САНАМЫЗ ӘЛІ ТӘУЕЛСІЗДІК АЛҒАН ЖОҚ НЕМЕСЕ ЕРКІНДІК ЖАЙЛЫ АЗ-КЕМ СӨЗ

Уақыты: 29.12.2020
Оқылды: 1197
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Тәубә, тәу етер Тәуелсіздігіміз бар. Әлімсақтан арман еткен азаттығымыз қолымызда. Дөңгеленген дүниеде дүрбімен көз жетпестей болған дербестігіміз төрімізге тұрақтады.

Әттеген-айы сол, есін жиып, етегін жапқан егемен елімізде сумаңдап жау, сұғынған қол келмесе де, ішімізден ірітіп, ішік тонымызды шірітіп жатқандар жетерлік. Отбасы, ошақ қасын ұйыта алмайтындар елге ақыл айтып «әлек». Ел ішінде жүргесін, мұндайларды күнде емес, сағат сайын кездестіріп, айран-асыр боп аңтарылып қалатынымызды несіне жасырайық?!

«Мемлекет бізге алтын-күмісті үйіп-төкпеді» деп өзімен қоса, өзгелерді де емеуірсітіп, ұлтымыздың арын таптап, ішбөрідей белімізден аттап, мемлекет абыройын айғыздағанға "мәстір". «Кеңес тұсында ас та төк заман еді, не ішеміз, не жейміз, мәселе жоқ» деген қара күйедей қара ниеттілерді естігенде жаға ұстаймыз. Мұның бәрі құлдық сана екенін бейбіт күнде түсіне алмай жүр ме деген ойға қаласың.

Әңгімені әріден ақтарайық. Бәлкім, оқығанның ойында, естігеннің санасында сақталар.

Кеңес бізді қалай отарлады? Әбілқайырдан басталған саясат екі ғасыр бойы ұлт санасын сілкіледі. Аттың жалында, түйенің қомында түнеген бабаларымыз жоңғарлармен, оңтүстіктегі Орта Азия хандықтарымен тізе бүкпей тіресті. Қазақтың 1723-1730 жылдардағы Отан соғысынан кейін саяси элитасы сыртқы жаулардан қорғануда Ресей империясының қамқорлығын қабыл алды. Отарлық саясат сол сәттен басталды.

ХІХ ғасырдың 20-шы жылдарында өлкені басқару жөніндегі арнайы заңдарын шығарып, ішкі Ресейдегідей тәртіп енгізді, қазақ елін империяның әкімшілік жүйесіне түбегейлі қосты. Жылдар жалауы желбіреген сайын халық санасында өзгеріс пайда болды. Бұрынғы жақсы қасиеттерінен алыстап, билік өкілдеріне жағыну үшін келеңсіз әрекеттерге бой алдырып, өтірік сөйлеу, жала жабу, пара беру белең алды. Мұның бәрі құлдық сананың көріністері. Осы турасында Хакім Абай:

«Болыс болдым, мінеки,

Бар малымды шығындап.

Күштілерім сөз айтса,

Бас изеймін шыбындап.

Әлсіздің сөзін салғыртсып,

Шала ұғамын қырындап, – дейді өзінің өлеңінде.

Рас, қазақ қашан да қасқыр мінез, жолбарыс жүрек ұлт болған. Осынау қасиеттерімен талай дала заңында жараланды һәм дараланды да. Өкініштісі, алдымен патшалық Ресей тік мінезді турашыл қазақты жағымпаздыққа, халқына опасыздық жасауға үйретті. Құлдық сана ана болатын қызымыздың етегін ашты. Қырма сақалдыларымызды құдай алжастырды, қымызымызды шайтанның шайы алмастырды. Нәтижесі көз алдымызда: тасжүрек ана, қоқыстағы бала, безбүйрек әке жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптады.

Бұл - айтуға ауыз бармайтын ақиқат. Ол аз десеңіз, ешкімнің ала жібін аттамаған Алаш ұрпақтарын жалған ақпар беруге, сұғанақтыққа, баукеспелікке, еңбек майданында көзбояушылыққа үйретті. Кеңес тұсында ет комбинатындағы еңбекшілер зауыттардан ет, сүт ұрлап машықтанды.«Көктегі қыранды жердегі жем ұятқа қалдырады» демекші, тауда туып, тасында түлеген баһадүрлер ұрпағы құлдық сананың кесірінен құрып бара жатқан ұлтын емес, қуыс құлқын ойлап әдеттенді.

Халықтың шырайы, ұлтымыздың ұяты болған қыздарымыз жезөкшелікке салынды, қазақ болмысында жоқ қарттар үйі қаптады. Ендігі сұрақ: осындай тексіздікке барғандардың бұл қылықтарын қалай ақтап аламыз?

Ол аздай, сонау 1944 жылы 10 сәуірде Мәскеуде тарихшылар кеңесінде қабылдаған тезисте: «Кіші халықтарды үлкен елдердің жаулап немесе қосып алуының қай-қайсысы болмасын объективті-прогресшіл факт (отарлау)», - деп ашық көрсетті. Әңгімемнің әліппесінде айтқанымдай, ас та төктің артында сайқал саясат тұрғаны осыдан-ақ белгілі. Мұндайда дана Абай:

«...Қарыны тоқтық, қайғысы жоқтық,

Аздырар адам баласын», - деп ашынған еді. Есті сөзге тоқтайтын есті құлақ қайдан? Патшалық Ресей елдің егесі һәм шегесі болатын азаматтарымызды жатып ішер мешеу қылды.

Абай айтқандай:

«Басында ми жоқ,

Өзінде ой жоқ,

Күлкішіл кердең наданның.

Көп айтса, көнді,

Жұрт айтса болды —

Әдеті надан адамның».

Осы арада ұлтымызды ғұрпынан айырды, ата дәстүрінен алыстатып, тамырынан ажыратуды көздеді. Тіпті, генерал-губарнаторларды «жарты құдайы» деп көкке көтерді.

Не керек, түмен сөзге тоқтаған текті халық отарлық жетпіс жылда астауы мол, дәмі жоқ ас ішіп, сабаны көп, дәні жоқ күй кешті. Осынау құлдық сана қамытын күні бүгінге дейін шеше алмай келеді. Масылдыққа еті өліп, құлқынның қамын күйттеп әлек. Яки, санамыз тәуелсіздік алмады.

Рас, тағдыр талайында сан сүріндік, сан құладық, сонда да ақ сәулесін шашқан арманымыздан адаспадық. Көкбөрідей көкке қарай ұмтылдық. Досымызға құшақ аштық, дұшпанымызға қанды қылыш тостық. Сөйтіп, егемендігімізді алдық. Жер асты кенге, жер үсті төлге толған осынау ұлан-ғайыр өлкенің бүгінгі иесі де біз, киесі де біз – Қазақстан дейтін Тәуелсіз мемлекет. Ендігі мәселе жалғыз: ақ найзаны қолға алып, шекарамызды қанымен сызған, қабырғасымен уығын қадап, даналығымен дауды шешкен дала данышпандарының жолын жалғау.

Хош, көп сөйлеп әдептен озбайық, түйінінде ойдан-ой қозғайық: еркіндік еркінсу емес, еркін сөйлеу. Ендеше, Шәкәрім айтқандай, «Мейірім, ынсап, ақ пейіл, адал еңбекті» серік етейік! Дала тәуелсіздігін мәңгілік мұратымен арналастыру үшін сана тәуелсіздігін алатын күн туды.

Қайнар ЖҰМАҒОЖА

Алматы облысы

Сурет - ғаламтордан