ТАЛДЫҚОРҒАН ФЕЛЬДШЕРЛЕРІ СУ ЖАҢА "ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ" КӨЛІКТЕРІН МІНДІ

Уақыты: 25.01.2022
Оқылды: 1498
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Талдықорғандағы облыстық «Жедел жәрдем» стансысына 2 жаңа көлік тапсырылды.

Медициналық машинаны «Астана моторс» компаниясы мен Нұрлан Смағұловтың жеке қоры сыйға тартты. Көлік кез келген жолда жүруге ыңғайлы жасалған. Елдегі бүліншілік кезінде 5 автокөлікке зардап келтірілді. Олардың орны жаңалармен алмастырылуда.

Бүгінде облыста барлығы 206 «Жедел жәрдем» бригадасы бар. Коронавирус жұқпасы тарағаннан бері  көлік саны арттырылды. Былтырдың өзінде 152 «Жедел жәрдем» көлігі алынған. Көлікпен қамту 80 пайызға орындалған. Биыл тағы 75 көлік алынып, көрсеткіш 100 пайызға жеткізілмекші. Көпшілігі заманауи қондырғылармен жабдықталған.  Реанимобильде жүрек тексеретін, өкпені жасанды тыныстандыратын, алғашқы медициналық көмек көрсететін аппараттар бар.

«Жедел жәрдем» стансысының басшысы Савелий Пак жүргізушілерге көлік кілтін тапсырып тұрып: «Машиналар жүрдек болсын. Сырқаттарға уақытында көмек көрсетуге септігі тисін. Елдің амандығына қызмет етсін», – деп тілек білдірді.

Савелий Геннадьевичтің айтуынша, 48 бригада реанимациялық жабдықтармен жабдықталады. Стансы басшысының айтуынша, шалғай ауылдарды «Жедел жәрдем» көлігімен қамту мәселесіне ерекше көңіл  бөлінуде. Сырқаттанушылықтың кез келген жағдайында алғашқы медициналық көмектің атқаратын рөлі зор. Уақытында, нақты жасалған жәрдем – деннің саулығының кепілі.

Гүлжан МҰҚАШҚЫЗЫ

Алматы облысы