Ақпараттандыру қажет

Уақыты: 18.09.2017
Оқылды: 1858
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

 Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша әлемде шамамен 325 миллион адам «В» немесе «С» вирустық гепатит тудырған созылмалы инфекциямен өмір сүреді. Медициналық тұрғыда қатаң шара қолданбаса «В» вирустық гепатитімен өмір сүріп жатқан адамдардың саны болжамдарға сәйкес алдағы 40-50 жылда жоғары деңгейде сақталып қалатын қаупі бар. 2015 жылдан бастап 2030 жылға дейін осы аурудан 20 миллион адам қаза табуы мүмкін. 

Вирустық гепатитке қарсы күрес шаралары бойынша бірінші кезекте хабарландыру деңгейін арттырған жөн. Содан кейін вакцинацияның көмегі, қауіпсіз жыныстық қатынасты насихаттау, қауіпсіз инъекция және тері мен сілемейлі қабықшаның зақымдануына, оның ішінде, косметологиялық шаралар және жеке тазалық құралдарын қолдануға байланысты қимыл-қозғалыс тәсілдері арқылы таралуға жол бермеу үшін жүйелі жұмыстарды атқарған дұрыс.
Вирустық гепатиттің өршіп кетуінің негізгі себебі – жастар арасындағы мінез-құлықтың қауіпті стереотиптерінің орын алуы, нашақорлық және ретсіз жыныстық қатынас санының артуы. Парентеральдық вирустық гепатиттер, созылмалы гепатит, бауыр циррозы мен ісігінің пайда болу мүмкіндігінің жоғары болуы адам денсаулығына қауіп төндіруде. 
Ауруды емдеу өте қымбат және күрделі. Өйткені, бүгінгі күні қолданыстағы медициналық препараттар емделушілердің 30%-ға жуығын ғана емдеуге мүмкіндік береді.
Гепатит инфекциясына байланысты болатын аурудың ауыр салдарына қарамастан, көптеген елде бұл проблемаға бірқатар себептер бойынша кешенді іс-шаралар қолданылмайды. Олардың себебі, кейбір адамдарда инфекция жұққаннан кейін ешқандай аурудың белгілері байқалмай дамиды. Гепатит көптеген жыл бойы ешбір белгісіз дамып, бауырдың созылмалы ауруына әкеледі. 
Гепатитпен күресте аурудың алдын алуды күшейту, бауыр циррозы, гепатоцеллюлярлық обыр түріндегі асқынулардан болатын өлім-жітімді төмендетуге барлық қоғамды тарту, оның ішінде «В» гепатитіне қарсы вакцинациямен қамтуды кеңейту, ауруды ерте диагностикалау мен емдеу мақсатында вирустардың жұғу жолдары туралы халықты ақпараттандырудың рөлі зор.

А. ШАРИПБАЕВА, 
«Алматы облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру
проблемаларының орталығы» ЖШС маманы.