АМАНДЫҚ БАТАЛОВ ІНДЕТТІҢ ӨРШУІНЕ БАЙЛАНЫСТЫ ШҰҒЫЛ ЖИЫН ӨТКІЗДІ

Уақыты: 12.04.2021
Оқылды: 1521
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Алматы облысы әкімі Амандық Баталовтың төрағалығымен коронавирус инфекциясының таралуына байланысты өңірдегі эпидемиологиялық жағдай жөнінде шұғыл жиын өтті. Жиынға ZOOM платформасы көмегімен облыстың барлық аудан, қалаларының әкімдері қатысты. Бұл туралы "Жетісу" газеті Алматы облысының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.

Амандық Ғаббасұлы өңірде коронавирустың таралуына жол бермеу жұмыстарын сынға алды.

– Облыс коронавирус инфекциясының таралуы бойынша "қызыл аумақта". Көптеген аудан мен қалада өсім байқалады. Әсіресе, жағдайдың ушығуы Жамбыл, Іле, Еңбекшіқазақ, Талғар, Панфилов, Балқаш аудандары мен Талдықорған және Текелі қалаларында орын алып отыр. Болған деректің алдын алып, ескерту шараларын күшейту керек, – деген аймақ басшысы жауапты тұлғалардың жұмысы тиісті деңгейде ұйымдастырылмаған, қалыптасқан жағдайға сай емес деп бағалады.

Бұл ретте Амандық Баталов осы бағыттағы жұмысты жандандыру керектігін тапсырды: «Бірінші кезекте біз аурудың таралуын бақылауда ұстауға жағдай жасауымыз керек. Балалар мен қарттардың ауруына жол бермеуге тиіспіз. Екіншіден, жергілікті жерлерде сапалы медициналық қызметпен қамтамасыз етуіміз қажет. Ол үшін бізде барлық мүмкіндік жасалған, қаржы жеткілікті көлемде бөлінген. Халық арасында карантиндік шаралар мен мониторингтік топтың жұмысы туралы түсіндіру шараларын одан әрі күшейту де аса маңызды. Жаппай вакцина салу – аурумен күрестің негізгі бағыттарының бірі. Оның пайдасы туралы халыққа түсіндіру керек», – деді облыс әкімі. Сонымен қатар, ол мониторинг топтарының жұмысы мейрамханалар мен кафелерді жабуға байланып қалмауы керектігін қатаң ескертті: "Шағын және орта бизнес нысандары жұмыс істесін, бірақ санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтауы керек. Оларды жабуға тек ең соңғы шара ретінде ғана жүгінуіміз керек. Қоғамдық тамақтану орындары карантин шараларын бұзып, бұқаралық іс-шаралар өткізбес үшін түсіндіру жұмыстарын күшейтіңдер, Вирустың қандайлық қауіпті екенін, денсаулыққа қандай зиян тигізетінін, адам өміріне қаншалықты қатер төндіретінін халыққа түсіндіріңдер. Коронавируспен күресте алдын алу маңызды. Жаппай жұқтыруға жол бермеу керек. Ал күнделікті қанша адамның ауырғаны туралы есеп беріп отыру  инфекциямен күрес емес", – деді А.Баталов.

Атап өтсек, облыста айдың басынан бері ПТР-тестілеуден 27 500 адам өтті. 5 ауданда, негізінен Алматы агломерациясы аймағындағы аудандарда санитарлық дәрігерлердің туристік бағыттарды, қоғамдық тамақтану орындарын, халық көп жиналатын орындарды жабу туралы қаулылары шықты. Жеткілікті көлемде төсек-орын қоры дайындалды. 225 егу пункті жасалды. Демалыс күндері сағат 10-нан кешкі сағат 20-ға дейін және жұмыс күндері сағат 8-ден түнгі сағат 22-ге дейін егу пункттері жұмыс істейді. Өңірге қосымша тағы 21 мың 670 доза вакцина жеткізіліп, барлық аймаққа таратылады. Бүгінгі күні облыстың 30 мыңнан аса тұрғыны вакцинаның бірінші компонентін алған.

Соған қарамастан қабылданған шаралар өз деңгейінде тиімділігін көрсетіп жатқан жоқ. Облыс басшысы аудан, қала әкімдерінің өз өңірлеріндегі жағдайды жақсы білмейтіндігін, соның салдарынан жергілікті жерлерде қажетті шаралар қабылданбайтынын қадап айтты. «Мәселеге кешенді түрде қарау керек, вирустың ары қарай таралып кетуін болдырмау үшін ауру ошақтарында шектеу шаралары қатаң сақталуы тиіс. Бірақ жергілікті жерлерде тиісті шаралар дер кезінде атқарылмайды, содан барып аурудың таралуы өршіп барады. Менің айтқан ескертулерімді есепке ала отырып, жағдайды түзеу үшін 10 күн уақыт беремін. Бұл менің орынбасарларыма да, тиісті облыстық басқарма басшыларына да, әсіресе, аудан, қала әкімдеріне де қатысты», – деді Амандық Баталов.

Облыс әкімі өз сөзінде қазір індетпен күреске асқан жауапкершілікпен қарайтын кез екенін еске салды. Негізінен басты күшті алдын алуға бағыттау керек. Сырқаттарды емдеуде бүгінге дейінгі жиған тәжірибелерді, телемедицина мүмкіндіктерін, емдеудің жаңа тәсілдерін – барлығын да ортақ мүддеге бағыттап, адам өлімін болдырмау керектігін айтты.

Күнделікті жұмыс та назардан тыс қалмауы тиіс. Әлеуметтік маңызды тауарлардың бағасын ырықтандыру, жылыту маусымын үздіксіз жүргізіп аяқтау, көктемгі дала жұмыстарына кірісу, санитарлық тазалық шараларын атқару – осының барлығы да барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып жүргізілуі керек.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"