Тарих қойнауына көз салсақ, Талғар медициналық колледжі 1937 жылы Алматы облыстық денсаулық сақтау бөлімінің медбикелер даярлайтын мектебі ретінде алғашқы оқу орындарының бірі болып құрылған. Бастапқы жылдары бұл мектепке медбикелер фельдшерлік мамандықтар бойынша талапкерлерді қабылдап, оқытқан. Кейін акушерлік бөлім қосылады. 20 жылдан кейін медбикелер мектебі медицина училищесі боп қайта құрылып, денсаулық сақтау саласына орта буын мамандар даярлау ісімен түбегейлі айналысады. 1994 жылдан бері Талғар медициналық колледжі деп аталады. Міне, ертеден құрылған оқу орны 80 жылдық мерейтойын атап өтті.
Оған негіз де жоқ емес. Осы мерзім аралығында аталған білім шаңырағынан 25 мыңнан артық орта буын мамандары даярланған. Олардың дені еліміздің денсаулық сақтау саласын жандандыруға атсалысып, халыққа қалтқысыз қызмет көрсетіп келеді. Қара шаңырақтан білім алған түлектердің біразы бұл күнде ТМД елдерінде, сонымен қатар, Германия, Түркия, Америка, Греция сынды мемлекеттерде мамандықтарын шыңдауда. Сынаптай сырғыған уақыттың көшінен шет қалмай, жаңашылдыққа ұмтылу, оқытудың озық технологиясын игеруге көненің көзіндей болған оқу орнының оқытушылары шығармашылық ізденіспен еңбек сіңіруде. Айталық, 2001 жылдан бастап колледжде орта медициналық және фармацевтикалық орталық іске қосылып, мамандар біліктілігін арттыруға айрықша үлес қосуда. Адам – қоғамның басты факторы. Ал оның денінің саулығы – қоғамның саулығы саналатынын жадыға түйіп, жауапты істе білімділік пен біліктілік танытатын орта буын мамандарын даярлауда Талғар медициналық колледжінің директоры, медицина ғылымдарының кандидаты, Денсаулық сақтау ісінің үздігі Бағжан Құдабаевтың қыруар іс тындырып отырғандығын атап айту орынды. Білікті басшының іскерлігі мен медицина саласына қосып жүрген ерен еңбегінің арқасында аталған оқу орны тың серпінге ие болып отыр. 2011 жылдан бастап материалдық-техникалық базасы нығайтылып, оқу кабинеттері оқытудың жаңа үлгідегі құрал-жабдықтарымен толықтырылды. Колледжде жастардың алаңсыз білім алуына бар жағдай жасалған. Кітапхана, спортзал, асхана, медпункт, мультимедиялық кабинеттер, муляждармен қамтамасыз етілген 2 стимуляциялық зал, 6 интерактивті тақтамен, ғаламтормен қамтылған аудиториялардың іске қосылуы студент-жастардың өз мамандығына деген сүйіспеншіліктерін арттырды. Мәдени іс-шаралар өткізілетін акт залы толықтай жаңартылып, оған қоса, ұстаздар мен студенттердің ғылыми-практикалық және педагогикалық онлайн конференцияларын өткізетін заманауи мәжіліс залы да іске қосылғандығын қуана жеткізбекпіз. Аталған оқу орнында студенттерге арналған 260 орынды жатақханасы да бар. Биыл облыстық бюджеттен жатахқана ғимаратының күрделі жөндеу жұмысына 186 480 мың теңге қаражат бөлініп, игерілді. Нәтижесінде жаңартылған жатақхана студенттерге зор қуаныш сыйлады.
