ПОЛИЦИЯ ҚОЙ ҰРЛАП СОЙЫП, ЕТІН ҚАЛАҒА ӘКЕП САТАТЫН КҮДІКТІНІ ҰСТАДЫ

Уақыты: 01.12.2020
Оқылды: 1302
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Алматы облысында мал ұрлығын жасады деген күдікті ұсталып, айғақзаттар тәркіленді. Бұл жайында полиция департаменті мәлімдеді.

Ескелді ауданы Ақын Сара ауылының учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны Ескендіров Мейір мен Қоңыр ауылының учаскелік полиция инспекторы, полиция аға лейтенанты Мадикенов Дастан әкімшілік аумақты аралау кезінде «Алматы-Өскемен» автожолының бойында «Ауди» маркалы көлікті тоқтатып, мал ұрысын айғақзаттармен ұстады.

Тексеру барысында тәртіп сақшылары көліктен екі қой еті мен 5 қойдың басын тапқан. Ет өнімдерінің тиісті құжаттарының жоқ екенін анықтаған полицейлер мән-жайды анықтау үшін күдіктіні және көлікті аудандық полиция бөліміне жеткізген. Тексеру барысында көліктен табылған 5 қойдың шаруа қожалықтарының бірінен ұрланғаны әшкере болды.

- Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 188-1 бабына сәйкес, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. 34 жастағы күдікті қамауға алынды. Айғақзаттар тәркіленіп, іс материалдарына тіркелді. Бұлтартпас айғақтардан кейін күдікті қылмысын толығымен мойындады. Күдіктінің осыған ұқсас өзге де қылмыстарға қатысы бары тексерілуде, - деді Ескелді ауданы полиция басқармасы бастығының уақытша міндетін атқарушы, полиция майоры Нұржан Сейсенбеков.

Полиция таратқан ақпаратқа сәйкес, 34 жастағы күдікті шаруа қожалығында мал бағып жүріп, өз жұмыс берушісінен 11 қойды қолды қылған. Келесі күні 5 қойды сойып, етін сатып жіберген. Тағы да 2 қойдың етін сату мақсатында облыс орталығына келе жатқан жолда қолға түскен. Аман қалған 4 қой тәркіленіп, заңды иесіне қайтарылды.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"