ТАЛДЫҚОРҒАН ҚАЛАСЫ ТАҒЫ БІР МЕДИЦИНАЛЫҚ МЕКЕМЕМЕН ТОЛЫҚТЫ

Уақыты: 07.04.2021
Оқылды: 1361
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Талдықорған қаласына қарасты Еркін ауылында дәрігерлік амбулатория ашылды. Шараның ашылу салтанатына Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВ қатысты. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Облыс әкімі Амандық Баталовтың өткен жылғы халық алдындағы есебінде еркіндіктер жаңа емхана салынса деген өтініш айтқан еді. Жарты жылда ауыл халқының арман-мақсаты орындалып, аумағы 1100 шаршы метрлік ғимарат пайдалануға берілді.

Денсаулық сақтау мекемесі бір тәулікте 200 адамды қабылдауға арналған. Мұнда УДЗ (ультрадыбыстық зерттеу), физио ем алатын аппарат, әйелдерді скрининг бойынша тексеруге арналған қондырғы және ана мен бала кабинеттері бар. Барлығы заманауи аппараттармен жабдықталған. Сондай-ақ, 2 екпе кабинеті бар.

Еркін ауылдық емханасында осы уақытқа дейін 400 адам коронавирусқа қарсы екпе алған. Бүгінде 50 шақты адам індетке қарсы екпе салдыруға кезекте тұр. Электронды үкіметте «Вакцинация» деп аталатын ақпараттық жүйе бар. Емхана аталмыш жүйеге қосылған. Онда екпе алғандар жайлы мағлұмат жазылады. Кез келген жерде коронавирусқа қарсы екпе алғаныңызды интернеттегі жазба арқылы дәлелдей аласыз. Емханада стоматология, массаж, фильтр кабинеттері бар.

Фильтр кабинеті қызыл және сары аумақ деп екіге бөлінген. Дәл бүгінгідей індет қауіп төндіріп тұрған уақытта жер-жерлерден осындай заманауи негіздегі емханалардың ашылғаны құптарлық жайт.

Салтанатты жиында облыс әкімі Амандық Баталов Еркін ауылының тұрғындарын дәрігерлік амбулаторияның пайдалануға берілуімен құттықтап, емхана көпшіліктің амандығына қызмет етсін деген тілегін білдірді.

Аймақ басшысы Амандық Ғаббасұлы емхананы мұқият қарап, денсаулық сақтау мекемесінің халыққа қызмет көрсету мүмкіншілігімен танысты. Ол кетерінде емханаға жаңа «Жедел жәрдем» көлігін беретінін айтып, көпшілікті қуантты. Бүгінгі күннің талабына сай салынып, жабдықталған еңселі медициналық мекеме елдің игілігіне қызмет етеріне күмән жоқ.

Гүлжан ТҰРСЫН

Алматы облысы