СОҢҒЫ ТӨРТ КҮНДЕ 131 АДАМ ІНДЕТКЕ ШАЛДЫҚТЫ. ОБЛЫСТАҒЫ ЭПИДАХУАЛ

Уақыты: 25.11.2021
Оқылды: 1177
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Алматы облысында соңғы төрт күнде коронавирустың 131 жағдайы тіркелді. Оның 47-сі бүгін анықталып отыр. Бірақ облыс "жасыл аймақта" орналасқан. Бұл туралы "Жетісу" газеті мәлімдеді.

Алматы облысының санитарлық-эпидемиологиялық департаментінің мәліметінше, соңғы екі аптада аймақ бойынша өсім қарқыны бір деңгейде қалып отыр, яғни, ауру көрсеткіші 0,1 пайыздан аспаған. Ал аудандар арасында соңғы аптадағы өсімнің ең жоғары қарқыны Панфилов, Ұйғыр аудандары мен Қапшағай қаласында байқалған.

Жалпы, бүгінгі күні облыста індеттің зертханалық расталған 57 105 жағдайы тіркелген, оның ішінде, 42 643 адамда ауру белгілері бар. Вакцинация бойынша айтар болсақ, Алматы облысында бүгінде 848 774 (71%) адам вакцинаның бірінші компонентін ектірген. Екінші дозаны 775 350 (65%) тұрғын қабылдаған. Ал 12-17 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдерге арналған "Комирнати" вакцинасын салдырғандар 1000-нан асты. Оның ішінде 138-і 12 мен 13 жас, 244-і  14-15 жас, 687-сі 16-17 жас аралығындағы балалар. Сондай-ақ, ересек топтан 176 адам бар. Олардың қатарында бала емізетін 155 әйел бар. Облыста жүктілік кезінде жүрген 21 әйел екпе қабылдаған.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"