"ОМИКРОН" ШТАМЫ БҰРЫНҒЫДАН БЕС ЕСЕ ЖЫЛДАМ ЖҰҒАДЫ. ҚАЛАЙ САҚТАНАМЫЗ?

Уақыты: 30.12.2021
Оқылды: 1410
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Жеті басты айдаһардай заһарын шашып тұрған коронавирустық инфекцияны ауыздықтауға бар күш салынғанымен түрлі штамдар саңырауқұлақша қаулау үстінде. Соның бірі - «омикрон». Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, оның берілу жылдамдығы дельта нұсқасынан 5 есе жоғары.

Естеріңізге саламыз, 29 желтоқсанда Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен Қазақстан Республикасының аумағында коронавирустық инфекцияның пайда болуы мен таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті.

Отырыс барысында елдегі эпидемиологиялық ахуал тұрақты, бірақ "омикрон" штамы бір ай ішінде әлемнің 110 елінде анықталғаны айтылды. Осыған орай, Денсаулық сақтау министрлігінің қосымша шаралар қабылдау жөніндегі ұсынысы мақұлданды. Атап айтқанда, 5 қаңтардан бастап сауда орталықтарына, сауда үйлері мен караокеге "жасыл" мәртебесі бар адамдарға ғана кіруге рұқсат етіледі.

Ал Қазақстан аумағында "омикрон" штамы анықталған және эпидемиологиялық ахуал нашарлаған жағдайда, банктерге, "Қазпошта" бөлімшелеріне, Халыққа қызмет көрсету орталықтарына, спорттық-сауықтыру мекемелері, СПА, бассейндерге және басқа нысандарға да осындай шаралар қабылданатын болады.

Аталған шектеу шаралары Алматы облысына да тікелей қатысты. Осы турасында Алматы облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Асхат Чарапиев баспасөз мәслихатын өткізді.

Оның айтуынша, "омикрон" - бұл коронавирус ауруын тудыратын SARS-CoV-2 вирусының жаңа штамы. Штамм басқалардан көптеген мутацияларымен ерекшеленеді. Сондай-ақ, Асхат Сәкенұлы аталған штамнан сақтанудың бірден-бір жолы ревакциниация дейді. Үшінші рет екпе салдыру ғана жаңа штамға шалдыққан жағдайда аурудың жеңіл түрде өтуіне ықпал етеді деп сендірді.

Аймақта, әлі күнге вирусқа қарсы вакцинация жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Вакцинаның бірінші компонентін 930 108 адам алса, иммундаудың толық курсынан 837 167 тұрғын өткен. Сонымен қатар, 43 673 адам үшінші рет вирусқа қарсы екпе салдырып, ревакцинациядан өтіп отыр.

Жалпы, Алматы облысында барлығы 57 767 тұрғыннан коронавирус анықталған. Ал соңғы тәулікте КВИ-дің 10 жағдайы тіркелді, өсім қарқыны 0,02 пайыз деңгейінде сақталып отыр. Облыс әзірше "жасыл аймақта" орналасқан.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"