Міне, заман талабына ла- йық бәсекеге қабілетті мамандар даярлап шығуды басты мақсат еткен Талғар медициналық колледжінде 87 педагог еңбек етсе, олардың 4-уі медицина ғылымдарының кандидаты, 7-уі магистр, ал тең жарымы жоғары және бірінші санатты мамандар саналады. Білікті маманнан дәріс алған студенттер де ғылымға ден қойып, түрлі деңгейдегі ғылыми-тәжірибелік байқауларда бақ сынап, жүлделі орындардан көрінуде. – Бүгінгі таңда халықтың денсаулығын жақсарту – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Отандық денсаулық сақтау саласын дамыту мен тұрғындарға уақытылы әрі сапалы медициналық қызмет көрсетуге бар жағдай жасалуда. Бұл орайда, медицина маманының кәсіби біліктілігі, білім деңгейі мен іс-тәжірибесі маңызды рөл атқаратыны хақ. Сол себепті де білім мен тәжірибені ұштастыруға айрықша ден қойылған. Колледж қабырғасындағы кәсіби пәндер, зертханалар, клиникаға дейінгі дайындық бойынша арнайы оқу кабинеттері студенттердің тәжірибелік дағдыларын дамытуға мүмкіндік беретін муляждар, жоғары функционалды стимуляциялық құралдармен жабдықталды. Арнайы пәндер бойынша сабақ аудандық орталық аурухананың емдік базасында жүргізіледі. Осы мақсатта оқу орны 17 ауруханамен өзара келісім-шарт жасасып, студенттердің тәжірибе жинақтап, шеберлігін шыңдай түсу мүмкіндігіне ие. Сонымен қатар, оқытушылардың алыс-жақын шетел баспасына өздерінің ғылыми мақалаларын жариялауға мүмкіндіктері бар. Тұрмыстық жағдайы төмен және көпбалалы отбасынан шыққан балаларға білім алуға қолжетімділік жасау мақсатында оқу ақысын төлеуге жеңілдік жүйесі енгізілді. Мысалға, жетім балаларға 100 пайыздық, ал тұрмыстық жағдайы төмен балаларға 50 пайыздық жеңілдік қарастырылған. Колледж студенттері түрлі байқауларға қызыға қатысады. Байқағандарыңыздай, білім шаңырағы уақыт ағымына сай ілгерілеп, жаңғырып, жаңарып келеді, – дейді колледж директоры Бағжан Әкімбайұлы.
Иә, «медицина кәсібі – адамгершіліктің асылы» демекші, терең білім мен тәлімді тәрбиені ұштастыра отырып, 80-нің сеңгіріне шыққан білім шаңырағының орта буын мамандар даярлау арқылы еліміздің денсаулық сақтау саласына қосып отырған үлесі орасан зор екендігін салтанатты шараға арнайы келген меймандар да зор ықыласпен жеткізді. Республикалық деңгейде ұйымдастырылған шараға алыс-жақын шетелдерден медицина саласының қызметкерлері арнайы келді. Салтанаттың алғашқы бөлігінде кешегі және бүгінгі уақыт медицинасына арналған халықаралық ғылыми конференция өткізілді. Онда Жапониядан келген ғалым-дәрігер, «J.TAK Corporation» президенті Цутому Хираката, «Казан» медициналық колледжінің бөлім меңгерушісі Эльвира Чумакова, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің департамент басшысы Ұлмира Нұрәлиева, Ресейдің Свердловск облысындағы колледжден келген Людмила Бушуева, облыстық денсаулық сақтау басқармасының маманы Е. Сүлейменовалар медицина саласына сүбелі еңбек сіңіріп жүрген медбикелерді оқыту мен даярлаудың басты бағыттары мен мақсат-міндеттері жайында өзара ой бөлісті.
Түс ауа Тұздыбастау ауылдық Мәдениет үйінде 80 жылдық салтанаттың екінші жартысы жалғасын тапты. Шараға колледждің ұжымы, студенттер мен ардагер ұстаздар қатысты. Онда аудан әкімінің орынбасары Дәрменияр Алғатбекұлы, «Нұр Отан» партиясы Талғар аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мейрамгүл Ермағамбетова мен аудандық мәслихаттың хатшысы Жұмахан Еңкебайұлы, сондай-ақ, колледж директоры, Денсаулық сақтау ісінің үздігі Бағжан Құдабаев жиылған қауымды мерейлі мерекемен құттықтады. Мерейтойлық марапаттау рәсімінің соңы әуелеген ән-жырға ұласты.
Ұлбосын ИСАБЕК