"ӨЗІҢНЕН БҰРЫН ӨЗГЕНІ ОЙЛА": КОВИДКЕ ҚАРСЫ ЕКПЕ САЛДЫРҒАН ЖУРНАЛИСТ

Уақыты: 09.04.2021
Оқылды: 760
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Індеттің алдын алу мақсатында елімізде ғана емес, әлемде вакциналау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оған әркім өзі ерікті түрде барады. Өз денсаулығын ғана емес, қарым-қатынас жасап, араласатын жақындарын да ойлап, өз еркімен екпе салдырғандардың бірі – Алматы облыстық «Огни Алатау» газетінің журналисі Жанар Мықтыбаева.

– Шыны керек, «вакцина шықты» дегенде қатты қуандым. Мен екі-үш жылсыз дайын болмайтын шығар деп қорқып едім. Өзіме «егер вакцина шығатын болса, міндетті түрде салдырамын» деп серт бердім. «Спутник V» вакцинасын салу бірінші ақпанда басталса, мен екінші ақпанда дәрігерлермен бірге салдырдым, – дейді кейіпкеріміз.

Сөз арасында көптеген іс-шараларға журналист есебінде барып, ақпарат алып, қоғамдық ортада жиі жүретіндіктен өзі үшін және өзгенің де денсаулығын сақтау мақсатында салдырғанын айтты. Әрине, салдырмай тұрып жаһан тарихында осыған дейін орын алған көптеген індеттер туралы және оларды адам арасынан аластатқан, тоқтау болған дәрі-дәрмек, вакцина жөнінде толық оқып, көңілге тоқыған. Вакцина салдырғаннан кейінгі жағдайды сұрағанымызда:

– Бастапқы екі күнінде түшкіріп, мазам қашты. Оның үстіне сол тұста жер бусанып, аллергия күшейіп жатты. Ал одан кейін екінші дозасында жарты күн бір жақ қабағым тартты. Одан басқа симптомдар болмады, – деді.

Сөз соңында Жанар ханым қазіргі індет өршіп тұрған қысылтаяң шақта екпе салу дұрыс не бұрыс деп талқылаудың орнына сақтану, жақындарыңа зияныңды тигізбеу маңыздырақ екенін жеткізді.

Серік ҚАНТАЙ

Алматы облысы