ҚАЗІРГІ ЗАМАНДА БЕЙТАНЫС АДАМҒА БАС ИЗЕП, АМАНДАСУДАН ҚОРҚАСЫҢ

Уақыты: 03.01.2021
Оқылды: 1514
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Қазақта «Тезбасында қисық ағаш жатпайды» деген тәмсіл бар. Тез – киіз үйге қажетті ағаштарды мордан шыққаннан кейін иетін құрал. Уық, керегенің бәрін сол тездің кетігіне салып қисығын түзейді. Осыған орай қоғамда қисық ағаш секілді көзге оттай басылатын, көп болып түзейтін мәселелерді, тасада қалып бара жатқан қазақы тәрбиеміз жайлы сөз қозғамақпыз. «Сәлем - сөздің анасы» дегендей, алғашқы мақаламызды амандасу жайлы жазуды жөн көрдік.

Амандасу – адамдықтың белгісі. Бірақ қазіргі қоғамда сол қария көрсе алдынан жүгіріп шығып сәлем беріп, батасын алатын жастардың қатары сиреп барады. Оған кінәлі жастардың еліктеушілігі ғана емес, тентекті тезге салатын тәлімнің жоқтығы.

Ғасырлар қойнауын зерделейтін болсақ, ата-бабамыз амандық сұрауға ерекше көңіл бөлген. Өтіп бара жатқан қарияға, танысын, танымасын, міндетті түрде амандасып, батасын алған. Өйткені, қарттарын – қазына, амандасуды – адамдықтың белгісі санаған. Ал ақсақалдарымыз «Өркендерің өссін», «Көп жаса» деп ізгі тілегін білдірген. Дана халқымыз баланың амандасқанына қарап-ақ тәрбиесіне баға берген.

Міне, сондықтан былдырлаған балдырғанға «атаға, ағаға оң қолыңды бер, ассалаумағалейкум де» деп амандасу әдебін үйреткен. Ата дәстүр арқылы өскелең ұрпақты бауырмалдық пен сыйластыққа тәрбиелеген. Содан болар, адам үйге кірген кезде босағаға, ауылға барса қариясына сәлем берген. Бағзыда амандасудың да өзіндік әдебі болған. Мәселен, атты кісілер сәлемдеспей бірін-бірі басып озбаған. Қал сұрасқан соң ғана асығыс екендігін айтқан. Ал екі кісі жолыға қалса жасы кішісі «Ассалаумағалейкүм!» деп бірінші болып сәлем берген. Жасы үлкені «Уағалайкүмассалам!» деп жауап қатқан. Содан соң мал-жан амандығын сұрасқан. Атта отырған адам жаяу кісіге, сау адам сырқат адамға бірінші  болып қол созса, қыз-келіншектер ілтипатпен, кішіпейілдікпен иіліп сәлем берген. Ең кереметі, көреген бабаларымыз бейтаныс адамның кім екенін амандасқанынан таныған.

Бұл - елімізді басқалардан өзгешелеп тұратын ерекше қасиет. Атап айтсақ, қарапайым халық ханға тізесін бүгіп, оң қолын жүрек тұсына қойып, «Алдияр тақсыр» деген. Дәрежесі тең, бірақ, жақын таныс емес адамдар бір-бірінің бір қолын алып қана амандасқан. Ал таныстар екі қолмен амандасып, екі жаққа алма кезек иық тірестіріп құшақтасқан.

Өкінішке қарай, бүгінгі қоғамда кешегі ғажайып ғибраттың қайнары, амандасудың әдебі ұмыт болып барады. Қазіргі заманда кейбір жастар көшедегі қарияларға жүгіріп барып амандасқан былай тұрсын, үйге келген қонақтың өзіне танымаса сәлем бермейтін болды. Көпке топырақ шашудан аулақпын, әрине. Хас салтымызды ұлықтап жүрген жастар жетіп артылады. Десе де, амандықты адамдық емес, құдды кішіпейілденсе кішірейіп қалатындай тіксініп жүретіндер көңілге кір келтіретіні рас.

Шыны керек, қазіргі заманда бейтаныс жанға бас изеуден қорқасың. Сәлеміңді алмақ түгілі бетіңе бажырая қарап, өтіп кеткенде қысылып қалатынымыз жасырын емес.

Ең сорақысы, дәстүрімізге немқұрайлы қарап, баланың қателігін көре тұра оны түзетпейтін ата-ананың барында.

