"АЙТУДАН ЖАҒЫМЫЗ ТАЛДЫ": АУЫЛ ТҰРҒЫНДАРЫНЫҢ МҰҢЫНА КІМ ҚҰЛАҚ АСАДЫ?

Уақыты: 19.01.2021
Оқылды: 1478
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Бір қараған адамға көліктен көп нәрсе жоқ. Күні-түні ағылып, тіпті, кептелісте қалғанда жаяу жүріп кеткіміз келетіні бар. Алайда кең қолтық Алматыдан таяқ тастам жердегі Талғар ауданына қарасты Көктал, Еркін ауылдарының тұрғындары қоғамдық көлікке зар болып отыр десек біреу сенер, біреу сенбес. Қалаға қатынау үшін үш шақырымдық жолмен ертелі-кеш жаяулап жүрудің азабын тартқан көкталдық тұрғын Әлия Әбілсейітқызы осылай деп мұңын шақты. Бұл туралы "Жетісу" газеті мәлімдеді.

- Көктал ауылына қоныстанғалы алты жылдың жүзі болды. Өздеріңіз көріп тұрғандай шағын ауыл. Бізді жол мен автобус мәселесі толғантып келеді. Таңғы 6-да үйден шығамын. Даланы ылғи да қалың тұман басып тұрады. Кешкілік  кептеліспен үйге жеткенше тағы да қараңғыға қаламын. Құлап-сүрініп, 3 шақырым жерді жүріп, түндетеліп үйге әзер жетемін. Әр күнім үрей мен қорқынышпен өтеді. Қамыс-қурай басқан жарықсыз, елсіз иен даламен жалғыз жүрудің қаншалықты қауіпті екенін басынан өткерген адам ғана түсінеді. Қаңғырған ит те көп. Ауыл арасына қатынайтын автобус жүру керектігін айтудан жағымыз талды, – деген Көктал ауылының тұрғыны Әлия Әбілсейітқызы алты жылдан бері жолдың «жырын» жырлаудан жалықпағанын айтады.

Мәселе мұнымен бітпейді. Алматының түбінде тұрса да, мұндағы елді мекендерде шешілмеген мәселе шаш етектен болып шықты.

- Алты жылдан бері мұн-зарымызды айтып, ауылдық әкімдіктің есігін тоздырып келемін. Айқайласып, Талдықорғанға хат жазып жүріп, орталық көшеге асфальт төселді. Ал ауылішілік көшелерге тұрғындар 10 мың теңгеден жинап, өз күштерімізбен тас төседік. Әйтпесе, жауын-шашынды күндері батпақтап қалатынбыз. Шағын ауылдың асфальт төселген көшесіне тұрғындар жылдамдықты төмендетуде 11 кедергі жасап тастаған. Өзі тар көше болғандықтан автобустар жүруге қолайсыз, сол себепті, тұрғындар ауыл сыртын айналып өтуді сұраған болатын. Жаңа жолдың қашан бітері белгісіз. Фейсбукке де «Нұр Отанның» нұры түспей қалған ауыл» деп те жаздым. Қазір карантин болып, балалар үйде оқуда. Балаларды мектепке тасымалдауға жаңадан 2 автобус бөлініп еді, оған әлі отырмады. Одан бұрынғы жылдары Еркін ауылындағы мектепке балаларымыз ескі-құсқы автобустың аузы-мұрнынан шығып тасымалданатын. 250 орынды мектепте Ай-Абылай, Айғаным, Көктал, Еркін ауылдарынан 1000-нан аса бала білім алады. Өзімнің 2 балам бар мектеп жасындағы. 7 мен 4-сыныпта. Менің балаларым түк көрмей, үйден шықпай оқып жатыр. Қосымша курстарға жіберуге автобус жоқ. Ал мектепте қосымша сабақ түгілі, оқушылар күнделікті сабағын әрең сыйып, оқиды. №26 мектептің жағдайы осы. Жарық жекенің қолында, әр ай сайын бір лампочка, бір тоңазытқышқа ғана 4 мың теңге төлеймін. Килловатына 28-30 теңгеден, өте қымбатқа түседі, – дейді екі баланы асырап отырған жалғызбасты ана Әлия Әбілсейітқызы.

Шымбайға батқан шындықтың шырылын көкталдық Қадырхан Байбөлеков те былай деп сабақтай түсті:

- Біздің айналамыздағы ауылдардың бәрінде газ бар. Осы ауыл ғана тығырықта қалған сияқты. Автобус та жоқ. Табиғи газ да жоқ. Қаладан бері 9-ақ шақырымдық жерде тұрып, осындай қиындықтарды көріп жатырмыз деуге ұяламыз. Су мен жарық мәселесі қымбат та болса шешілген. Өзіміз ақша жинап, автобус шығармақ болғанбыз. Оған жарты тұрғын келісіп, жартысы келіспеудің кесірінен шықпай қалды. Орталық трассаға дейінгі аралық үш шақырымға жуық. Мектеп жасындағы 3 балам оқып жатыр. Оларды қоғамдық көліктің қолбайлау болуынан ешқайда жібере алмаймыз. Қосымша курстарға да бара алмайды, – деп мұң шақты.

