ЕКІ АДАМДЫ ҚАҒЫП ӨЛТІРІП, ҚАШЫП КЕТКЕН ЖҮРГІЗУШІЛЕР ТАБЫЛДЫ

Уақыты: 21.11.2020
Оқылды: 1285
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Алматы облысының полицейлері адам қағып, оқиға орнынан қашып кеткен екі жүргізушіні құрықтады. Бұл туралы полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Талғар ауданы, Гүлдала кентіндегі жергілікті полицияның кезекші бөліміне Алматы-Қорғас автожолының 30-ншы шақырымында көлік қағып кеткенге ұқсас дене жарақаттары бар, шамамен 60 жастағы ер адамның мәйіті табылғаны туралы хабарлама түсті.

Бір күннен кейін Қарасай ауданының Қолашы ауылында да өз үйінің маңында көлік қағып кеткеннен мерт болған 46 жастағы жергілікті тұрғынның мәйіті табылды. Екі дерек бойынша да ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы, 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілді.

Қылмысқа қатысы бар деген күдікке ілінген «Ниссан-Кашкай» автокөлігінің жүргізушісі, Панфилов ауданы, Аққұдық кентінің 25 жастағы тұрғыны болып шықты.

Жедел іздестіру барысында «Нива» көлігін тізгіндеген екінші жүргізушісі де дереу ұсталды. Оның 44 жастағы саяжай тұрғыны екені анықталды. Екі жүргізуші де жасаған қылмыстарының ізін жасыру мақсатында жол-көлік апатын жасаған көліктерін жөндеп үлгерген.

Дегенмен, полицейлердің қырағылығы оларды құтқармады, бұлтартпас айғақтардан кейін қылмыстары әшкере болды. Көлік құралдары сот шешіміне дейін арнайы тұраққа тоғытылды. Тергеу судьясы сотқа дейінгі тергеу аяқталғанша күдіктілерді мекенжайын өзгертпеу туралы міндеттемемен босатты.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"