АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА 239 ЕГУ ПУНКТІ БАР, ОНЫҢ 80-І ЖЫЛЖЫМАЛЫ

Уақыты: 28.04.2021
Оқылды: 1092
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Алматы облысында қазір 239 егу пункті бар, оның 80-і – жылжымалы. Жылжымалы вакцинация пункттері шалғай елді мекендерде, сауда үйлерінде, қоғамдық орындарда жұмыс істейді. Бұл туралы "Жетісу" газеті Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.

Еңбек ұжымдарын вакцинациялау үшін мобильді бригадалар ұйымдастырылған. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында өңірдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай туралы баяндаған Алматы облысының әкімі Амандық Баталов айтты.

Жалпы, соңғы аптада коронавирус жұқтырудың өсу қарқыны өңірде 1,2 пайызды құрап отыр. Аурудың өсуі сырқаттармен байланыста болған адамдарды тексеру есебінен анықталуда.

Облыста бүгінге дейін барлығы 20 490 коронавирус жағдайы тіркелді. Дегенмен, бір апта ішінде инфекциялық бөлімшелерге емдеуге жатқызылғандар санының 1,7 есеге төмендегені байқалды.

Бүгінгі таңда инфекциялық стационардың жүктемесі 57 пайызды, реанимациялық төсек 13 пайызды құрайды. Бір тәулік ішінде 195 адам ауруханаға жатқызылса, 203 адам емделіп шықты.

Облыс әкімінің айтуынша, індетпен күрестің басқа да қабылданған шараларымен қатар, алгоритмге сәйкес облыста халықты вакцинациялау ауқымды жүргізілуде. Мәселен, Талдықорған қаласындағы адам көп жүретін "Сити плюс" сауда үйінің ішінде шатыр тігіліп, жылжымалы екпе пункті орналасқан. Онда дене қызуын өлшейтін, қан қысымын тексеретін, екпе егетін және арнайы күтетін орындар қарастырылған. Шатырда отырған дәрігер-мамандардың айтуынша, өз еркімен салдыратындар қатары көп. Оның ішінде, "Спутник-V" екпесіне сұраныс күрт артқан. Айта кетейік, бұл жылжымалы екпе пунктінің біреуі ғана.

Бүгінгі күні 147 мың доза вакцина алынды, 129,3 мың адам егілді. Ай соңына дейін вакцинаның қосымша 70 мың дозасы жеткізіледі деп күтілуде. Барлығы 1,1  млн.адамға вакцина егу жоспарланған.

Вакцинаның пайдасы туралы мамандардың қатысуымен 45 тікелей эфир, 15 брифинг өткізілді. 700 мыңнан астам ақпараттық буклеттер, жадынамалар таратылды. Тәулік бойы Call-орталық жұмыс істейді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"