РЕЗЕҢКЕ ӨРТЕП, ҚҰБЫР ЖЫЛЫТҚАНДАРДЫҢ ІСІ: МИНИСТРЛІК НЕ ДЕЙДІ?

Уақыты: 09.01.2021
Оқылды: 843
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Талғар ауданындағы құбырды жылыту үшін көліктің резеңке дөңгелегін өртеген адамдардың ісін тексерді. Бұл туралы "Жетісу" газеті аталған министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап мәлімдеді.

Айта кетсек, бұған дейін әлеуметтік желі мен БАҚ-тарда Талғар ауданы Бесқайнар ауылдық округінде коммуналдық қызметтің қатып қалған су құбырларын жылыту үшін автокөлік дөңгелегін өртегені туралы ақпарат тараған еді. Бұл оқиға жергілікті тұрғындардың наразылығын туғызып, азаматтар әлеуметтік желіде ауылды түтін алып кеткенін хабарлаған.

«Осыған байланысты «Талғар су» мекемесінің қызметкерлері оқиға орнына бірден барып, резеңке дөңгелекті өртеуді тоқтатты, олардан өрт салдарын жою талап етілді. Сонымен қатар, Алматы облысының экология департаменті бұл оқиғаның мән-жайын анықтау үшін ресми тексеру жүргізеді. Соның қорытындысы бойынша тиісті шара қабылданады. Ол үшін видео авторы департаментке ресми арыз жазуы керек», - деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметінен.

Министрлік тексеру қорытындысы алдағы уақытта жарияланатынын жеткізді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"