ҒАСЫР ІНДЕТІН БІРГЕ ТОҚТАТАЙЫҚ! ОҚУШЫЛАР АРАСЫНДАҒЫ ҚЫЗЫҚТЫ САЙЫС

Уақыты: 25.11.2021
Оқылды: 1412
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Елімізде 15-25 қараша аралығында Дүниежүзілік ЖИТС-пен күрес күніне орай «Әрбірін түсіну. Теңсіздікті жою. ЖИТС-ті тоқтату» ұранымен онкүндік өтті.

Науқан күндері әр облыс, аймақтың ЖИТС орталықтары дәрігерлері қоғамдастықтармен және үкіметтік емес қоғамдық ұйымдармен бірлесіп, халықтың АИТВ-инфекциясының және COVID-19 алдын алу шаралары туралы білім арттыруға бағытталған түрлі іс-шара қолға алынды. Бизнес-құрылымдардың қызметкерлері үшін АИТВ-ға жедел тестілеу және ақпараттық-білім беру материалдарын тарату арқылы акциялар ұйымдастырылды.

Білімді күшейту, стигма мен АИТВ-мен өмір сүретін адамдарды кемсітуге жол бермеу мақсатында жалпы білім беретін мектептер мен колледждердің педагогтары арасында әлеуметтік желілерде «#Әрбірін түсіну» хештегімен бейнеөтініш жариялау арқылы челлендж өтті. Осыған орай ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі Алматы облыстық орталығы алдын алу бөлімінің дәрігер-эпидемиологтары орта мектептер мен жоғары оқу орындарында семинар-тренингтер, яғни, жасөспірімдермен кездесіп, АИТВ жұқпасының алдын алу шаралары жайлы ақпарат беруді бастап кетті.

Әрине, АИТВ жұқпасынан сақтану үшін ең алдымен әрбір жас өзінің мінез-құлығына мән беруі, жаман әдеттерден аулақ болуы тиіс. Салауатты өмір салтын өміріне серік етіп, нашақорлықтан, жеңіл жүрістен тыйылуы қажет. 

Алматы облыстық ЖИТС орталығының мамандары және Қапшағай қалалық ауруханасы жастар денсаулық орталығының жетекшісі Назгүл Жанұзақова Қасым Қайсенов атындағы №4 орта мектептің мәжіліс залына жиналған жоғары сынып оқушыларына тәрбиелік және дәрігерлік кеңестерін берген соң қойылған сұрақтарға жауап қайтарды.

Іс-шараның екінші бөлімі Дүниежүзілік ЖИТС-пен күрес күніне арналған «АИТВ: «Әрбірін түсіну. Теңсіздікті жою. ЖИТС-ті тоқтату» ұраны аясындағы қызықты сайысқа ұласты. Қапшағай қаласындағы  бес мектептің оқушылары АИТВ жұқпасы туралы ақпараттық блок әзірлеу, плакаттар конкурсы, флешмоб көрсетуден өзара сайысқа түсті.

Жастардың тақырыпқа қызығушылығы, ой-өріс кеңдігі, әсерлі флешмобтары  көрермен көңілінен шығып жатты. Әділқазылар алқасы болған дәрігерлер сайыс қорытындысын шығарып, жүлдегерлерді Алғыс хаттармен, заттай сыйлықтармен марапаттады. Сонымен, 1-орын №4 мектепке, 2-орын Қапшағай қаласы орта мектеп-гимназияға, 3-орын А.Жұбанов атындағы №5 орта мектеп командасына бұйырды. Қызықты флешмоб үшін №1 мектеп, плакат үшін №3 мектеп, белсенді қатысқаны үшін №3 мектеп оқушылары арнайы жүлдеге ие болды.

Жарыс соңында жасөспірімдер плакатқа бүкіл әлемде АИТВ-ны тезірек жеңу туралы тілектерін жазып, оған символдық қызыл ленталарды қадады. Барлық қатысушыға ақпараттық-оқу материалдары таратылды.

Арайлым КЕНЖЕБЕКОВА,

Алматы облыстық ЖИТС орталығының маманы