КОРОНАВИРУС: ҚАЗАҚСТАН «ЖАСЫЛ» АЙМАҚТА

Уақыты: 13.06.2021
Оқылды: 1005
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Елдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай, қаңтар-мамыр айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы, республикалық бюджеттің орындалуы, көктемгі егіс жұмыстарының аяқталуы, құрылыс материалдарының қымбаттауы және оның тұрғын үй нарығына тигізетін әсері. Бұл мәселелер ҚР Премьер-Министрі  Асқар Маминнің төрағалығымен өткен кезекті Үкімет отырысында талқыланды.

Осыған байланысты атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде салаға жауапты министрлер мен лауазымды тұлғалардың баяндамасы тыңдалды. Белгілі болғандай, елде санитарлық-эпидемиологиялық жағдайдың жақсарғаны байқалған. Қазақстан COVID-19 таралуы бойынша «сары» аймақтан «жасыл» аймаққа өтті. «Қызыл» аймақта Нұр-Сұлтан қаласы, ал Алматы қаласы мен Атырау, Павлодар, Батыс Қазақстан, Ақмола және Қарағанды облыстары «сары» аймақта. Қалғаны «жасыл» аймақта тұр. Бүгінгі таңда 2,4 млн.-ға жуық адам бірінші компонентті, 1,3 млн.-ға жуық адам екінші компонентті алған.
Үкімет басшысы аймақтардың әкімдеріне вакциналау мәселесіне жіті көңіл бөліп, бақылауға алуды тапсырды.
Ел экономикасының дамуы да қалыпты. Негізгі драйверлер – өңдеу өнеркәсібі, машина жасау, оның ішінде автомобиль жасау және локомотивтер мен вагондарды қоса алғанда, басқа да көлік құралдарын шығару. Өңдеу секторында химия өнеркәсібі, жеңіл өнеркәсіп, металлургия, фармацевтика, мұнай өңдеу секілді салалар жоғары динамика көрсеткен. Құрылыс секторы мен тұрғын үйді пайдалануға беру жұмыстары да алға басып келеді. 
Ауылшаруашылығы да тұрақты даму үстінде. Негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсуі тау-кен өнеркәсібін есепке алмағанда 25,5 пайыз. Екінші ай қатарынан көрсетілетін қызметтер секторында – сауда, байланыс, жылжымайтын мүлік операциялары, қаржы және сақтандыру қызметінде оң қарқын бар. 
Үкімет басшысы аймақтардың әкімдіктеріне мемлекеттік органдармен бірлесіп, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру, азық-түлік өнімдерін өндіруді ынталандыру және ішкі нарықты толықтыру бойынша пәрменді шаралар қабылдауды міндеттеді. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне аймақтардың әкімдіктерімен бірлесіп, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу тапсырылды.  
Көктемгі дала жұмыстары да аяқталды. Қорытындыға сәйкес, егіс алқаптары ұлғайып, 78,2 мың гектардан 22,7 млн. гектарға дейін жетті. Дәнді, дәнді-бұршақты дақылдар 15,7 млн. гектар алқапқа егілген. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын бақылау, рентабельділігі жоғары дақылдардың өнімділігін арттыру, импорт алмастыру бойынша жұмыстар шеңберінде жемшөп, көкөніс, бақша және майлы дақылдар мен картоп алқаптары молайған. 
Асқар Ұзақбайұлы Ауылшаруашылығы, Энергетика, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктеріне облыстардың әкімдіктерімен бірлесіп, агрохимикаттар мен минералды тыңайтқыштардың және арзандатылған дизель отынының қажетті көлемін уақытылы беруді қамтамасыз етуді тапсырды. Ал Экология министрлігіне облыс әкімдіктерімен бірлесіп, қысқа мерзімде еліміздің оңтүстігінде фермерлерді суармалы сумен қамтамасыз ету мәселесін шешу бойынша жоспарланған іс-шараларды орындау жүктелді.
Сондай-ақ, жиында тұрғын үй мен отандық құрылыс материалдары бағасының өсуі жайында айтылып, оның себеп, салдары сұралды. Жыл басынан бері бетон, цемент, полиэтиленді құбырлар мен силикатты кірпіштің бағасы көтерілген. Әсіресе, арматура, шыны сияқты импортқа тәуелді материалдар құнының жоғарылауы байқалған. Салаға жауаптылар айтқандай, бұған электр энергиясы мен жанар-жағармай және магистральды теміржол желісі қызметінің қымбаттауы себеп болыпты. Тұрғын үй құнының жоғарылауына құрылыс материалдары бағасының көтерілуі ғана емес, сондай-ақ, сұраныстың артуы да әсер еткен. 
Үкімет басшысы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен және әкімдіктермен бірлесіп, жосықсыз өндірушілер мен өнімді жеткізушілерге қатысты қатаң шаралар қабылдауды, Индус- трия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, құрылыс салушылар мен құрылыс материалдарын өндірушілер арасында ұзақмерзімді сатып алу келісімшарттарын жасау мүмкіндігін пысықтауды, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне әкімдіктермен және «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, құрылыс саласында импорт алмастыру бойынша жоспарланған жобаларды уақытылы іске қосуды қамтамасыз етуді тапсырды.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА