МАТАЙ БАЙЫСОВ АУЫЛЫНДА 50 ТҰРҒЫН ӨЗ ЕРКІМЕН ЕКПЕ ҚАБЫЛДАДЫ

Уақыты: 25.04.2021
Оқылды: 2754
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Ескелді ауданының Матай Байысов ауылына көшпелі кешенді медициналық көлігі келіп, тұрғындардың денсаулығын тексерді. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Барлық жабдықпен қамтамасыз етілген автобустың ішінде адам денсаулығын тексеретін құралдың барлығы бар. Бүгінде індетке қарсы екпе жұмыстары қарқын алуда. Осы орайда аудандық емхана қызметкерлері ауыл-ауылды аралап, кешенді медициналық көмек көрсетуді қолға алған.

Дәрігерлер халыққа, қалтқысыз қызмет көрсетіп, ауыл тұрғындарын тексеруден өткізді. Сонымен қатар, екпе жұмысын қатар жүргізіп, елу адамға «Спутник-V» вакцинасын салды.

Ескелді аудандық орталық емханасы директорының медициналық қызмет сапасын қадағалау және ішкі аудит бойынша орынбасары Анастасия Бормотова өз еркімен вакцина салғызуға келген әрбір тұрғын қандай қызмет алатынын жіктеп айтып берді.

- Ең бірінші, дәрігерлердің арнайы анкетасын толтырады. Онда адам бойындағы бұрынғы дерттері және қандай да бір сырқатпен, тері ауруларымен ауырғаны немесе ауырмағаны, екпелерге кері әсер беретін сырқаттары жайлы жазылған ескертпелермен танысып, анкетаны толтырады. Егер де созылмалы, екпеге кері әсер беретін ауруы болса, ондай адамға екпе егілмейді. Ал барлығы дұрыс болған жағдайда дәрігер келушінінің бірінші дене қызуын, қан қысымын және өкпедегі оттегінің қалыпқа сай болуын анықтағаннан кейін барып екпеге рұқсат береді. Екпе егілгесін арнайы бөлмеде жарты сағат дәрігердің бақылауында болып, қан қысымы мен дене қызуы қайта өлшенеді. Барлығы дұрыс болғанда екпе егілген тұрғын үйіне босатылады, - деді ол.

Міне, осындай жұмыстарды атқарған аудандық дәрігерлер тобы  М.Байысов ауылының елу тұрғынына екпе жұмысын жүргізді. Жалпы, аудан бойынша он жеті ауылдық округ бар. Көшпелі медициналық автобус осы ауылдарды арнайы кесте бойынша аралап өтеді. Одан кейін тағы бір мәрте аралайды. Бұл уақытта вакцинаның екінші компоненті салынып, індетке қарсы тұрудың шарасы толықтай аяқталады.

Бір ғана екпе жұмысы емес, ауыл тұрғындары басқа да медициналық қызмет түрін ала алады. Оның ішінде жүрек ауруын анықтайтын, рентген, әйелдер қаралатын арнайы бөлек бөлме және ЭКГ бөлімдері бар. Бұлардың барлығында арнайы мамандар тексерістен өткізіп, ем-домын жасайды.

Ришад ТҰРҒАНБАЙ

Ескелді ауданы

Алматы облысы

Сурет ғаламтордан алынды