АНТҚА АДАЛДЫҚ: "ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ" ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ БОРАҒАН ОҚТЫҢ АСТЫНДА ЖҮРДІ

Уақыты: 06.02.2022
Оқылды: 1150
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Қауіп қайдан демеңіз, аяқ астынан. Жер жүзінде апат болып, төтенше жағдай орын алса немесе індет жайлап қауіп төнсе, адамзатқа алдымен көмек көрсететін денсаулық сақшылары. Соңғы жылдары дәрігерлер коронавирус көбейген жерлерде өз өмірлерін қатерге тігіп, жан алысып, жан берісті. Оны көз көрді. Медицина саласы індеттен енді ес жия бастағанда Қаңтар қақтығысы орын алып, дәрігерлер «пышақтың жүзінде» жұмыс істеді. Қатердің бел ортасында алдымен «Жедел жәрдем» қызметі жүрді. Шұғыл медициналық жәрдемнің фельдшерлері бүліктің қақ ортасына кіріп, жаралыларға алғашқы медициналық көмек көрсетті. Жедел жасалған емнің нәтижесінде көптеген адам аман қалды. Ендеше, медицина қызметкерлерінің ерлігін қанша айтып, жазсақ та артық емес. Олар бүгінде марапатталып жатқан әскерилермен, полиция қызметкерлерімен бірдей ерлік жасады. Алдыңғы шепте жүргендерін марапаттап, елге үлгі етіп көрсетсе нұр үстіне нұр емес пе?!

Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Өмірзақ Ниязбековтің айтуынша, тәртіпсіздік кезінде 337 адам медициналық көмекке жүгінген. Олардың арасында қарапайым халық та, әскери қызметкер мен полиция да бар. Жаралылардың 13-і әскери қызметкер. Сол күндері түрлі дене жарақатымен 109 адам ауруханада ем алған. Екі жүзге жуық адам қорқыныштан қалай арылуға болатындығы жайлы кеңес сұраған. Дәрігерлердің ерлік істері жайлы мақала жазбақ ниетімізді білдіргенде облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Өмірзақ Ниязбеков «Жедел жәрдемнің» алғы шепте жүргенін айтып, сондағы бірнеше фельдшердің есімін атады.

Облыстық денсаулық сақтау саласының басшысы қақтығыс орын алған күндері шұғыл көмек көрсету стансысында күн мен түнді алмастыра жұмыс істеген. Дәрігер немесе жүргізуші жетіспеген кезде шақыртуға өзі де барған. Мұны біз маңындағы дәрігерлердің өз аузынан естідік. Құқық қорғаушылар мен елдің амандығын сақтауға, дәрігерлердің жұмысын ұйымдастыруға жауапты болса да, фельдшерлердің бір жағына шығысқаны ерлікпен пара-пар іс әрі нағыз қарапайымдылық! Міне, осындай дәрігерлердің ауызбірлігі мен елсүйгіштігі баршаға үлгі!

Қақтығыс кезінде «Жедел жәрдем» көлігінің жүргізушісі жарақаттанған. Көліктің сынған терезесінің әйнегі жүргізушінің денесін жаралаған. Ол ауруханаға жатқызылып, ем-дом жасалып, бүгінде жұмысына кіріскен. «Жедел жәрдем» бұл уақытта күн-түн демей, әдеттегідей жұмыс істеді. Оларға көше қатерлі, далаға шықпаңдар деген жеңілдік жасалған жоқ. Тіпті, Талдықорғандағы «Жедел жәрдем» стансысына шабуыл да ұйымдастырылған.

Медицина саласы басшыларының айтуынша, жақын жердегі үйдің төбесінен біреулер оқ атқан. Негізі басып алу мақсаты болған деген болжам бар. Тергеу әлі жүріп жатқандықтан істі бүге-шігесіне дейін әлі жаза алмайтынымызды оқырманға ескерткім келеді. Соның өзінде мекеме басшылары фельдшерлерге оқ ату саябырсыған сәтте мекемеден екі-екіден қашып шығып, көлікке отырып, қызметке барыңдар деген тапсырма берілген. Егер уақытында көмек келмегенде ғимаратты ішіндегі адамымен қосып, өртеп жіберуі мүмкін еді дейді куәгерлер. Олар тапсырманы бұлжытпай орындап, шыға алғандары бірден көлікке отырып, медициналық көмек сұрап хабарласқандардың шақыртуына жол тартып отырған.

Міне, жанкештілік деп осыны айт. Қақтығыс кезінде фельдшерлерге полицияға қызмет көрсетпе деп қоқан-лоққы да көрсеткен. Ол жөнінде Талдықорғандағы «Жедел жәрдем» стансысының фельдшері Эльмира Насырова:

«Сол күні кезекшілікте едім. Қақтығыс басталғанда қорқып, демалып жатқан әріптесім Кабирді қасыма шақырып алдым. Жарақаттанған екі адамды бірдей көлікке отырғызып, алғашқы медициналық көмек көрсетіп жатқанбыз. Бір уақытта көлік шайқалған сияқты болды. Байқасам, шынымен ем-дом жасап жатқан машинамыз теңселіп тұр. Мен тоқтаусыз жаралыларға ем-домымды жасай бердім. Қасымдағы фельдшер Кабир есікті ашты да: «Не болып қалды, жігіттер?» – деді. Сол кезде бір адам: «Сен полиция мен әскерилерге көмек көрсетпе. Біз әкелген адамдарды ғана емдейсің. Полицияларға қарсы тұруымыз керек», – деді. Бірақ Кабир еш қорықпастан: «Ей, мына жатқан полиция, ал мына адам қарапайым тұрғын. Менің міндетім, екеуіне де ем жасау. Кез-келген адамға алғашқы көмек көрсету жайлы дәрігерлік ант бергенмін. Мен антыма адалмын. Оның үстіне ертең алғашқы медициналық көмекті қалай жасағаным жайлы басшыларға есеп беремін. Ол – медицинаның заңы. Сонда өз ісім үшін қызармауым керек. Қазір екі сырқатқа да ауырсынғанды сездіртпейтін укол салдым. Екеуінің қол-аяғын бірдей дәкемен орадым. Мен үшін сырқаттың бәрі бірдей. Сен кел, сен кет демеймін», – деді.

