БАЛА ЕМІЗЕТІН ӘЙЕЛДЕР, ЖҮКТІ КЕЛІНШЕКТЕР ЖАППАЙ ВАКЦИНА САЛДЫРУДА

Уақыты: 02.12.2021
Оқылды: 1128
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Алматы облысында Covid-19 вирусының жаңа 23 жағдайы тіркелді. Оның 95,7 пайызынан симптом байқалған. Облыста жасөспірімдермен қоса бала емізетін әйелдер мен жүкті келіншектер де вакцина салдыруда. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, бүгінгі күні облыста барлығы 57 мың 327 адам індет жұқтырған. Оның ішінде 42 мың 845 адамда індет белгілері бар болып шыққан. Облыста індеттің таралу көрсеткішінің артуы Талдықорған, Текелі қалаларында және Қаратал, Көксу, Балқаш, Ескелді, Ұйғыр, Талғар, Панфилов аудандарында байқалды.

Облыс бойынша КВИ өсу қарқыны соңғы екі аптаны қоса алғанда 0,1 пайыз деңгейінде тұр. Соңғы аптадағы өсімнің ең жоғары қарқыны Алакөл өңірінде сезілді.

Қазіргі таңда Алматы облысында вакцина алған жасөспірімдер саны 2 мыңнан асты. Екпе алғандардың қатарында 382 бала емізетін ана, 62 жүкті әйел бар. Жалпы, Алматы облысы бойынша 785 201 адам екпені толық қабылдаған. Бұл облыс тұрғындарының 65 пайызын құрайды.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"