БІР АЙДЫҢ ІШІНДЕ ОБЛЫСТА 100-ГЕ ЖУЫҚ БАЛА БӨГДЕ ЗАТ ЖҰТЫП ҚОЙҒАН

Уақыты: 07.03.2021
Оқылды: 958
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Биыл қаңтар айында Алматы облыстық балалар клиникалық ауруханасының дәрігерлері бөгде заттарды жұтып қойған 94 баланы құтқарып қалған. Бұл туралы "Жетісу" газеті Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасына сілтеме жасап хабарлады.

Мамандар балалардың тыныс алу жолдары, өңеште, мұрында, асқазанда, құлақта және ішекте тұрып қалған бөгде заттарды алған. Жас шамасы 6 айдан 5 жасқа дейінгі балалардың ағзасынан монеталар, сағат батареялары (химиялық күйік береді), шегелер, түйреуіштер, киімнің салпыншақтары, пісте қабығы, жаңғақ, қалам қалпағы табылса, құлақ пен мұрыннан ұсақ моншақтар, қағаз, поролон, неше түрлі тастар алынған.

Дәрігерлердің айтуынша, ата-аналар бөгде зат балалардың ағзасына түскеннен кейін 2-10 күн аралығында ғана дәрігер көмегіне жүгінген. Ағзадағы кейбір бөгде заттар рентген зерттеуі немесе УДЗ жасаған кезде табылған.

Аталған клиникаға 2020 жылдың екінші жартыжылдығында әртүрлі сатыдағы бөгде заттар ағзасына түскен 21 бала жеткізілген. Сонымен қатар, балалар арасында химиялық сұйықтықты ішіп (тұрмыстық тазалау құралдарын), ауыз жұтқыншағы мен өңеші күйік алғандар да бар.

2020 жылдың екінші жартыжылдығында «өңеш түйнегі» диагнозымен 22 бала ем қабылдаған. Дәрігерлердің айтуынша, ішкі ағзасын химиялық күйік шалған балалар мүгедек болып, мүмкіндігі шектеулі балалар қатарына қосылған.

Дәрігерлер бұл жағдай ата-аналардың балаларға салғырт қарауының себебінен орын алып отырғанын айтады. Бірақ ата-аналар өздерін кінәлі санамайды. Оның орнына дәрігерлерге дөрекілік таныту жиі кездесетіні айтылуда. Сондықтан, мамандар ата-аналарды бала өміріне жауапкершілікпен қарауға шақырады.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет - ғаламтордан