыздар, ағалар?

Уақыты: 11.06.2016
Оқылды: 2024
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Қалта телефоным шыр етті. Қарасам бөтен нөмір. Маңызды шаруа шығар деген оймен жауап бердім. Тұтқаның ар жағынан: «Айналайын, қызым» – деген жылы дауыс естілді. Ол дауыс жаныма жаққанымен көрші ауылдағы жақын ағамның айтқаны жүрегімді сыздатып, көзіме жас үйіріп, көңіліме көлеңке түсірді.

Осыдан бірнеше жыл бұрын ауылдың жасы мен жасамысына дейін балаша қуанған едік. Өйт­кені, басқа ауылдардан бұрын біздің мекенде бірінші боп Алла­ның үйі бой көтерді. Ол кезде мектепте желкілдеген оқушы болсақ та, қазақ көйлекті үстімізге іліп, ел ағаларын құрметпен қарсы алғанымыз күні бүгінге дейін есімде. Кіндік қаны ауылда тамып кейіннен бір-бір саланың білгіріне, халық қалаулысына айналған ағаларым келіп аппақ тілектерін айтып, бата берді. Сонда көбісі: «Мешіт іші жамағатқа толы бол­сын», – деп еді. Бұл тілек те көп ұзамай қабыл болды. Қасиетті Ораза айында тарауық намазды жамағатпен оқып тіпті, сәресін де сол жерден ішетінбіз. Діни сауа­тымызды да мешітткен аштық. Алланың қалауымен, ауыл азамат­тарының қолдауымен бой көтер­ген мешіт он жылға толар-толмас уақытта көз алдымда дәл солай құлдырап кетті. Зор азанның дауысы естілмей тұрғанын ары қойғанда жарығы да жанбағанын бір емес, бірнеше рет байқасам да: «Олқылықтың орнын түзейтін ағаларым бар ғой, күн жылына мұның бәрін қолға алар», – деп ойлаған едім. Күлімдеп көктем оның соңынан жайнап жаз да келді. Айлардың сұлтаны Рамазан да басталып кетті. Бірақ баяғы жартас сол күйі әлі тұр. Мен көрген көлеңкелі тұсты байқап, шыдама­ған ағам маған: «Қызым-ау, көрші ауылдың тумасы болсам да Алла­ның үйі бәрімізге ортақ қой. Намаз уақыты болған соң ат басын сол жаққа бұрған едім. Көңілім түсіп қалды. Қаулап өскен арам шөптен мешіттің ауласы әрең көрініп тұр. Есігі де ашылса жабыл­майды, жабылса ашылмайды. Әсіресе, жаңбырда төбеден аққан су ішін оңдырмапты. Жаңадан келіп жат­қан молдекеңнің бір шетіне шығыс­қанымыз жөн болар. Осыны қолға алып, ауылдағы ағаларыңа құлағ­дар еткенің жөн болар еді. Сен де сол ауылдан шығып, елдің сөзін сөйлейтін журналист болып жүрсің ғой», – дегенде намыстан жарылып кете жаздағаным-ай. Өз ауылым­ның жанашыр бір азама­тының осы іске білек сыбана кіріспе­гені жаны­ма қатты батты.

Көпшілік үшін салынған мешіт­тің қазір қалқайып қана тұрғаны көрер көзге, естіген елден ұят қой. Осы­ның әрбір кірпіші қаланғанда басы-қасында жүрген ағаларым бүгін қайда? Ауылға бүйрегі бұра­тын пер­зенттер қайда? Әлде олар ауылдың, мешіттің мұндай жай-күйінен мүлдем бейхабар ма? Дегенмен, Талапты талай талант­тылардың бұғанасын бекітіп, қана­тын қатайтқан киелі мекен еді. Олар да бүгін ел дамуына үлес қосып жатқан жайсаңдар қатарын то­лық­­тыруда. Ауылдан түлеп ұшқан ағалардың атын атап, түрін түсте­мейін. Жүрек сөзіме құлақ асқан­дар өздері сезер, түсінер. Ойланар. Бірақ «саусақ бірікпей, ине ілікпей­тінін» еске алайықшы, ағалар?!

Менің бұл әрекетімді теріс түсінбесеңіздер деймін. Ақиқа­тында қыз бала жат жұрттық үшін жаралған. Ол бөтен әулеттің түтінін түтетсе де, оның ауылға, туған жерге деген тілеуі пәк, тілегі ақ. Әдетте ауыл жайлы теріс пікір айтылып жатса шамам келгенше қалқан болуға тырысатынмын. Бірақ осы жолы тым дәрменсізбін. Себебі, бұл жерде ауылдастар ауызбірлігі сын көтермей тұрғанын айқын байқауға болады. Жақсы­лығы болса мақтанып, марқайып, ел-жұртқа «сүйіншілейтін» едім. Әттең... Солай болғанда ғой. Негізінен бұл іс жанашыр жандар­дың ақылдасуынан аспауы тиіс еді. Нәтиже болмағандықтан қолға қалам алуға тура келді. Мен тек кеше ғана осы ауылдың қара топырағында тайдай тулап, асыр салып ойнаған бүгінде елі сыйлап, құрметтейтін азамат атанған ағаларыма ой салғым келді. Әсіресе, Қасиетті Рамазан айында «Жаршапқан» мешітінің жау шап­қандай болғанын қала­ған емеспін. Оны Сіздер де қала­майтын шы­ғар­сыздар деп ойлай­мын. Атам қазақ рахымсыз­дықтың, имансыз­дықтың белгі­лері байқала бас­тағанда: «Иманы кеткеннің жиға­ны кетеді», – деген еді. Мүмкін, біздің мешітке имам­ның да тұрақ­тамауы біздің қателі­гі­мізден шығар. Ұрпағымызды түзу жолға салар, жөн сілтер имамға жағдай жасамағандықтан да қаншама уақыт мешітте азан айтылмады, жарық жанбады. Сонда біздің бойымыздағы мұ­сыл­мандығымыз, жүректегі руха­ни байлығымыз қайда? Ол қызыл дипломмен, қымбат көлікпен, жоғары лауа­зыммен, зәулім са­рай­дай үймен өлшенбейтінін ескерейікші. Ағала­рым, кеше ғана Сіздерге еркелеп, баталары­ңызды алып, бүгін ақыл айтқандай болмайын. Мұнымды жақсылықты асырып, жаман­дықты жасырып жүретін қызда­рыңыздың назы деп қабыл­дағай­сыздар. Құрыған­да Рамазан айын­да жұдырықтай жұмылып, игі істі қолға алсақ, бәріміз мол сауапқа кенелер едік.

Тегінде сөз қадірін түсінер, сөзге тоқтар елдің ұрпағымыз ғой. Осы тұрғыда сәл де болса ойланып көрейікші. Азансыз ауы­лы­мызды аздырмайық. ҚАЙДА­СЫЗДАР, АҒАЛАР!

Еңлік САҒЫНДЫҚОВА.

Талапты ауылы.

Көксу ауданы.