Жаяу жүрудің азабын тартып келе жатқан Еркін ауылындағы көп тұрғынның бірі, зейнеткер Сметова Мінәйхан апа да ағынан жарылып, ақтарылды.

- Жасым 60-тан асты, үш немеремді ГРЭС-тегі (Өтеген батыр кенті - ред) балабақшаға тасимын. Көлік жоқта осы күрежолға жаяулап-жалпылап шұбап шығамыз. Ағылып жатқан автобустар Еркін ауылына кірсе, халықтың қуанышында шек болмас еді. Қыс көзі қырауда, жауын-шашынды күндері қиындықты әбден көріп келеміз, – дейді.

Көктал, Еркін ауылының тұрғындары тілге тиек еткен мәселелердің мәнісін Қайнар ауылдық округінің әкімі Нұрболат Манапбаевтан білуді жөн көрдім.

- Көктал ауылында бұл проблемалар былтырдан бері көтеріліп келеді. Қаладан 50 шақырымдық елді мекен тұрғындарын тасымалдауды Алматының автопарктері қамтамасыз етеді. Осыған орай, олар ауыл шетіндегі құлағалы тұрған көпір мен жолды жөндеуді тапсырды. Биыл бұл шаруалар жасалады. Алматыға автобустың Көкталға қатынауына өтінім берілді. Екіншіден, бұдан бұрын ауыл тұрғындарын тасымалдауға жеке фирмалар келді, олардың ақшасымен келіспеді. Үшіншіден, жаңа жылдың алдында ғана сол ауылдағы автобусы бар бір кәсіпкер азаматпен Көктал мен ГРЭС-тің арасына қатынауға келіскен едік. Төрт күн тұрды, адам шықпады. Сонымен, ол да қойды, – дейді ауыл әкімі Нұрболат Манапбаев.

Жалпы, Қайнар ауылдық округіне қарасты 11 елді мекендегі халық саны 30 мыңға таяған көрінеді. Жаңа қоныстанушылар қатары артқан. Соған қарай, проблемалар да күрделене түсуде.

Өткен жылы «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша 13 млн.214 мың теңге бөлініп, Еркін ауылындағы үш көшеге Гагарин, Жастар және Көктал ауылындағы орталық көшеге асфальт төселген екен. Үнемделген қаражатқа Жаңалық ауылындағы Нұрай мөлтекауданының екі көшесіне тас-құм төселген.

Ал Қайнар ауылының тұрғындарын алаңдатқан үш ауысымдық мектептер жайын шешу басты назарға алынған. Жалғамыс ауылына мектеп салуға 2,0 гектар жер телімі бөлініп, 600 орындық мектептің жобалау сметалық құжаттарын жасалып, бүгінде қайта түзету жұмыстары жүргізілуде екен. Сонымен қатар, Жаңалық ауылынан да 2,2 гектар жер телімі бөлініп, 600 орындық мектептің жобалық сметалық құжаттары жасалған. Сондай-ақ, Көктал ауылы мен «Айғаным» ықшамауданының тұрғындарын толғантқан мектеп мәселесі де шешімін таппақ. Ол үшін  2,2 гектар жер телімі бөлініп, 600 орындық мектеп салуға «Стройтекс» ЖШС жобалау мекемесімен 58 млн. 800 мың теңгеге келісім шарт жасалынғандығын жария етті.

Осы аталған округ бойынша жыл сайын көтерілетін өзекті  мәселенің бірі – Қайнар ауылындағы су мұнарасының ашық-шашық жатуы алаңдататын. Жаңа су мұнарасын жасауға 40 сотық жер қарастырылып жатқандығын, жалпы, бұл су ұңғымасы мен құбырларының жобасын жасауда келісім шарт жасалып, бүгінде жұмыстарын бастап кеткендігін атап айтты. Сондай-ақ, Еркін ауылында 2 су мұнарасы орнатылып, ескі су құбырларын жаңарту жұмыстары 100 пайызға жаңартылған. Бұған қоса, Еламан ауылы да түгелдей ауызсуға қосылуға дайын. Жалғамысқа да табиғи газ тартылуда.

2018-2020 жылдары Көктал мен «Айғаным», «Ай-Абылай» ықшамаудандарына инвестор тартылып, «Араз-инвест» ЖШС тұрғындарды газбен қатамасыз ету үшін, газ құбырын тарту жұмыстарын жүргізген. Нәтижесінде тұрғындардың 60 пайызы газбен қамтылған. Биыл 100 пайызға аяқтау жұмыстары жалғасуда.

Осы аптада ауыл тұрғындарымен онлайн режимде есеп беруді бастап кеткен Қайнар ауылдық округ әкімі Нұрболат Манапбаев алғашқы болып Тереңқара ауылының тұрғындарымен жүздескен. Онда екі тұрғын тікелей эфирге шығып, ауыл тұрғындары үшін зират пен дәрігерлік амбулатория салуға жер бөлу қажеттігін сұраған.

Ұлбосын ИСАБЕК

Еркін ауылы,

Талғар ауданы

Алматы облысы