КЕГЕН АУДАНЫНДА ҮШ МЫҢҒА ЖУЫҚ ТҰРҒЫН РЕВАКЦИНАЦИЯ КУРСЫНАН ӨТКЕН

Уақыты: 02.02.2022
Оқылды: 1170
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Індет көп тараған өңірлердің қатарында Кеген ауданы да бар.

Алмас Тілеулиев басқаратын аудандық орталық ауруханада қажетті іс-шаралар қолға алынып, жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Қазіргі таңда аудандық аурухананың инфекциялық бөлімінде 27 науқас жатыр. Оның ішінде 23 сырқат қауіпті індет бойынша ем қабылдауда. 4 науқастың өкпесі қабынған.

Қазіргі таңда инфекциялық бөлімде 40 адамға арналған орын дайындалып қойған. 4 жансақтау бөлімі жұмыс істейді. Дәрі-дәрмектің қоры жеткілікті. Емханада қайтадан екпе алу жұмысы да жалғасып жатыр. Қазіргі таңға дейін 2979 адам қайта екпе алған.

– Аудандық ауруханаға қарасты барлық денсаулық сақтау мекемелері бойынша қауіпті індеттен сақтану, алдын алу жұмыстары жалғасын тауып келеді. Дәрігерлер өз жұмыстарын жақсы біледі. Сақтық шараларын үнемі есте ұстау жөнінде тұрғындарға да түсіндіріліп айтылуда, – дейді аудандық орталық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Гүлмира Мұқанова.

Қанат БІРЖАНСАЛ

Кеген ауданы

Алматы облысы