АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ ПАНДЕМИЯМЕН ҚАЛАЙ КҮРЕСТІ? КОРОНАВИРУСТЫ ЖЕҢДІК ПЕ?

Уақыты: 31.12.2021
Оқылды: 1161
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Алматы облысы 2021 жылы пандемиямен қалай күресті? Бұл сұраққа Алматы облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің өкілдері жауап берді.

Алматы облысында пандемия басталғалы бері коронавирустық инфекцияның таралуына қарсы белсенді күрес жүріп жатыр. Атап айтқанда, аудандық ауруханның  дәрігерлері өкпесі 100 пайыз  зақымданған жүкті әйелді құтқарып қалды. Босанған әйелдің өкпесін 34 күн бойы жасанды аппарат ауыстырып, 2 айдың ішінде толық емделіп шықты.

Мұны вакцинация бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп жатқандығымен түсіндіруге болады. Мысалы, қазіргі уақытта 46 437 адам ревакцинация курсынан өтті. Жалпы, иммундаудың толық курсын 840 394 адам алды.

Айта кету керек, облыста 12-17 жас аралығындағы жасөспірімдерді, жүкті және бала емізетін әйелдерді вакцинациялау үшін 451 620 доза вакцина бөлінген. Сондай-ақ, елді мекендерде 318 егу пункті ашылды, 76 мобильді бригада және 17 жылжымалы медициналық кешен жұмыс істейді, ал "Комирнати" вакцинасын сақтау үшін (-60 -90 С) төмен температурада 7 мұздатқыш камера сатып алынды.

Облыста 57 788 жұқтыру жағдайы тіркелген, қазіргі уақытта инфекциялық стационардың жүктемесі 23,6 пайызды құрайды. Мәселен, облыс ауруханаларында 17 компьютерлік томограф, 53 рентген, 148 Хай Флу, 606 өкпені жасанды желдету аппараттары орнатылған. Облыс тұрғындарына 206 "Жедел жәрдем" бригадасы мен 391 мобильді бригада қызмет көрсетеді.

Соңғы аптада коронавирустың өсу қарқыны 0,02 пайызды құрады, желтоқсан айында 307 жағдай анықталды. Сондай-ақ, қажет болған жағдайда төсек-орын қоры 6 мыңға дейін жеткізіледі, 4 облыстық ахуалдық орталықтың дәрігерлері ауыр науқастар бойынша бейне-консультациялар өткізеді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"