ЕСІКТЕГІ АУДАНДЫҚ ПЕРЗЕНТХАНА МАҢЫНАН АДАМНЫҢ БАССҮЙЕГІ ТАБЫЛДЫ

Уақыты: 06.05.2021
Оқылды: 1148
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Еңбекшіқазақ ауданында топырақ бетінен шашылып жатқан адамның сүйектері табылды. Бұл оқиға жайлы бейнежазба ең алдымен әлеуметтік желіге шықты.

Бейнежазба авторы Есік қаласындағы перзентхана маңынан адамның сүйектері табылғанын айтады. Видеодан адамның бас сүйегін көруге болады. «Бәлкім бұл жерде қорған болған шығар», - деп пікір білдіреді видео авторы.

Еңбекшіқазақ ауданы әкімінің баспасөз қызметі "Қазақпаратқа" оқиғаның мән-жайын түсіндірді. «Сүйектер Есік қаласының жанында орналасқан Бөлек ауылдық округінен табылды. Бұл жер «Ромашка» деп аталатын саяжай. Ол сүйектер ашық-шашық шашылып жатқан жоқ. Жерді қазу барысында шыққан. Дәл осы жерде су құбырын жүргізу жұмысы жүргізіліп жатыр. Сүйекті тапқан да - сол мекеменің жұмысшылары. Қазір «Алтын адам» мұражайының археологтары оқиға орнына келді. Сүйектерді жинап, сараптамаға жіберді», - деп мәлім етті аудан әкімінің баспасөз қызметі.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"