БҮГІН АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ "ЖАСЫЛ АЙМАҚҚА" ӨТТІ. ІНДЕТ ЖАЙЛЫ СОҢҒЫ МӘЛІМЕТ

Уақыты: 22.10.2021
Оқылды: 904
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

ҚР Үкіметі жанындағы Қазақстанда коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия 22 қазандағы жағдай бойынша Қазақстан өңірлеріндегі эпидемиологиялық ахуалды бағалау матрицасын жариялады. Матрицаға сәйкес, Алматы облысы "жасыл аймаққа" шықты.

Ал "қызыл аймақта" Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары, Қостанай, Павлодар, Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстары тұр. "Сары аймақта" Атырау, Қарағанды, Қызылорда, Шығыс Қазақстан облыстары орналасқан. "Жасыл аймаққа" Шымкент қаласы, Алматы, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Түркістан, Жамбыл, Маңғыстау облыстары кірді.

Айта кетейік, кеше Алматы облысы "қызыл аймақта", Қызылорда облысы "жасыл аймақта" болған.

Соңғы мәлімет бойынша, Алматы облысында 89 адам КВИ жұқтырған. Соның ішінде Талдықорған қаласында – 17, Еңбекшіқазақ ауданында – 13, Панфилов ауданында – 9, Қарасай және Қаратал аудандарында 8 жағдайдан, Талғар ауданында – 7, Алакөл, Жамбыл аудандары мен Текелі қаласында 6 жағдайдан, Ескелді және Сарқан аудандарында 3 жағдайдан, Балқаш ауданында – 2, Қапшағай қаласында 1 жағдай тіркелді. Сондай-ақ өткен тәулікте 111 адам емделіп шықты.

Өңірде 1082 адам стационарлық ем қабылдауда. Бір тәулікте ауруханаларға 96 адам түсті. Төсек-орын саны - 2365. Төсек-орын жүктемесі – 45,7 пайыз.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"