Бұл – бір күнде жиырма шақты рет шақыртуға барған Эльмира мен Кабирдің басынан өткен жайт.

Иә, бүлікшілердің денсаулық сақшыларының көлігіне қарай жүгіргенін теледидардан да көрдік. Қауіп төндіргенін білдік. Қарапайым адам ешуақытта дәрігерлерге шабуыл жасамайтыны анық. Оның үстіне оның қиналып жатқан адамға бара жатқанын көріп тұрса. Дәл осы күндері қауіп-қатер медицина мамандарына шындап төнді. Бірақ олар сырқаттың шақыртуына бармаймын деген жоқ. Қалада тек «Жедел жәрдем» көліктері ғана жүрді. Яғни, көшені жаулаған бүлікшілердің назарына солар ілікті. Лаңкестермен бетпе-бет келді. Қауіпті түндерде де дәрігерлер медициналық міндеттерін тоқтатпады.

Ол жөнінде шұғыл медициналық көмек қызметінің дәрігері Эльмира Насырова: «Өмірдің қайнап жатқанын сезіну, арасында көз қуантып жүру де бақыт екен ғой. Әншейінде балаларын балабақшаға апара жатқан, жұмысқа асыққан, білім мекемелерінің жанында жиналып, шаттана күлген жастарды көруші едік. Ал сол күні ел көшіп кетіп, біз жұртта қалғандай сезіндік. Көшеде кетіп бара жатып кеудеме өксік тығылды. Көліктің жүргізушісі бәрі жақсы болатынын айтып, бұрынғы өмірге қайта келетінімізге сендіріп, басу айтты. Оған қауіп төнген кездерде мен «батырлық танытамын». «Бізге ешкім тиісе қоймас, сырқатты денсаулық сақтау мекемесіне аман жеткіземіз», – деп дем беріп отырдым. Ол күндері көшеде біздің медициналық көліктер ғана жүрді. Онда да машинаның фарын жақпау, жылдамдықты 40-тан асырмау, керек болса, құқық қорғаушыларға екі қолыңды көтеріп, машинада лаңкестің жоқ екені жайлы құпия белгі беріп жүру тапсырылды. Солай болды да. «Қиын күндердегі өлі тыныштықтан кейін көшеде адамдар азайған сәттен қорқатын болдым. Мұны медицина тілінде фобия дейді. Қазір барлығы орнына келсе де тұйықталған көшелерге барғанда аяғым дірілдеп, мазам кетеді. Мұның да өз себебі бар. Бір оқиға қорқуыма негіз болды. Бірақ құқық қорғаушылардың талабы бойынша әзірге ол оқиғаны жарияламауым керек. Иә, мен орысша да, қазақша да сөйлей алмайтын, түрі өзге жанға медициналық көмек көрсеттім. Ол жатқан жер жабық нысан еді. Ғимаратта өзімді оққа байлап, автомат кезенгендерді көргенде өмір мен өлімнің арасында қалғанымды сезіп кірдім», – деді ол.

Әскерилерге көмек көрсетемін деп жарақат алған қарапайым жұртшылық та болды. Дәурен Тәліпов блокбекеттердегі әскери қызметкерлерге ыстық тамақ жеткізіп жүрген. Бірінші, екінші күндері әскерилердің ас-суын уақытында беріп, ұландардың бой жылытуына септігін тигізді. Азаматтың азаматтығы сыналар шақта елдің қорғандарына көмек қолын созды. Үшінші күні тағы да ас-су алып бара жатқанда көлігіне оқ жаудырылған. Еш амал жоқ. Қашып құтыла алмайсың. Бораған оқтың бірі Дәуренге келіп тиіп, қан саулайды. Оқ қабырға тұсына тиген екен. Сырқат көпсалалы ауруханаға жеткізілген. Нақты жасалған емнің нәтижесінде қан тоқтатылып, ағза қалыпқа келтірілді.

Ол күндері облыс бойынша, 538 медицина қызметкері, 206 бригада жұмыс істеген. Қақтығыс күндері 5 медицина көлігіне зақым келтірілген. Өмірзақ Ниязбековтің айтуынша, бүгінде солардың орны жаңа көліктермен алмастырылуда. «Астана моторс» компаниясы мен Нұрлан Смағұловтың жеке қоры 2 автокөлік сыйға тартқан. Айта кететін бір жайт, жаңадан келген реанимобильдің біріне Эльмира Насырова отыратын болды. Ол мінген көлікке шабуыл кезінде зақым келген.

Бүгінде қала мен дала халқы қалыпты жағдайда өмір сүріп жатыр. Көптің ертеңгі күнге деген сенімі артқан. Ел көлемінде нақты жасалған шаралар мен шешімдер аз уақытта қорқынышты сейілтті. Көшеде «Жедел жәрдем» көлігі алаңсыз қызмет көрсетуде. Мен медицинаның көлігін көрсем, ішінен Эльмира мен Кабирді іздеймін. Жаныма жақын болып кетті. 

Гүлжан ТҰРСЫН

Алматы облысы