Өмір талай адаммен дәмдес етті. Талай іс тындырдық. Көптеген жаңа бастамаларға басшы да, қосшы да бола білдік. Халық шын мықтыларды сүттің бетіндегі қаймақтай қалқып алып, құрметтейді. Аттарын ілтипатпен атайды. Мұндай құрмет, әсіресе, денсаулық сақтау саласында қызмет етіп жүргендерге ерекше көрсетіледі.
Қызмет бабында Қаратал аудандық ауруханасының құрылысына жетекшілік жасадым. Екі жүз елу төсектік аурухана құрылысы үш жылда аяқталып, игілігін ел көрді. Мекемені сол кездегі Денсаулық сақтау министрі Төрегелді Шарманов заман талабына сай салған аурухана деп жоғары бағалады. Аталмыш ауруханада көп жыл қызмет істеген Василий Попов, Рысбек Жұмашев, Бақыт Мұқашева, Алексей Абдықалықов, Кеңес Әбішев, Шолпан Әлімжанқызы, Роза Құсмолданова, Маржан Аманжолова, Клара Пак сынды жоғары білімді мамандардың ерен еңбегі халықтың көңілінен шығып, ел ішінде «біздің сүйікті дәрігер» атанды.
Танымал қоғам және мемлекет қайраткері, ақиық ақын Кәкімбек Салықов осы ақ желеңділерге арнап мынандай өлең шығарған еді.
Кірпік қақсаң үзілердей гүл шырын,
Алмайсыңдар ай, аптада бір тыным.
Аққу құстай махаббатын қорғаған,
Сақтайсыңдар жүректердің дүрсілін.
Дәрігерлер, дәрігерлер, дәрігер!
Жедел көмек, жан қорғаушы
жәдігер.
Ақ халаттың арасынан жарқ етсең,
Аулақ жүрер ажал деген әбігер.
Жер бетінде көп қуансам еркелеп,
Дәрігерім, болып жүрсің, сен себеп.
Дертке дауа жалғыз сөзің болмаса,
Ұйықтап қана кетер едім ертерек!
Бұл тек өлең авторының ғана емес, мыңдаған адамның айтар сөзі, барша халықтың жүрегін жарып шыққан ақ тілегі, дәрігерлер қауымына білдірілген ризашылық. Облыс халқы қадірлейтін, еңбегін бағалайтын дәрігерлер қатарына алакөлдік Қабдолда Бигустинов, Жеңіс Омаров, Ақсу ауданында Тыныштық Әмірсанин, Маргарита Ауғанбаева, Мұрат Амзиев, Көксу ауданында Андрей Темірханов, Ғани Ағыбаев, Ринат Алиев сынды дәрігерлерді жатқызуға болады. Облыстық медицина мекемелерінің басшы-мамандары Ұлықпан Нұрғазинов, Өмірғали Кенжебеков, Бәкен Қоржынбаев, Шаймерден Сыдықов, Асылбек Меніс, Маралбек Мейірбеков, Мандат Долаев, Салават Сәрсенбаев, Сәуле Құсмолданова, Мұрат Рахметов, Ерғали Сыдыманов, Асхан Байдувалиев атты қолы шипа, сөзі жұғымды, білімі терең азаматтармен қызмет бабында, адами қарым-қатынас аясында жиі кездесіп, ақыл-кеңестеріне құлақ түріп, ауырып-сырқағанда ем-дом алған кездер аз болған жоқ. Қуаты барда білегіне, білегі талғанда тілегіне сүйенген қазақ халқы ақылы мен қабілетін шыңдай отырып, өркениетке аяқ басты. Бүгінде елдегі алдыңғы қатарлы медицина мекемелерінің дәрежесі алпауыт елдердің тәжірибелі ғылыми орталықтарымен теңесті. Жүрекке ота жасау, аяқ-қол буынын алмастыру, жұлындағы кесапатты емдеу біздің дәрігерлер үшін қалыпты ем-домның қатарына енді. Ендеше, мемлекет қолға алған бағдарламалар адам айтса сенгісіз нәтижелер беруде. Соның біріне тағдыр тәлейімде мен де куә болдым.