Жуырда бір танысымның үйіне қонаққа бардық. Әлгі үйде шұбырған бала-шаға. Үлкені әжептәуір 6-7-сынып оқушысы. Бізден кейін үйге жасы егде тартқан үлкен кісі келді. Бәріміз амандастық. Бірақ қарияға балалардың біреуі тұрып амандаспады. Ақыры атамыз өзі барып балалардың басынан сипап, үйге қонақ келгенде «Ассалаумағалейкум» деп амандасу керектігін айтты. Арасынан бір бала атып тұрып, «біз сізді танымаймыз ғой» деп төтесінен қойып қалды. Мұны естіген анасы тұрып амандасыңдар деудің орнына «Сіз үйге бірінші рет келіп тұрсыз ғой» десе, әкесі «Есейе келе түсінеді, әлі кішкентай ғой» деді.

Мына сөз ақылды ана мен есті әкенің айтатыны ма?! Есейгенде түсінетіндей сәлем беру соншалықты қиын ба еді? Сонда амандасу адамдығымыздың белгісі деген кешегі даналарымыздың өсиеті қайда? Ұлттық құндылықтардан ажырап, отбасы тәрбиесін әлсіретіп алған отбасына атамыз қазақта амандасуды үйреткендігі, оның маңыздылығы жайлы өсиет айтты. Кешегі баласының сәлеміне қарап ата-анасына баға беретін қазыналы даналарымызды еске алып, тәрбиеге бейжай қарауға болмайтынын жеткізді. Онсыз да еліктеу мен солықтауға айналған қоғамда енді тәрбиеміздің шет қалып бара жатқанын көріп налып қайттық.

Бұл жалғыз мысал емес. Бойына әженің әлдиі, әкенің тағылымды тәрбиесі дарымаған, уызына жарымаған бүгінгінің жастары бұдан да зорғысын істеп жүр. Ең өкініштісі, еркектердің беттен, қыздардың еріннен сүйіп амандасуы үйреншікті жағдайға айналғаны. «Өзі ұялмаған өзгенің бетін шиедей етеді» деген осы шығар. Атпалдай азаматтар бір-бірінің бетін шөлпілдетіп сүйіп жатқаны намысты қазақтың ұрпағына жарасымды қылық емес. Ол ол ма, бүгінде «Ассалаумағалейкум» деген сөзді естуден қалдық. Шетелдік киноны көріп өскен жастар «салам», «каксың» деп бейтаныс сөздерді айтып шүйіркелесіп тұрады. Кейбірі тіпті таныса да «привет» деп алыстан қол бұлғай салады.

Шіркін, алақанын көкке көрсеткенше оң қолын жүрек тұсына қойып «Ассалаумағалейкум» десе немесе басын изесе, қазақы болмысымызға сай болар еді ғой. Бірақ оны ұғып жатқан жас бар ма?! Әй дейтін әже, қой дейтін қожа болмаған соң бүгінгілер шетелге еліктеп, халқымыздың әдебіне жат қылықтар жасауға үйір. Көрмейін десем көзім бар. Көрсең көңілің құлазиды. Өзіне-өзі жат болып бара жатқан жастардың жалбағайлығы жанымызға қатты батады.

Адамшылық амандасудан басталады. Данагөй бабалар салт-санамызды, білім мен адамгершілігімізді, иман мен ибалылығымызды бесіктен берілетін тәрбие арқылы айшықтаған. Сондықтан қазақы тәліміміз шығыстың шырмауына, ұлттық болмысымыз батыстың батпағына батпасын десек, амандасу әдебін сақтауды бүгіннен қолға алайық. Шариғатымызда да амандасуды парыз санаған.

Ислам дінінде де сәлемдесу әдептіліктің белгісі екендігі айтылып, қасиетті Құран Кәрімде: “Егер сіздерге біреу амандасса, сәлемін одан да асыра не дәл солай қайтарыңдар”, – делінген. Себебі, амандасу өзара сыпайылық пен татулыққа, мәдениеттілік пен парасаттылыққа апаратын алтын көпір.

Ұлттық тәрбиенің ұмыт қалуына кім кінәлі?! Былдырлаған балалық шақтан берілетін тәрбиеге немқұрайлы қарап, «танымаған ғой» деп баласының ерсі қылығын еркелік деп топшылаған ана ма, «есейе келе түсінеді» деп сол кезден сәбиінің әрекетіне селқос қараған әке ме? Қалай десек те, жауапкершілік ата-анаға келіп артылары сөзсіз. Олай болса, қазақы дәстүрдің іргесін сөгіп, қабырғасын қақыратпау үшін амандықты адамдық деп түсінетін жастар тәрбиелеу керек. Өйткені, сәлем түзелсе, әлем де түзеледі.

Айдар ҚАЛИЕВ

Алматы облысы

Сурет ғаламтордан алынды