БЕЗГЕКТІҢ ЕҢ ҚАУІПТІ ТҮРІ ҚАНДАЙ? ОДАН САҚТАНУ ҮШІН НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?

Уақыты: 26.04.2021
Оқылды: 1616
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Алматы облысында бүгін, 26 сәуір - Бүкіләлемдік безгекпен күрес күні аталып өтуде. 2007 жылы мамыр айында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Ассамблеясының 60-ншы сессиясында Безгекке қарсы күрес күні бекітіліп, арнайы шешім қабылданған. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Безгек ауруы 100-ден астам елдің денсаулық сақтау мекемелерінің әлеуметтік мәселесі. Жыл сайын 500 мың адам безгек ауруымен сырқаттануда, миллионнан астам бала қайғылы жағдайға ұшырауда. Безгек ауруының ең ауыр және қауіпті түрі  тропикалық деп аталады. Бұл экваторлық Африка, Оңтүстік-Шығыс Азия, сонымен бірге, Орталық Азия, Латын Америкасы, Таяу Шығыс, Еуропа елдерін қатты зардабын тигізуде.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 2012 жылы 20 наурызда Қазақстан Республикасына безгектен бос ел статусының сертификатын берді.

Безгек – бұл паразиттік, трансмиссивті (қан арқылы енеді) ауру, плазмодиум (рlasmodium) жұқтырған анофелес тұқымды масалардың шағуы арқылы беріледі. Ауру қызба және басқа да  симптомдармен көрініс береді. Оның барысы прогрессивті, созылмалы, жиі қайталанумен өтеді. Инфекцияның берілуі екі жолмен жүруі мүмкін: аnopheles тұқымының масасының шағуы арқылы немесе тікелей адамнан-адамға.

Безгектің қоздырғышын тасымалдайтын масалар біздің еліміздің батпақты және орманды аймақтарындағы масалардан ерекше. Олар негізінен ыстық елдерде, көбінесе, Африка елдерінде ұшады. Адамнан-адамға берілу жолы әлдеқайда аз және бұған ең көп таралған мысал безгекпен ауыратын жүкті әйелдің әлі туылмаған сәбиіне жұғуы. Масалардың қатысуынсыз инфекцияның басқа нұсқалары өте сирек кездеседі.

Облыста безгек ауруының жергілікті жағдайлары тіркелмеген. Бірақ та безгек көп кездесетін елдерден аурудың тасымалдануы әбден мүмкін. Сондықтан, алдын алу мақсатында төменде көрсетілген ұсынысты еске сақтау қажет: 1.Дәрігер қажеттілігі бойынша тропикалық елдерге баратын адамдарға химиопрофилактикалық ем тағайындайды. 2.Масалардан репеленттер, крем, эмульсия аэрозоль түріндегі заттармен қорғану және де масаларды жоятын инсектицидтік препараттарды қолдану.

Салтанат БАЙДІЛДИНОВА,

Алматы облысы бойынша санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті инфекциялық және паразиттік ауруларды эпидемиологиялық бақылау бөлімінің жетекші маманы

Сурет - ғаламтордан