Күндердің күнінде белімнен шойырылып Талдықорған көпсалалы ауруханасының бас дәрігері Сәуле Рысбекқызы мен бөлім меңгерушісі Ботагөз Абылайқызының қамқорлығына алындым. Көрікті ғимарат, жанға жайлы палата. Әйгерім Кәсенова, Дана Басқанбаева атты медбибі қыздар аталап, зыр жүгіріп жүріп, алғашқы жәрдем шараларды жасағаннан-ақ, көңілім жайланып сала берді. Әйтсе де, орнымнан тұрып, өз бетіммен жүре алмай, төсек тартып жатырмын. Емші дәрігер Анар Молдағалиева зертхана мен магниттік томографиялық резонанстың қорытындыларымен танысып, нейрохируг кеңесінің қажеттілігін айтты. Нейрохирург Жәнібек Жанарбекұлының айтуынша, төртінші, бесінші, алтыншы бел омыртқаның арасы сөгілген.
– Аға, дәстүрлі ем-дом ешқандай нәтиже бермейді. Сізге ота жасау керек, – деді Жәнібек дәрігер.
– Жаса, шырағым, – дедім сөзге келмей.
– Бұл біздің қолымыздан келмейді, – демесі бар ма нейрохирургтың.
Сонымен, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдувалиев пен Сәуле Құсмолданованың ұсынысымен Астанадағы Ұлттық нейрохирургия орталығына аттандым. Көп кешікпей менің денсаулығымды қадағалауға дәрігер Талғат Керімбаев келді. Біздің жерлесіміз екен.
– Анализдеріңіздің барлығы жақсы екен, кешіктірмей ота жасаймыз, – деді ол.
– Сол үшін келдік қой, баста, – дедім дәрігерлердің сенімді шешіміне разы болып.
Арнайы дайындықтан кейін жаңа туған баладай бесік арбаға жатқызып, білегіме білезік кигізді. Ондағы «жұлын» деген жазуға көзім түсті. Түрім өзгеріп сала берсе керек.
– Сізге қобалжуға болмайды. Көңіл-күйіңіз бұзылса ота жасау кейінге ауыстырылады. Оның еш қажеті жоқ. Сабыр сақтағаныңыз жөн, – деді реанимация және қарқынды терапия бөлімінің анастезиолог-реаниматолог дәрігері Дәулет Абақов.
– Онда кешіктірмеңдер. Қолдарың жеңіл болсын, – дедім өзімді-өзім жігерлендірген болып.
– Әп, бәрекелді! Мұныңыз жөн сөз, – деді анастезиолог дәрігер. Мені бірден жедел ота жасайтын арнайы орынға жеткізді. Дәрігерлердің жылы сөзінен бала кезімде Кәріпбай молданың үшкіріп емдегеніндей әсерде қалған сияқтымын. Тырп етпей жатырмын. Үш-төрт медбике аяқ-қолымды төсекке байлап, қайдан келгенімді, қал-жағдайымды, тіпті руымды да сұрастырып, бізге жезде болады екенсіз ғой деп көңілімді алдай жүріп, шараны бастап кетті. Біраздан соң қасыма Талғат келді.
– Аға, мына жан-жағыңыздағы самсап тұрған шетелдік құрал-жабдықтарды көрдіңіз бе? Бұлар бұрын болмаған. Біз қазір Германия мен Израиль, Корея мен Жапония дәрігерлері атқаратын отаны өзіміз жасаймыз, – деп әңгімесін бастап кетті. Әңгімесін тыңдап жатып ұйықтап кеттім. Ары қарай не істеп, не қойғаны өзіне мәлім. «Проснитесь, проснитесь, ну проснитесь же», – деген дауыстан көзімді әрең аштым. Тамағыма бір нәрсе кептеліп қалғандай. Осылай болатынын алдын ала ескерткен Дәулет Көпжасарұлының сөзі есіме түсіп, қимылдамай үнсіз жатырмын. Әлден уақытта медбике қыз әлгі түтікті шығарып алды. Сол сәтте қасыма Талғат келіп:
– Аға, аяғыңыздың басын қимылдатыңызшы, – деді. Айтқанын істедім.
– Барлығы ойдағыдай сәтті өтті. Қазір реанимация бөлімінде біраз уақыт болып, өз палатаңызға барасыз, – деді күлімдеп.
Реанимация бөлімінде үш адам жаттық. Әрқайсымызға әртүрлі аппарат қойылған. Медбике қыздар зыр жүгіріп, ем-дом жасап жүр. Шамасы бір сағаттай уақыттан кейін палатаға әкеліп жатқызды. Күләшім жымыйып қасымда отыр. Шамалы уақыттан кейін Талғат пен Нұрлан келді жайнаң қағып.
