СҮЙІНШІ! ПАНФИЛОВ АУДАНЫНДА ЕКІ ҚЫЗ, БІР ҰЛ - ҮШЕМ ДҮНИЕГЕ КЕЛДІ

Уақыты: 11.02.2022
Оқылды: 1520
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасында дүниеге келген үшем үйіне шықты. Аталған перзентханада 26 қаңтар күні Панфилов ауданының тұрғыны, 29 жастағы Гунчигүл Мұхамет екі қыз және бір ұл баланы дүниеге әкелген болатын.

Екі қыз бала 2145 және 1470 г салмақпен туған. Ал ұл бала 2050 г салмақта дүниеге келген. Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасының директоры Эльмира Ахметова үшемді анасы жүктіліктің 34-ші аптасында босанғанын айтты.

- Балалар кесіртілігі арқылы дүниеге келді. Перзентханада екі апта бойы бақылауда ұстадық. Үшем - Тайыповтар отбасының тұңғыштары. Қазір үшемнің  де, анасының да жағдайы қалыпты, - деді аурухананың бас дәрігері Эльмира Ақылбекқызы.

Панфилов аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Марат Әбдіғалымов үшемдерге қажетті медициналық көмек көрсетілетінін айтты.

- Үшемдердің күтіміне медицина қызметкерлері көмек көрсетеді. Учаскелік дәрігер балалардың денсаулығын бақылауда ұстайды. Сонымен қатар, үшемдерді балаларға арналған тамақпен қамтамасыз ететін боламыз, - деді ауданның бас дәрігері.

Айта кетейік, Алматы облысында 2021 жылы 355 егіз бала, 2 үшем дүниеге келген еді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"