"ЕСТЕН ТАНА ЖАЗДАДЫҚ". ТАЛҒАРДА ЖАППАЙ ДОНЕРДЕН УЛАНҒАНДАР ТІРКЕЛДІ

Уақыты: 05.02.2022
Оқылды: 1178
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Талғар ауданында астан жаппай уланғандар тіркелді. Олардың бәрі ауруханада ем қабылдаған. "Алматы" телеарнасының мәліметінше, уланғандар ішінде 6 бала бар.

Уланғандардың ең кішісі 1,5 жаста. "Олардың жағдайы тұрақты, бірақ салдары әлі де толық кеткен жоқ» дейді дәрігерлер. "Бәрі осы жерден емін алып, үйлеріне жіберілді. Бізде шұғыл бригада науқастарды үйлерінде қарап, дәрі-дәрмектерін беріп тұрады. Әр вирустық аурудың өз кезеңі бар. Біреу 2-3 күнде жақсы болса, енді біріне 2 апта қажет болуы мүмкін", - дейді Талғар аудандық орталық ауруханасы бас директорының орынбасары Тимур Қуатов.

Уланған тұрғындар ас ішкен дәмханадан өтемақы талап етпекші. «Бесағаштағы бұл орын бүгін денсаулығымызға кері әсерін тигізді, ертең қанша адамға зияны тиерін кім білсін?» - дейді зардап шеккендер.

"Үйге келе салып, баламның жағдайы нашарлады. Іші ауырды, жүрегі айныды. Бір сағаттан кейін менің өзімде де солай болды. Бірден "Жедел жәрдем" шақырдық. Тез әрекет етпегенде, не боларын ойлаудың өзі қорқынышты", - дейді Бесағаш ауылының тұрғыны Мәриям Соскова.

«Талғар тас жолының бойындағы «Чиль Сон» дәмханасынан 4 донер алып, үйге келдім. Жегеннен кейін-ақ ауыра бастадық. Өзім, әйелім, қызым, бәріміз естен танып қала жаздадық», – дейді Бесағаш ауылының келесі бір тұрғыны Хасен Сексенбай.

Уланған азаматтар жергілікті полиция басқармасына арыз жазып қалдырған. Көпшілік мұндай жағдай қайталанбауы тиіс деп талап қойып отыр. "Аталған фактіге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 304-бабы бойынша іс қозғалды. Сараптама үшін керекті сараптамалар жасалды. Істің мән-жайы әлі де анықталып жатыр", - деді Алматы облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің ресми өкілі Әбілтай Әбенов.

Дәмхананың иесі жұмыс істеп келе жатқан 3 жылдан бері мұндай жағдай бірінші рет болып отырғанын алға тартты. Тексеру жұмысы аяқталмайынша, ештеңе айта алмаймын деген қожайын етті қаладағы түрік компаниясынан алатынын айтқан.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"