ШАРЫНДАҒЫ ТАСҚЫН: СУҒА АҒЫП КЕТКЕН ҚЫЗДЫҢ ДЕНСАУЛЫҒЫ ҚАЛАЙ?

Уақыты: 31.05.2021
Оқылды: 1103
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Дәрігерлер Шарын шатқалында болған апаттан аман қалған 11 жастағы қыздың жағдайы туралы айтты. Балалар шұғыл медициналық жәрдем орталығының бас дәрігерінің орынбасары Алуа Жексенованың айтуынша, ауруханаға әкелінген 11 жастағы оқушының жағдайы орташа ауыр болған. Бұл туралы "Жетісу" газеті "Қазақпаратқа" сілтеме жасап хабарлады.

«Баланың келген кездегі жағдайы орташа ауыр болды. Қабылдау бөлімінде мамандандырылған көмек көрсетіліп, нейрохирургия бөлімшесіне жатқызылды. Оған мидың жабық жарақаты, мидың шайқалуы, орташа ауырлықтағы гипотермия, қолы және аяғының көп жері соғылған деген диагноз қойылды. Қазір жағдайы тұрақты», - деді Балалар шұғыл медициналық жәрдем орталығының бас дәрігерінің орынбасары Алуа Жексенова.

Оның айтуынша пациент 7-10 күннің аралығында ем қабылдайды. Естеріңізге сала кетсек, 29 мамыр күні Шарын шатқалында сел жүріп, 2 адам мерт болып, 1 адам із-түзсіз жоғалғаны, тағы 6 адам зардап шеккені хабарланған болатын. Кейін Білім және ғылым министрлігі аталған оқиға салдарынан 1 оқушы мен 1 мұғалімнің қаза тапқанын, тағы бір оқушыны іздеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын мәлім еткен еді. Шарын шатқалы қызметкерлері Шарын өзенінің бойын жағалай жер бетінде іздеу-құтқару жұмыстарын жүргізу барысында 30 мамыр таңғы сағат 09:34-те 2010 жылы дүниеге келген қыз баланы тапқан болатын. Ол Шарын өзенінің сол жағалауында оқиға орнынан 3-4 шақырым жерден табылған.

Алматы қалалық білім басқармасы Шарын шатқалына экскурсия мектеп әкімшілігімен келісілмегенін жеткізді. Алматыдан барып, селге ағып кетіп, бір күннен кейін табылған оқушы қыз кейіннен судан қалай шыққанын, қайда қонғанын әңгімелеп берді. "Жаңбыр жауып кетті. Сыныппен барлығымыз тығылдық. Содан кейін бұршақ жауды. Су жиналып қала берді. Біз тастан ұстап, көзімді жұмып тұрдым. Нақты не болғанын өзім де түсінбедім. Артынан тастың үстіне шығып алдым»,- деді оқушы қыз.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"