КОРОНАВИРУС ӘЛІ КҮШІНДЕ, ОНЫ ТҮБЕГЕЙЛІ ЖЕҢУДІҢ БІР ҒАНА ЖОЛЫ БАР

Уақыты: 06.06.2021
Оқылды: 1308
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Коронавируспен күрес жалғасуда. Індет әлі де күшінде. Кеше ғана осы індеттің белгісі бар бір отбасының үш адамы Ескелді ауданының ауруханасына түсті. Сырқаттар дәрігердің қадағалауында. Оның біреуі – бір жасқа толмаған сәби. Анасы мен бүлдіршін облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылды. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Бүгінгі таңдағы дерек бойынша коронавируспен облыста барлығы 26 269 адам сырқаттанған. Маман-статистердің айтуынша, КВИ-дің өсу қарқыны соңғы 2 аптада 0,5%-дан 0,3% -ға дейін төмендеген. Соңғы аптада індетпен сырқаттанушылықтың ең жоғары өсу қарқыны Балқаш – 0,4%, Іле – 0,4%, Жамбыл – 0,4%, Кербұлақ – 0,5%, Сарқан – 0,7% аудандарында тіркелді.

Соңғы тәулікте облыс бойынша коронавируспен 53 адамның сырқаттанғаны жайлы дерек тіркелді. Барлығына толыққанды дәрігерлік көмек көрсетілуде. Стационардан 27 пациент, үйдегі оқшауланудан 15 адам шығарылды.

Коронавирустың алдын алудың бірден-бір жолы – вакцина салу. Бұл орайда облыстың денсаулық сақтау саласына індетке қарсы вакцина жеткізу өз деңгейінде жүргізілуде. Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мамандарының айтуынша, аймақтың медициналық мекемелеріне 251 750 доза вакцина келіп түскен. Оның ішінде 39 500 Hayat-vax, 208 250 Гам-Ковид-вак және 4000 Qaz-вак. Екінші компонентке 192 270, оның ішінде 39 500 Hayat-vax, 148 770 Гам-Ковид-вак және 4000 Qaz-вак бар.

Вакцинаның бірінші компонентімен 226 973 адам, ал екіншісімен 135 291 адам егілді. Вакцина алушылардың 9369-ы мемлекеттік қызметкерлер. Сондай-ақ, медицина қызметкерлері – 20 140, педагогтар – 31 263, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері – 106 адамды құрайды. 

Індетпен күрес тоқтатылмайды. Босаңсу кеселдің өршуіне әкеліп соғуы мүмкін. Сондықтан, барлық жерде сақтық шарасын ұстанған абзал.

 Гүлжан ТҰРСЫН

Алматы облысы