СОҢҒЫ ҮШ КҮНДЕ 1044 АДАМ ІНДЕТ ЖҰҚТЫРДЫ. ОБЛЫС ӘЛІ "ҚЫЗЫЛ АЙМАҚТА"

Уақыты: 05.02.2022
Оқылды: 1103
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Алматы облысында соңғы үш күнде 1044 адамнан коронавирус анықталды. Эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасы бойынша Алматы облысы әлі де "қызыл аймақта".

Қазіргі таңда Алматы облысында апталық өсім 0,7%-дан 0,5%-ға дейін төмендеді, жұқтырудың тәуліктік көрсеткіші күніне 300-400 жағдай деңгейінде тұр. Алдыңғы аптамен салыстырғанда сырқаттанушылық 11,2%-ға (2981-ден 2537-ге дейін) төмендегені байқалды.

Кеше облыста 413, бейсенбіде 358, сәрсенбіде 273 адам коронавирус жұқтырған. Алматы облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, 50 жастан асқан адамдар жиі ауру жұқтырып отыр. Олар аурудың жалпы құрылымының 53,2%-ын құраған. Олардың көпшілігі коронавирус инфекциясына қарсы вакцина алмаған. Еңбекке қабілетті жастағы адамдардың 24,7%, балалар мен жасөспірімдердің 22,1% кеселдің шырмауына іліккен.

Алматы облысында соңғы мәлімет бойынша 1 025 717 адам вакцинаның бірінші компонентін алды. Оның 79 пайызы немесе 944 354 азамат 18 жастан асқандар. 81 363 азамат "Комирнати" вакцинасын ектірді. Вакцинаның екінші компонентін 909 392 тұрғын алып үлгерді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"