АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА ҚАЙТАДАН ШЕКТЕУ КҮШЕЙДІ. ӨҢІР "САРЫ АЙМАҚҚА" КІРДІ

Уақыты: 14.01.2022
Оқылды: 1326
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Алматы облысында эпидахуалдың күрт нашарлауына байланысты «Jetisy media» ақпараттық алаңында баспасөз конференциясы өтті. Бұл туралы "Жетісу" газетінің тілшісі хабарлады.

Жиын барысында облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Асхат Чарапиев Жетісу өлкесі "сары аймаққа" енгенін жеткізді. Сала маманы аймақтағы эпидахуалды мәлімдеп, өткен аптада 98 індет жағдайы орын алса, осы жетіде 553 адам коронавирус жұқтырғанын атап өтті. Ол өз сөзінде вакцинация мен ревакцинация қабылдау көрсеткішіне де тоқталып, Ақсу, Балқаш өңірлері мен Текелі қаласы вакцина алу көрсеткішін 100 пайыз орындағанын айшықтады. Сонымен қатар, Асхат Чарапиев эидахуалға байланысты Алматы облысы бас санитарлық дәрігерінің жаңа Қаулысын оқып шықты.

– "Ашық" жобасына қарамастан концерт залдары, филармониялардың, діни бірлестіктердің қызметіне, мешіт, шіркеу шаралары мен жұма намаздарына тыйым салынады. Сонымен қатар, конференция, семинар, көрмелер, форумдар мен қоғамдық тамақтану орындары, түнгі клуб қызметіне рұқсат жоқ. "Ашық" жобасына қатысушы обектілерді 30 адамнан тұратын еске алуды қоспағанда, салтанатты бұқаралық жиындар, банкеттер мен той-томалақтарға тыйым салынған, ашық және жабық алаңдарда спорттық, басқа да бұқаралық шаралар өткізуге болмайды, – деп жаңа Қаулыныны жариялай келе, 300 емес, 600-ден артық бала саны бар білім беру мекемелері онлайн форматқа ауысатынын атап өтті.

Өз кезегінде сөз алған облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Жаңыл Сүлейменова білім жүйесіндегі өзгерістерге тоқталды.

– Соңғы апталарда бізге көптеген қоңыраулар келіп түсті. Эпидахуалға байланысты туындаған сауалдарға БАҚ арқылы толық жауап беріп өттік. Дегенмен, жоғарыда атап өткен Қаулыға байланысты айтарым, аймақта 600-ге дейін оқушылары бар мектептер штаттық режимде білім алады. Ондай 707 мектеп бар. Онда 99723 бала қамтылып отыр. Басқа мектептің бәрі онлайн режиміне көшеді. Мың орынды мектепке дейінгі мекемелер ішінде жеке меншік 869 балабақша ата-аналардың сұрауымен жұмысын жалғастырады. Колледж студенттері 24 қаңтарға дейінгі демалыстан кейін 2 аптада онлайн оқиды деп жоспарлануда. Мүгедек балалармен бір топта он балаға дейін немесе жеке жұмыс жасаса, үйірмелер мен Оқушылар сарайы секілді мекемелердегі жұмыс шарты 10 баладан аспау керек деп көзделіп отыр, – деді басқарма басшысының орынбасары.

Еске салайық, осыған дейін облыста бала саны 300-ден асатын мектептер онлайн оқуға көшетіні айтылған еді. Бас санитардың Қаулысында бұл сан 600-ге дейін ұлғайтылып отыр.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ

Алматы облысы