– Бүгін тырп етпей жатасыз. Ертеңнен бастап ем аласыз. Дене шынықтыру мамандарының айтқанын орындауға тырысыңыз. Ең қажетті ем сол, – деді Талғат.
– Айтқаныңыз орындалады, – деймін.
Бір тәуліктен кейін басымды көтеріп, екінші күні аяғымнан тұрдым. Үшінші күннен Күләшқа сүйене жүріп, аты әлемге танылған Ұлттық нейрохирургия орталығының тарихы, қал- жағдайымен мұқият танысуды бастадым. Ажалдан арашалап қалған дәрігерлерге, мәпелеп күткен медбикелерге айтар алғысым мен ризашылығымды қалай білдірем деген ой мазалай берді. Ең дұрысы, орталықтың жетістігі, дәрігерлердің біліктілігі жайлы мақала жазу деп шештім. Олардың дәрежесінің биіктігіне осы күндері әбден көз жеткізген едім.
Мекеме жайлы ізденісім басталып кетті. Азиядағы жаңа емдеу әдістерін қолдану арқылы ерте диагностикалаудан бастап, пациенттердің оңалуымен аяқталатын нейрохирургиялық қызметтерді толығымен атқаратын көшбасшы клиникалардың біріне айналған бұл орталықтың мақсаты – нейрохирургиялық көмек көрсетудің тиімді жүйесін құру. Азияда теңдесі жоқ және ең жоғарғы халықаралық стандарттарға сәйкес келетін жүз алпыс төсектік орталық он бөлімшеден тұрады. Олар – орталық жүйке жүйесінің патологиясы, жұлын нейрохирургиясы, шеткі жүйке жүйесінің патологиясы, тамырлы және функционалды диагностика, нейрооңалту, балалар нейрохирургиясы, жалпы нейрохиругия, бес залды операциялық, анестезиология, реанимация және қарқынды терапия, күндізгі стационарлы қабылдау-диагностикалық бөлімше, трансфузиология, екі ангиограф, рентген орнатылған радиологиялық бөлімше, физиотерапия және субалшықпен емдеу, патологоанатомия болып бөлінеді. Әрбір жағдайда дәл диагностика жасау мен емдеудің нақты әдісін қолдануға мүмкіндік бар. Ұлттық орталықта 94 дәрігер және 192 медбике жұмыс істейді. Дәрігерлердің 48 пайызы жоғары санатты, 6 дәрігер – медицина ғылымдарының докторы, 18 дәрігер – медицина ғылымдарының кандидаты, 3 дәрігердің PhD деңгейі бар.
Солардың бірі – Талғат Керімбаев. Ол жұлын нейрохирургиясы, шеткі жүйке жүйесінің патологиясы бөлімшесінің меңгерушісі, жоғары санатты нейрохирург дәрігер, медицина ғылымдарының докторы. Жұлын нейрохирургиясының өзекті мәселелері бойынша Израиль, Германия, Австрия, Швейцария, Ресейдің университеттік клиникалары мен медициналық орталықтарында тағылымдамадан өткен.
Талғат Тынышбайұлы жетекшілік ететін бөлімшеде маған қамқорлық көрсеткен дәрігер Айбол Сансызбаев, медбике Әлия Саденова, Жанат Кушурова, Арайлым Құрманова, санитар Риза Қожахметова, Бибігүл Ибрагимова атты қыздардың мейірімділігі өз алдына үлкен әңгіме. Бір жұмадан кейін нейрооңалту бөлімшесіне ауыстырылдым. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген түсі жылы, қолы шипалы қыздар өз мамандықтарының шынайы шеберлері болып шықты. Мұндағы Алина Мұстафаева нейрооңалту бөлімшесінің невропатолог дәрігері, медицина ғылымдарының кандидаты. Санкт-Петербург қаласындағы профессор А. Поленов атындағы Ресей нейрохирургиялық институтының невролог дәрігері.
Бұл бөлімшедегі ем-дом сонау жылдары Смоленск қаласы түбіндегі «Русь» санаторийінен алған емнен артық болып шықты. Физиотерапия бөліміндегі медбикелердің аялы алақанынан алған емің жүйкеңді жібітіп жібергендей сезінесің. Дене шынықтыру залындағы ем-дом мектеп қабырғасындағы алғаш алған жаттығулар болып шықты. Оны да әдіскердің бақылауымен жасайсың. Әр қимыл-әрекетің бел омыртқаның бекуіне әсер ететін жаттығулар. Ертелі-кеш қабылдайтын дәрі-дәрмек, бес мезгіл ішетін ас не ерте, не кеш емес, дәлме-дәл беріліп, инемен дәрілер дер кезінде салынады. Ұлттық орталықтағы Астана, Абай, әл-Фараби атындағы конгресс залдары, аула ішіндегі екі бірдей қыстық бақты тамашалағың келсе, тек медбикенің еріп жүруімен аралайсың. Мұндағы өткізген жеті күнім әлемдік деңгейдегі мәртебелі шипажайдан артық болмаса кем емес.
