КЕШІРІМ СҰРАУДЫҢ ҚАДІРІ ҚАШТЫ: ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІДЕГІ ЖАУАПСЫЗДЫҚ

Уақыты: 29.11.2020
Оқылды: 1237
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Қазір әлеуметтік желі деген жақсы болды. Әркім өз әлінше пайдаланып, білгенін жазып, салып жатады. Әйтсе де оның пайдасы да, зияны да бар. Біз соның пайдалы жағын емес, пайдасыз жағын көбірек қолданатын секілдіміз.

Мұндағы менің айтайын дегенім, сөз бостандығы деп ауызға келгенді айта салатын ағайындарды баяндағым келеді. Қазақта «Аңдамай сөйлеген ауырмай өледі» деген жақсы тәмсіл бар. Міне, сол аңдамай сөйлейтіндер арамызда көбейіп келеді. Мысалға, бір істің ақ-қарасын ажыратып алмай, қаттырақ сөйлеп қояды да, ертесіне кешірім сұрап жататыны бар. Сонда қалай, сіз өз сөзіңізге жауап бере алмайсыз ба?! Айтылған сөздің атылған оқ екенін білесіз бе?

Ауыз өзімдікі, әлеуметтік желіде не айтсам да өз еркім дей беретін болсақ, азаматтығымыз, парасат-пайым қайда қалады?! Бір нәрсені сөйлер алдында заңды тұрғыдан неге біліп алмаймыз? Мысалға, жуырда атақты спортшыларымыздың бірі де артық сөйлеп, артынан кешірім сұрады. Егер кешірім сұрайтыны бар, ол ойын неге көпшілікке жайып салды? Сол сөзден кейін оның арты неге әкеліп соғарын білмей ме?! Жеке адамның осылай жасауы ештеңе етпес, кешірім сұрап, болмаса бармақ тістей салармыз. Ал көпшілік ұрынып жатса не істейміз?! Титтей бір шырпының жанғанын үрлеп өшірерміз, ал сол шырпымен бүтін орман өртенсе, оны қалай өшіреміз?!

Жабыла жүріп өшірерміз, бірақ өрттен кейінгі орынды көз алдыңызға елестетіңізші. Міне, ел де солай, бір адамның айта салған сөзіне еріп кетіп, арты орны толмас қиындыққа ұшырап жатса, ол қиын шаруа. Әйтеуір бізде жақсы, айқайлатып айтады, желпіндіріп жазады – біз айыптаймыз. Соңынан айтқан-жазғанынан бет бұрып, кешірім сұрайды – біз кешіре саламыз. Осы үрдіске айналып барады. Одан кейінгісі әлеуметтік желіде жарияланған пікірлерді айтсаңызшы. Қырық пышақ болып жарылып, небір былапыт сөздерді жазып жатады. Арасында от салып, арандатып жатқандар тағы бар. Бір туған бауырлар бірінің жағасынан бірі алып, қызылкеңірдек болады.

Жалпы қазақта «Басқа пәле – тілден» дейді. Әрбір сөзімізді жүйелеп, ойланып барып сөйлегеніміз абзал. Әлеуметтік желі қоғамның айнасы болып тұр. Біз оны дұрыс жағына пайдаланғанымыз дұрыс. Әрине, қазір қозғаушы күшке айналған интернет желісін рухани, тәрбие құралына айналдырғанымыз жөн болар. Мұнда жас та, жасамыс та отырады. Сондықтан айтар сөзімізді түзеп, келелі сөз арнағанымыз керек-ті. Әсіресе, ел алдында жүрген азаматтарымыз осыны ескерсе деген тілек басым. Өйткені, жалпы жұрт сіздерге қарайды.

Көк экранның арғы бетінде көз тіккеннің барлығы сізге қарап, бой түзеп, сізбен тыныстайтынын ұмытпаңыз. Ал бір елі ауыздан дуалы сөз емес, жүйесіз сөз шығып жатса, ол жарамайды. Ендеше «бір елі ауызға екі елі қақпақ» деген осы болар. «Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел» деп Абай ақын бекерге айтпаған. Сол заманда ашына жырлаған өлеңі қай уақытта да өзінің құндылығын жойған емес.

Дәл осы сөзді жадымызға мықтап шегелесек, ертең әлеужеліде жөнсіз сөйлемеген болар едік. Абай ақын не деген әулие еді. Өз заманын сынай отырып, бүгінгі біздің кезеңге де кәдеге жарайтын жыр тастап кетті. Содан бері қанша заман өтті, сөзіміз түзелді деп айта аламыз ба? Әй, қайдам, түзелсе желіден соншалықты лепірмес едік. Ең дұрысы, Абайды оқып, сөзімізді түзеп, ертең опық жеп, кешірім сұрамайтын күн кешейікші.

Ришад ТҰРҒАНБАЕВ

Алматы облысы

Сурет ғаламтордан алынды