ТАУ-ТАУ БОЛЫП ҮЙІЛГЕН ҚОҚЫС. ТАЛДЫҚОРҒАН. ЖАҢА ЖЫЛ. ТАҢҒЫ КӨРІНІС

Уақыты: 01.01.2021
Оқылды: 1333
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Тау-тау болып үйілген қоқыс. Оңды-солды шашылған қорап қалдықтарынан көшеде аяқ алып жүру мүмкін емес. Талдықорғанда Жаңа жылдың алғашқы таңы осындай сүреңсіз көрініспен атты.

Бұл туралы егжей-тегжейлі Талдықорған қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Нұр Қанатұлы өзінің желідегі парақшасына фотосуреттер жүктеп, арнайы жазба жариялады.

"Қайырлы таң! 2021 жылдың 1 қаңтары. Талдықорғанның заңсыз сауда жасаушыларын қорғап әлек болғандарға арналған фото", - деп жазған ол орталық көшелерді ат қораға айналдырған заңсыз сауда жасаушыларды сынайды. "Мынау шошқа жасайтын іс-әрекет қой. Олар соңынан осындай көрініс қалдырды. Оларға айыппұл салынып, өркениетті жолмен арнайы орындар да ұсынылды. Бірақ нәтижесіз. Барлық өркениетті елдерде көшеде сауда жасаушылар өздерінен кейін дәл бұлай қоқыс қалдырмайды. Бізде мұндай мәдениет жоқ сияқты. Міндетті түрде көшеде заңсыз сауда жасағандардың соңынан қаланың коммуналдық қызметі тазалық жұмысын жүргізуі қажет. Бұл өте ұят жағдай. Неге біреу қоқыс тастап, шошқа ұқсап ластауы керек те, екінші біреу оны тазалап жүруі керек?" - дейді Талдықорған қаласы әкімінің баспасөз хатшысы.

Нұр Қанатұлы желідегі жазбасында әкімдікті сынай бергенше, өзгерісті әр адам алдымен өзінен бастаса деген ұсыныс тастайды. Жаңажылдық көңіл-күйді "көтерген" жазбаға қаланың белсенді тұрғындары жұмыла пікір қалдыруда.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"