АҚСУ АУДАНЫНДА БАЛА ТУУ КӨРСЕТКІШІ АРТЫП, ӨЛІМ-ЖІТІМ АЗАЙЫП КЕЛЕДІ

Уақыты: 13.02.2022
Оқылды: 1327
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Тәуелсіздікке қол жеткізгенімізге отыз жылдан асты. Бұл – тарих үшін, әрине, қасқағым сәт. Ал елдің дамуы тұрғысынан алғанда ұзақ уақыт. Дегенмен, еліміздің медицина саласы аяқтан тұрып қана қоймай дамыды. Осы орайда Ақсу өңірінің медицинасы да жылдармен бірге өтіп, жемісті жетістіктерге жетті деуге болады.

Тәуелсіздік алған жылдары аудандық денсаулық сақтау саласында көптеген оң өзгерістер орын алды. Мәселен, тоқсаныншы жылдары аудан бойынша «Жедел жәрдем» көлігінің саны бесеу болса, 2004 – 2010 жылдарда тағы 26 көлікпен қамтамасыз етілді. Жыл соңында тағы 2 «Нyundai» санитарлық автотранспорты және 1 «IVECO» реанимобиль алынып, өңір тұрғындары үшін қызмет көрсетуде. Сонымен қатар, 2000 жылы ауданға қарасты Сағабүйен, Арасан, Қопа, Еңбек, Ащыбұлақ елді мекендеріндегі жабылып қалған медициналық ғимараттар қайтадан сатып алынып, іске қосылды. Матай, Суықсай ауылдық емханасы, Қазақстан, Сағакүрес, Ақтоған, Егінсу ауылдарында жаңадан медициналық ғимараттар салынды. Қызылағаш дәрігерлік амбулаториясының ғимаратына күрделі жөндеу жүргізілді. Аудандық орталық аурухана да күрделі жөндеуден өткізілді. Арасан, Жаңалық, Қаракөз, Сағабүйен, Көкжайдақ, Құрақсу, Көшкентал дәрігерлік амбулаториялары, Қызылту, Кеңжыра, Есеболатов, Ақсу, Ойтоған дәрігерлік амбулаториясы мен аудандық орталық емханаға да күрделі жөндеу жұмысы жасалды.

Ал 2008 жылы ауруханаға облыс көлемінде телемедицина аппаратурасы қосылса, дәл осы жылы заман талабына сай жаңа үлгідегі медициналық құрал-жабдықтар алынып, нәтижесінде салмағы 500-1000 граммға дейін туған жеті бірдей шақалақ қатарға қосылды. Ауданға бірнеше жыл көлемінде «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша 25 жас дәрігер, 43 орта буын маман келді. Олардың бәрі де көтерме қаражат және тұрғын үйлермен қамтамасыз етілді. Медицина қызметкерлерінің жұмысын жандандыру мақсатында мекемеге жаңа технологиялар жеткізілді. Бұл салаға бөлінер қаржы көлемі де арта түсті. Осының нәтижесінде, халыққа қызмет көрсету сапасы өсіп, әлеуметтік маңызы бар аурулар көрсеткіші төмендеді. Жылдан-жылға бала туу өсіп, өлім-жітім азайды. Аудан көлемінде жыл санап денсаулық сақтау саласының материалдық-техникалық базасы нығайтылып, арнайы бағдарлама бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде.

Аудандық аурухананың бөлімшелері мен емхана кабинеттері, ауылдық емханалардың барлығы компьютермен жабдықталып, орталық ғаламторға қосылды. Сонымен қатар, техникалық база да жаңартылды. Науқастардың облыс және институт мамандарынан кеңес алуы үшін арнайы телемедицина жұмыс істейді. Емханада УДЗ, ФГДС тексерістері жүргізіліп, 1-17 жас аралығындағы балалар мен жүкті әйелдер, йод және темір тапшылығына қарсы дәрілер мемлекет тарапынан тегін беріліп келеді. Мұнымен қоса жүрек-қантамыры сырқаты бар науқастар үшін 50 пайыздық жеңілдікпен дәрілер беріледі.

Жыл сайын 1– 17 жас аралындағы балалар, жүрек-қантамыр ауруымен ауыратындар, скринингтер өткізіліп отырады. Тағы бір тілге тиек етерлік дүние, орталық ауруханаға заманауи маммографиялық және флюорографиялық «AR-Mammo», 12ФК1 «Флюарком» рентген аппараттары, біраз құрылғылар алынып, орнатылды. Электрондық медициналық құжаттар бойынша емханада арнайы бұрыш ашылып, тұрғындарға «EGOV» порталын толықтай түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Жоспарланған бағдарламамен медицина саласына бөлінген қаржы ауқымы жылдан-жылға көбейіп, материалдық-техникалық базасы нығайтылды.

Ел ішіндегі коронавирустың өршуіне байланысты ауруханадан арнайы сүзгі кабинеті ашылды. Осы дерттен емделіп шыққан науқастар үшін күндізгі бөлімде бес науқасты оңалтуға жағдай жасалды. Жаңа медициналық жабдықтармен қамтамасыз етіліп, науқастарға барынша қызмет көрсетілуде.

Өздеріңіз жақсы білетіндей, елімізде денсаулық сақтаудың бірыңғай ұлттық жүйесі енгізілді. Медицина қызметкерлерінің жалақысын көтерді. Мамандығын жетілдіруге жақын және алыс елдердің тәжірибесін игеруге мүмкіндіктер ашылды. Бүгінгі таңда аудан медицинасының жетістігі көп. COVID-19 пандемиясына байланысты медицина саласы және қызметкерлеріне қыруар қаржы бөлініп, ZOOM, Vebinar жүйесі арқылы тәжірибе алмасу өткізілуде.

Соңғы жылда елімізде енгізілген Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бойынша да ауданда біраз жұмыс атқарылуда. МӘМС жүйесі – емделу мен ем жүргізу үшін тиімді тәсіл. Осы себепті жылдар бойы қаржы тапшылығынан шешілмеген мәселелер мен медицина мекемелерінің материалдық мәселелері, халық денсаулығын жақсартудағы қолжетімсіз болған дүниелердің түйіні тарқатылды. Ауданда халыққа қалтқысыз қызмет көрсетіп отырған 41 мекеме бар. Оның ішінде: бір аудандық аурухана, екі ауылдық аурухана, 14 дәрігерлік амбулатория, 24 медициналық пункт жұмыс істейді.

Өңір бойынша барлығы 195 тәуліктік стационар және 125 төсектік күндізгі стационар бар. Жалпы, аудандық аруханада 738 адам қызмет етеді. Оның 73-і дәрігер, 351-і орта буын медбикелер. Ал, 2021 жылдың 27 қыркүйектегі 365-ші бұйрығымен аудандық орталық ауруханасының директорлық лауазымына Салтанат Мықтыбаева тағайындалды. Медицинада өзіндік қолтаңбасы, айрықша орны бар білікті дәрігердің басқаруымен аудандық аурухана одан әрі жандана берері сөзсіз.

Сәрби ӘЙТЕНОВА

Ақсу ауданы

Алматы облысы