Ұлттық нейрохирургия орталығында емделген адамдар орталықтың кешегісі мен бүгінгі жетістектері жайындағы салиқалы әңгімені медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының корреспондент мүшесі. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің штаттан тыс бас нейрохирургі, Қазақ нейрохирургтары Ассоциациясының Президенті, «Ұлттық нейрохирургия орталығы» АҚ Басқарма төрағасы Серік Ақшолақов есімімен, оның ерен еңбегімен байланыстырады. Қазақ ұлтының мақтанышына айналған азамат Ресей нейрохирургтары Ассоциациясының неврологиялық хирургтардың Азиялық конгресі атқарушы комитетінің мүшесі. Бас миы мен жұлынға бес мыңнан артық ота жасаған ол Қазақстанда алғаш рет эпилепсияны шұғыл емдеуді жүзеге асырған. Оның жетекшілігімен төрт докторлық және жиырма бес кандидаттық диссертация дайындалып, қорғалған.
Халықтың денсаулығы үшін күнді түнге ұластырып, еңбек етіп жүрген елжанды азаматтың еңбегі әділдік тұрғысынан жоғары бағалануда. Ол 2001 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хатымен марапатталса, 2005 жылы жоғары дәрежелі тәуелсіз «Платиналы Тарлан» сыйлығының лауреаты атанып, дәрігерлердің бүкіләлемдік ассоциациясының «Әлемге қамқоршы дәрігер» атағына ие болды. 2006 жылы Бүкілресейлік көрме орталығының «Лауреат ВВЦ» медалімен марапатталды. 2008 жылы Ахмет Байтұрсынов атындағы күміс медаль иегері атанды және Пирогов атындағы сыйлықты иеленді. Ал, 2008 және 2009 жылдары «Алтын адам – Қазақстандағы жыл адамы» атағына ұсынылды. 2010 жылы ҚР Президентінің «Парасат» орденімен марапатталған ол 2013 жылы ғылым мен техника саласындағы Қазақстанның мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. 2015 жылы Президент қолынан «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағын алды. 2016 жылы «Отан» орденін кеудесіне тақты. Бір адам үшін бұл үлкен жетістік екені белгілі. Бірақ, мұның бәрі жан аямай еңбек ету мен елге көрсеткен қызметтің арқасында келген абырой.
2010 жылы «Қазақ нейрохирургтары Ассоциациясы» ҚБ құрылды. Ұлттық аккредитация сәтті өтті. Он жаңа медициналық технология енгізілді. Жабынды стенттерді қолданумен алғашқы эндоскопиялық операциялар жасалды. 2011 жылы Нейрохирургиялық қоғамдардың Бүкіләлемдік Федерациясының (WFNS) білім беру курстары өтті. Халықаралық ISO 9001-2000 сапа сертификаты табыс етілді. 2012 жылы мұнда ҚР нейрохирургтарының ІІ съезі өткізілді. Орталық медицина саласындағы «Сапа үшін еуропалық Гран-при» марапатын алды.
2013 жылы Халықаралық біріккен комиссия (Joint Commission International) аккредитациясынан өтті. Медициналық ұйымның қызмет көрсету сапасы мен қауіпсіздігін әлемге мойындайтын JCI аккредитациясы «Алтын стандарт» сапа белгісі болып табылады. Орталық базасында Нейрохирургиялық қоғамдардың Еуропалық Федерациясының (EANS) білім беру курстары ұйымдастырылды. «Қызмет көрсетуші үздік кәсіпорын» номинациясында ҚР Президентінің «Алтын сапа» сыйлығын иеленді.
2014 жылы Нейрохирургтардың Х Азиялық конгресі осы орталықта болды.
Алты жылда орталықта 25 000 мыңнан аса адам емделді, оның 14 000-на ота жасалды. 2016 жылы Joint Commission International (JCI Халықаралық біріккен комиссиясы) үш жылдық аккредитациядан өткізді.