БҮЛІК КЕЗІНДЕ ТАЛДЫҚОРҒАН АУРУХАНАСЫНА 130 АДАМ ЖАТҚЫЗЫЛҒАН

Уақыты: 13.01.2022
Оқылды: 1298
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Талдықорған қаласындағы емдеу мекемелерінде әртүрлі дене жарақатын алған 30-ға жуық тұрғын ем алуда. Жалпы, бүлік басталғалы ауруханаларға 130-дан аса адам түскен. Басым бөлігі үйіне қайтарылған. Жарақат алғандардың ішінде ереуілге еш қатысы жоқ бейбіт тұрғындар да болған.

Мәселен, Еркебұлан Толыбаев 8 қаңтарда отбасымен үйіне қайтып келе жатқан кезде лаңкестерге тап болған. 7-8 адам көлігіне оқ боратқан тұста кері бұрылып қаша жөнелген. Өзіне де, әйелі мен қызына да оқ тиген. "Жедел жәрдем" мен дәрігерлердің ширек қимылдауының арқасында бәрі де аман қалған.

Бүгінде Талдықорған көпсалалық және облыстық ауруханаларда барлығы 30-ға жуық адам ем қабылдауда. Ал қақтығыстардан кейін 150-ге жуық адам дәрігерлердің көмегіне жүгінген. Көбінің жарақаты жеңіл болғандықтан үйіне қайтарылған.

Жансақтау бөлімінде жатқан екі науқастың беті бері қарады. «20-ға жуық адам әртүрлі жағдаймен келіп түсті. Бәріне шұғыл көмек берілген. Дер кезінде операция жасалып, уақытымен жоғары деңгейде медициналық көмек көрсетілді», - дейді Талдықорған қалалық көпсалалы ауруханасының бас дәрігері Жұмахан Молдақұлов "Қазақпаратқа" берген сұхбатында.

Емдеу мекемелеріне барар жолға блокпостар қойылған. Ал ауруханалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тәжік-ауған қақтығысына қатысқан ардагерлер атсалысып жатыр.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"