СҮТ ӨНІМДЕРІН САТЫП АЛАР КЕЗДЕ НЕНІ ЕСКЕРУ КЕРЕК? МАМАНДАР ЖАУАБЫ

Уақыты: 13.02.2022
Оқылды: 2273
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Сүт - адам үшін табиғи ерекше тағам, құрамында көптеген пайдалы заттар бар. Сүт - күнделікті сұранысқа ие өнім, сондай-ақ, жоғары эпидемиологиялық мәні де бар.

Қазіргі уақытта дүкен сөрелерінде сүт өнімдерінің үлкен ассортименті бар. Көп жағдайда тұтынушы сүт майын алмастырғышы бар сүт өнімін сатып алғанда, нағыз қаймақ, айран немесе сары май сатып алып тұр екенмін деп ойлайды. Бұл ретте оларды сатып алуға кететін ақша құны да аз емес. Осылайша, әралуан өнімдердің ішінен өзіңізді сапасыз, қаупі жоғары сүт өнімдерін сатып алудан қалай қорғай аласыз? Ол үшін сізге таңбалауына мұқият қарауға кеңес береміз. Сүт өнімдерінің атауы мен құрамына ерекше назар аударыңыз.

«Сүт және сүт өнімдерінің қауіпсіздігі туралы» (КО ТР 033/2013) техникалық регламенттің талаптарына сәйкес, егер сүт өнімдерін өндіру кезінде 50%-дан аспайтын мөлшерде сүт майын алмастырғыш пайдаланылса, онда мұндай өнім «құрамында сүт майының алмастырғышы бар сүт өнімі» деп аталуы тиіс.

Мысалы, егер сүт өнімі қаймақ технологиясымен өндірілсе және оны өндіруде сүт майын алмастырғыш қолданылса, онда мұндай өнімді «қаймақ» деп атауға болмайды. Бұл «қаймақ технологиясы бойынша өндірілген құрамында сүт майының алмастырғышы бар сүт өнімі». Бұл таңбалауда көрсетілуі керек. Сүт майын алмастырғыштың құрамында өсімдік майлары болса, онда өнімнің қаптамасында «құрамында өсімдік майлары бар» деп көрсетілуі тиіс.

Айран зеңдерінен дайындалған ашытқы арқылы өндірілген өнім ғана айран деп аталатынын білу маңызды! Егер өндіріс кезінде ашытқының басқа түрлері пайдаланылса, онда өнімді айран деп атауға болмайды, бұл – «айран өнімі».

«Сары май» - бұл сиыр сүтінен жасалған май, онда майдың массалық үлесі кем дегенде 50 пайызды құрайды, яғни, май негізінен пастерленген кілегейден жасалады. Сары майдың майлы фазасында тек сиыр сүтінің сүт майы болуы керек.

Егер сары майдың таңбалауында құрамында өсімдік майлары бар деп көрсетілсе, онда бұл «кілегейлі-өсімдік спреді» болып табылады. Егер сіз өнімнің таңбалауында «өсімдік-кілегейлі спред» немесе «өсімдік-майлы спред» деген сөзді оқысаңыз, бұл мүлдем сүт өнімі емес, май өніміне жатады. Сондай-ақ, сөрелерде «қант қосылған қоюландырылған өсімдік өнімі» деген жазуы бар «қоюландырылған сүттерді» көруге болады. Мұндай өнімдердің құрамында бірде-бір сүт компоненті жоқ. Көбінесе, мұндай өнімдер өсімдік майларынан, соя және (немесе) күріш ұнынан дайындалады. Сүт өніміне жататын қоюландырылған сүтті артық ылғалды буландыру және қант қосу арқылы пастерленген сиыр сүтінен дайындайды.

Барлық баланың сүйікті тағамы – балмұздаққа тоқтала кетсек. Табиғи балмұздақ сүт пен кілегейден қант және хош иістендіргіштерді қосу арқылы дайындалады. Егер оны өндіру кезінде сүт майын алмастырғыш пайдаланылса, онда тұтынушы қаптамасының алдыңғы жағында бірдей шрифтпен – «сүт майын алмастырғышы бар балмұздақ» деп жазылуы керек.

Құрметті тұтынушылар, сүт өнімдерін таңдау кезінде сізге таңбалау көмекке келетінін тағы да еске салғымыз келеді.

Алматы облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті